Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов Қазақстанда дизель отынына байланысты қалыптасқан жағдайы түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның айтуынша, 2021 жылы 4,9 млн тонна дизель отыны өндіріледі деп жоспарланған. Бұл 2015 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болуы керек еді.
"Биылғы жылы өндіріске Атырау мұнай өңдеу зауытының жоспардан тыс тоқтауы әсер етті, соның салдарынан 239 мың тонна дизель отыны аз өндірілді. Осы жылы тамыз-қыркүйек айларында дизель отынына сұраныс жоғары болды – тамызда шамамен 520 мың тонна және қыркүйекте дәл осындай көлемде. Бұған Қазақстанның ішкі нарығындағы төмен баға ықпал етті. Дизель отынының бағасы төмен болғандықтан, тамыз айының басынан бастап жанар-жағармайдың осы түрінің қоры күрт төмендей бастады. Егер тамызда бізде шамамен 250 мың тонна дизель қоры болса, қыркүйектің аяғында 200 мың тоннаны құрады", – деді вице-министр.
Жаз бойы баға айырмашылығына байланысты сырттан жанармай өте аз әкелінген, небәрі 26 мың тонна. Ал жалпы еліміз Ресейден 500 мың тоннаға дейін дизель импорттай алады.
Айта кететіні 2021 жылдың 9 айында дизель отынының орташа бағасы литріне 188 теңгені құраған, бірақ кейінгі уақытта баға күрт қымбаттады. Тіпті, кей өңірлерде жанармай жетіспеушілігі байқалды. Қазірдің өзінде аймақтарда баға айырмашылығы әр алуан. Литріне 208 теңгеден 330 теңгеге дейін барады. Сонымен қатар бұл отынның жазғы және қысқы деп екіге жіктелуіне байланысты. Әлбетте, қысқы дизель қашанда қымбаттау. Соған қарамастан Қазақстанда жаздың аптабында да аталған отын бағасы 200 теңгеден түспеді.
"Біз сырттан импорт тұрақтанған сайын баға да тұрақтайды деп күтеміз", – деп ақталғандай болды вице-министр.
Бұл ретте Әсет Мағауов Энергетика министрлігі ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету үшін жыл ішінде түрлі шаралар қабылдағанын ескертті.
"Дизель отынының экспорты сәуірден бастап тоқтатылды. "Атырау мұнай өңдеу зауыты" ЖШС-дағы жоспарлы жөндеу 2022 жылға ауыстырылды, "Атырау МӨЗ" ЖШС мен "ПКОП" ЖШС қосымша мұнай көлемін өңдеді, "ПМХЗ" ЖШС-де мұнай өңдеудің бастапқы кешенін жөндеу мерзімі кейінге шегерілді", – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар вице-министр елге импортталатын жанармай көлеміне тоқталды. Оны сөзіне сенсек, қыркүйекте 17 мың тонна дизель сырттан әкелінсе, 8-қазанға дейін шекарадан 32 мың тонна дизель отыны өткен.
"11 қазандағы жағдай бойынша дизель отынының жалпы қалдығы 215 мың тоннаны құрайды, оның ішінде мұнай базаларында 123 мың тонна. Қабылданған шараларды ескере отырып, сонымен қатар қазан айында дизель отынын өндіру 330 мың тоннаны құрайтынын ескере отырып, импорт 80-100 мың тоннаға дейін артады. Осылайша біз ішкі нарықтағы жаңдай тұрақталады деп жоспарлап отырмыз. Бір ай бұрын мұнай қоймаларында 128 мың тонна қор болған. Яғни сұраныстың артқаны байқалмады", – деді Әсет Мағауов.
Вице-министр дизель отынының қолда бар қорларының жедел мониторингі үшін Энергетика министрлігі елдің барлық мұнай базаларын автоматты түрде өлшегіштермен жабдықтау қажеттілігі туралы мәселе көтерілгенін атап өтті. Оның деректері жанармай мен отын деңгейін нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде жанармай тапшылығын алдын ала біліп отыру мүмкіндігі болады.
Сонымен қатар ол Қаржы министрлігіне Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Қаржы мониторингі агенттігі жасаған келісім аясында қолдан жасалған дизель отыны тапшылығын тудыру бойынша ірі мұнай қоймаларына қатысты тексеру жүргізу мәселесін пысықтауды ұсынды.
Қорытындылай келе ведомство өкілі алдағы айларда бағаның қандай болатыны туралы болжамын ортаға салды. Нарықта жанармайдың литрі қанша теңгеге дейін құбылатынын болжап білу мүмкін еместігін айтып, баға 208 теңге мен 330 теңге аралығындағыдан төмендейді деген тоқтамға келді.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!