Доллардың күйреуіне қанша күн қалды?

6739

Алматыға қоныстанған ресейлік қаржыгер, бизнес-кеңесші, аудитор Дмитрий Потапенко экономикадағы ахуал, АҚШ валютасының "күйреуі" және Қазақстанға көзқарасы туралы айтып берді.

Доллардың күйреуіне қанша күн қалды?

– Таңнан түнге дейін ресейлік пропагандамен қоректенетін қазақстандықтар арасында да: "Таяу күндері доллар күйрейді, ал Ресей рублі әлемдік валютаға айналады" деген жаңсақ пікір кең таралған. Салдарынан әлеуметтік желілерде, мессенджерлерде осындай кеңессымақтар жиі бас көтеріп, елді дембіл-дембіл дүрліктіріп тұрады. Елде рубльге деген сұраныс былтырдан бері тұрақты түрде әрі қарқынды өсуде. Доллар шынымен күйрей ме? Күйресе, қанша күн қалды?

– Доллардың күйрейтіні туралы Кеңес одағы да өз пропагандасында жиі сөз ететін. Жасым 50-ден асты, осы уақыт бойы тек осы туралы естіп келемін. Кеңес заманында 1 доллар 64 копейкаға теңелген бағам болды. Мемлекеттік насихат та сонда рубльді әлемдегі ең мықты валюта деп атайтын. Артынша КСРО құлады, кеңестік рубль жоғалды, ал доллар қалды.

Қазір Ресей рублі тірі ақшадан гөрі ескерткішке көбірек ұқсайды. Оны РФ орталық банкі қандай айырбас бағамының тұғыр-постаментіне орнатса, ол сонда тұрады. Мысалы, бүгінде Ресейде 1 доллар 60 рубльге тең. Әрине, алдын ала өтінім берсеңіз, оның өзінде қолма-қол валюта түссе, сонда ғана осы бағаммен шамалы сатып алуға болады. Ал егер айталық, 10 мың доллар алуды қаласаңыз, оны банктер мен айырбастау бекеттерінен таба алмайсыз. Яғни қазақстандықтар үшін қалыпты нәрсе ресейліктер үшін арманға айналды.

Жалпы доллар күйресе, оны әлем жұртшылығы бірден сезеді. Себебі онда бүкіл жаһандық экономика жермен-жексен болады. Қазіргі дүниежүзілік қаржы жүйесі, мемлекеттер арасындағы қатынастар долларға құрылған. Ал рубль күйресе, оны Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты бірлі-жарым елдерден басқасы сезбеуі де мүмкін.

Жинағын рубльде ұстайтындардың қаржысын санкциялық Ресейдегі жоғары инфляция жеп қояды. Оның үстіне Ресейдің саясаты тез құбылады, болжап білу мүмкін емес. Салымды рубльде сақтаудың еш мәні, қисыны жоқ. Қаржыгерлер рубльді қиылған қағаз атайды, оған салмақты қарамайды.

Ұзақ мерзімді жинақты долларда сақтаған дұрыс. Содан соң еурода, алтында сақтауға болады.

– Қазақстан Үкіметі алдағы жылы бюджет тапшылығын өтеу үшін 5 триллион теңгеден астам қарыз алатынын мәлімдеді. Осыған орай бірқатар қазақстандықтар: "теңгені өзіміз басып шығаратын болсақ, шетелден қарыз тартудың қажеті не?" деген сұрақ қоюда. "Неге Теңге сарайы қағазға триллиондаған теңгені басып, әр отбасыға бірнеше миллионнан таратып бермейді?" деген ұсыныс та айтылып қалды. Осындай "ақылды" идея неге Үкіметтегі қаржыгерлердің басына келмейді деп ойлайсыз. Мысалы, АҚШ қалағанша доллар басады ғой?

– Доллар да құнсызданады, инфляциясы да үнемі болады. Осыдан жүз жыл бұрын, 1920 жылғы 1000 доллар сатып алу қабілеті бойынша қазір шамамен 13 мың долларға теңелер еді. Яғни осыдан-ақ оның қаншалықты құнсызданғанын аңғаруға болады. Бірақ әлемдегі өзге валюталар жаһандық резервтік валюта мәртебесіндегі долларға қатысты тұрақты құнсызданып тұрады.

Сондықтан егер АҚШ өз валютасын қаптатып басса, ол бүкіл әлемге тарап, доллар көп құнсызданбайды. Ал теңге Ресей, Түркия, Қырғызстан сияқты санаулы елде ғана сұранысқа ие болғандықтан, егер Ұлттық банк, Қазақстанның теңге сарайы басыартық триллиондаған теңгені басып шығара салса, бұл елде алапат инфляция туғызуы мүмкін.

Себебі Қазақстан шетелден өнімді теңгеге емес, долларға, еуроға тасиды. Теңгені көп басып шығарғаныңызбен, елде тауар көбеймейді. Оның орнына аз тауарды барлығы алғысы келген соң, сатушылар оның бағасын көтере қояды. ­Өйткені жұрттың бәрінің де қолында қаптаған ақша болады, ал тауарлар сонша көп болмауы мүмкін. Бір салада басталған қымбатшылық басқаларына тез тарайды. Бұл экономиканың терең күйзеліске ұшырауына соқтыруы мүмкін.  

Қазақстан, Ресей экономикасымен салыстырғанда, АҚШ экономикасы алып: ол жаһандық бірінші экономика. Сондықтан доллар – қиылған қағаз емес, әр доллардың артында Американың іргелі, өнеркәсіптік қуаты, бизнес, интеллектуалдық, табиғи және басқа да ресурстары мен қуаттылықтары тұр. Сол себепті Америка әлемді алтынмен, басқасымен еш қамтамасыз етілген қу қағаздарының астында қалдырды деген бос сөз. АҚШ-тың ұлылығы оның көп саладағы озықтығымен, жетістік, жеңістерімен қуаттанған.

Қорыта айтқанда, америкалық алып экономика жұмыс істеп тұрғанда, дүниенің төрт бұрышындағы көптеген ел долларды қабылдауын жалғастырғанда, тәуелсіз мемлекеттер өз қазынасын долларда сақтағанда, долларға еш қауіп-қатер төнбейді, нәубет келмейді.

– Бүгінде Алматыға қоныстанғаныңызды, біраз уақытыңызды Қазақстанда өткізетіңізді айтып жүрсіз. Біздің елде немен айналысасыз?

– Кәсіпкерлер, компаниялар, немесе қалталы жеке тұлғалар кеңес сұрап жүгінеді. Соларға шағын командаммен өзге елдерде, соның ішінде Қазақстанда қалай іс бастауға болатынын түсіндіреміз, капиталды қауіпсіз шығарудың, трансшекаралық аударымдардың жолы мен жөнін көрсетеміз. Бұл тұрғыда қазақстандық ірі бір банкпен серіктестікте жұмыс істеп жатырмыз.

Қазақстанға капиталын әкетіп жатқан ресейлік жеке және заңды тұлғалар көп. Бірақ ол қаражаттың салмақты бөлігі елде қалмай, әрі қарай әкетілуі мүмкін. Дегенмен осының өзі Қазақстан экономикасына игі ықпал етеді.

Ресейде қат заттарды, жабдықтарды импортпен қалай алғызуға болатыны жөнінде ақыл сұрайтындар да бар.  

Біз инвесторлардың пулын түздік, оған ресейлік және РФ-да істеген шетелдік бизнес өкілдері кірді. Олардың кейбірі халықаралық және ресейлік нарыққа қауіпсіз шыға алу үшін Қазақстанда қалуға ниетті.

Алматыда тоқтаймын, бұл шаһар маған ұнайды. Халық кеңпейіл, қонақжай. Көшеде көмек сұрай қалсаң, елпілдеп дайын тұрады. Үйіне мейман болып кетуге шақырғандар болды. Мені таныған шығар десем, кім екенімді шын білмейді екен. Мұндай мейірбандылық ресейліктер үшін үйреншікті емес, тосын көрінеді. Әйтпесе, Қазақстан қалаларының көшесінде көріп, танып, өз бағдарламаларымда пайдалы кеңестер бергенім үшін алғыс айтатын жазылушыларым да бар.

– Қазақстандықтарды қатты қызықтыратын тақырыптардың бірі – теңгенің құнсыздануы. Қалай ойлайсыз, девальвация бола ма?

– Теңге биыл базалық, басты ставкалардың жаһандық дүрк көтерілуін бастан өткерді. Төтеп бере алды. Қазақстанда да, дүниежүзінде де инфляция тым жоғары болып тұр. Бірақ қара алтын бағасы да жақсы, жоғары. Бұл Қазақстанның валютасына демеу болады. Бұл ретте білуімше, Қазақстанның Ұлттық банкі өткен айда интервенция да жүргізбеген. Қазақстанның сыртқы сауда балансы профицитті болып қалуда.

Бірақ теңгеге әлемдік факторлар қысым жасауын жалғастырады. АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің төрағасы соңғы отырыста басты ставка бұрын күтілгеннен де жоғары мәнге жетуі мүмкін екенін білдірді. Мұндай жағдайда басқа мемлекеттердің валютасы долларға қарағанда арзандайды.

Бұған қоса, теңге бағамына рубль да әсер етеді. Ал Батыс биылғы 5 желтоқсаннан бастап, ресейлік мұнайға, ал 2023 жылдың 5 ақпанынан – мұнай өнімдеріне бағаның жоғарғы шегін енгізбек. Нарық та бұған үн қатады. Ол реакция жеңілдеу болады деп күтілуде. Себебі бұл баға шектеуін Қытай мен Үндістан қолдамай тұр, яғни олар Ресей мұнайын өзіне бағдарлап, оны әрі қарай әлемге сататын хабқа айналмақ.

Жалпы ТМД елдерінің, өзге мемлекеттердің валютасының нығаюына немесе құнсыздануына Украинадағы соғыстың қалай өрбитіні де ықпал етуі мүмкін.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу