Денсаулық министрі карантин мерзіміне қатысты нақты жауап берген жоқ

4067

Симптомсыз науқастардан тест алу қажет емес.    

Денсаулық министрі карантин мерзіміне қатысты нақты жауап берген жоқ

Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой карантин мерзіміне, індетті емдеу шараларына сондай-ақ симптомсыз ауырған адамдардың ерекшелігіне тоқталып, мәлімдеме жасады. 

Алексей Цойдың айтуынша, коронавируспен симптомсыз ауырған адамдар індет таратушы болуы мүмкін

"Коронавирус инфекциясы симптомсыз өтіп жатқан науқастардың көпшілігі ауырмайды. Олар індетті таратуы мүмкін, бірақ 14 күннен кейін сауығып кетеді. Ештеңе мазаламайтын адамдардан тест алудың қандай мәні бар? Біз негізгі басымдық пен қаржыландыруды ең бірінші кезекте, көмекке мұқтаж болып отырған науқастарға жұмсаған дұрыс деп санаймыз", – деді Алексей Цой.

Министрдің мәлімдеуінше, биыл өкпе қабынуына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 50% жоғары.

"Соңғы 6 айда өкпе қабынуы бойынша 1 172 өлім тіркелді. Өткен жылдың сәйкес кезеңінде 1 780 адам қайтыс болған еді. Бұл  – жалпы сипаттағы өкпе қабынуы. Тұтастай  алғанда биыл өкпе қабынуына шалдығу өткен жылмен салыстырғанда 50% жоғары болып тұр"  – деді еліміздің бас дәрігері. 

Алексей Цой қазақстандықтарды қолдан жасалған өкпені жасанды желдету аппараттарын пайдаланбауға шақырды

"Қолдан жасалған құрылғыларға барынша сақтықпен қараған жөн. Аурудың асқынуына алып келуі мүмкін тәуекел барлық уақытта болады. Өкінішке қарай, мұндай фактілер тек бізде ғана орын алып отырған жоқ. Сондықтан азаматтарымызды сақтандыруымыз керек", – деді Алексей Цой.

Сөз арасында министр карантин мерзімі ұзартылуы немесе қатаңдатылуы мүмкін екенін жариялады. 

"Қазір біз аралық нәтижелерді қарап отырмыз. Оның тиімділігі екінші аптаға қарай немесе нақты бағалау жүргізгеннен кейін белгілі болады. Карантин аяқталғаннан кейін оның ұзартылатыны немесе шаралардың қатаңдатылатыны нақтыланады және жарияланады", – деді Алексей Цой.

Айтпақшы денсаулық сақтау министрлігі халықты қызықтыратын мәліметтерді бүкпесіз жариялауды жоспарлап отыр екен. Бұл туралы министр: "Жалпы, ештеңе жасырылып қалып жатқан жоқ. Өкпе қабынуына шалдыққандар санын да көрсетеміз. Таяу уақытта тұрақты негізде, нақты мәліметтерді ұсынып отыруды көздеп отырмыз. Меніңше, деректерді жария етуге ешқандай кедергі жоқ. Тек барлығы шынайы ауқымды түсінуі тиіс", – деді Алексей Цой. 

Министр коронавирустың салдарына қатысты барлық мәлімет министрліктің сайтында немесе ақпарат көздерінде жарияланатынын айтты. Оның сөзінше бұл іс келесі аптадан бастап жүзеге асырылады. 

 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу