Депутат зейнетақы қорының жұмысына неге шүйлікті

1927

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры мемлекеттік болғанымен жабық құрылым. 

Депутат зейнетақы қорының жұмысына неге шүйлікті

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов Үкімет басшысы мен Ұлттық банк төрағасына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Зейнетақы қорының активтері, бірінші кезекте, қазақстандықтардың өз кірістерінің 10%-ы мөлшеріндегі аударымдарынан тұрады. 2023 жылдан бастап оларға жұмыс берушілерден әрбір жұмыскері үшін 1,5% мөлшеріндегі қосымша жарналар қосылады. Зейнетақы – қайырымдылық емес, адамның лайықты қарттық шаққа деген еңбекпен тапқан құқығы", – деді халық қалаулысы. 

Депутаттық сауалда айтылғандай, 2022 жылдың 7 айында БЖЗҚ активтерінің кірістілігі жылдық 9,6%-ды, ал жылдық инфляция 16,1%-ды құрады. Депутат бұл зейнетақы жинақтарының шынайы кірістілігі теріс екендігін көрсететінінің белгісі екенін алға тартты. 

"БЖЗҚ-ның тиімді инвестициялық стратегиясы жоқ деп нық сеніммен айтуға болады. БЖЗҚ активтерінің 44%-ы Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған және БЖЗҚ-ның негізгі кірістілігі қайтадан бюджет есебінен қамтамасыз етіледі. Шын мәнінде, олар "масыл болып, бюджетке салмақ салып отыр", себебі басқа құралдар бойынша да іс жүзінде кірістілік жоқ", – деді Аманжан Жамалов.

Халық қалаулысының айтуынша, БЖЗҚ-ның басқаруында Қазақстанның жылдық бюджетіне тең сома бар. 1 тамыздағы жағдай бойынша қордағы сома көлемі 14 трлн теңгені құраған.

Аманжан Жамалов бұл қордың мемлекеттік болғанымен, жабық құрылым болып отырғанын, "қаржыгерлердің шағын тобы халық ақшасын басқаратынын" атап өтті.

Мәжіліс депутаты есеп комитеті БЖЗҚ-ның соңғы жылдардағы шығыстарының негізділігін тексеріп, Үкімет жалғыз акционер ретінде қордан 211 млрд теңге болатын бөлінбеген пайданы дивиденд ретінде бюджетке алып, оларды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағыттауды ұсынды. Сонымен қатар қорды Үкіметтің тікелей қарамағына немесе Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басқаруына беру туралы мәселені де көтерді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу