Дональд Трамп Джо Байденмен пікірталаста 26 рет өтірік айтқан

1893

Батыс басылымдары дебатта Джо Байден сәтсіздікке ұшырағаннан кейін билікте "агрессивті паника" басталғанын жазуда.

Дональд Трамп Джо Байденмен пікірталаста 26 рет өтірік айтқан Фото: livejournal.com

Америкалық және әлемдік ақпарат құралдарының хабарлауынша, көптеген сарапшылар, сондай-ақ қарапайым америкалықтар АҚШ Президенті Джо Байден алдағы сайлаудағы басты қарсыласы Дональд Трамппен бірінші дебатында жеңіліс тапты деп санайды.

Кандидаттар биылғы 5 қарашадағы президенттік сайлау қарсаңында, 10 қыркүйекте тағы бір дебат өткізулері тиіс. Алайда қайта кездесер-кездеспесі белгісіз. Кейбір америкалық сарапшылар, саясаткерлер осы дебаттан кейін Демократиялық партияға өзінің басты кандидатын шұғыл ауыстыруға кеңес беріп жатыр.

Би-Би-Сидің жазуынша, әбден шау тартқан Байденнен ешкім көпті күткен жоқ, бірақ ол осы азғантай үмітті де ақтамаған.

Сарапшылардың айтуынша, АҚШ әкімшілігі іс басындағы Президент біріншіден, сахнада, мінбер алдында құлап қалмай, тік тұра алса, екіншіден, қойылған сұраққа нақты, қарапайым жауап берсе, жеткілікті деп санаған. Одан ешкім де елді үйіріп әкетер жалынды ұрандарды, шешендік өнерімен шаршы топ алдында жарқылдауды талап етпеді.

Қорытындысында, сарапшылар назар аудартқандай, Джо мырза дебат үстінде не ойын жинақтай алмады, не сөз таба алмады, әйтеуір лағып кетті.

Мысалы, жүргізуші одан абортқа тыйым салу мәселесіне қатысты сұрақ қойды. Бұл – Демократиялық партияны жақтаушылардың қатарын ұлғайтып жатқан, оң жамбасқа келетін, ең қолайлы тақырыптың бірі. Өйткені оның қарсыласы Трамп пен Республикалық партия әйелдердің жасанды түсік жасатуына қатаң тыйым салуды жақтайды.

Сондықтан Байден демократиялық мемлекетте әрбір адам өз өмірін қалай ұйымдастырам десе де құқылы екенін айтудың орнына, миграция тақырыбына тез ауысып кеткен. Мигранттардың зорлығына ұшыраған әйелдерге көмек туралы айта бастады. Көші-қон тақырыбы, керісінше, Демпартияның рейтингін құлдырататын мәселе, америкалықтар Байденнің каденциясы кезінде Америкада заңсыз миграцияның шектен тыс белең алғанына наразы. Трамп болса, заңсыз мигранттармен қатал күресуге ниетті. Байден соның бақшасына су құйып бергендей болды.

Байденнің тосыннан сөз таппай, тосылып, ұзақ тоқтап қалуынан, қарсыласы сұраққа жауап беріп жатқанда тыныш тұра алмай, бет-аузын қисалаңдатуынан және басқа ерсі қимылдарынан оның қолдаушылары қарадай ұялып, кірерге тесік таппады.

"Сарапшылардың басым көпшілігі іс басындағы Президенттің дебатта оппонентіне қарағанда әлдеқайда нашар болғаны туралы тоқтамға келді. Трамп болса, керісінше, барынша сенімді сөйлеуге, тегеурінді көрінуге тырысты. Байденнің дебаттағы сөз сөйлеуі жоғары лауазымды демократтар үшін "дабыл қоңырауына" айналды. Бұл дабыл тынышын кетіргені сонша, олардың кейбірі Демократиялық партияға алдағы президенттік сайлауға басқа кандидатты ілгерілетуге кеңес бере бастады. Іс басындағы Президент адасып кеткен адамды елестетті, қайда тұрғанын, айналасындағылардың кім екенін еске түсіре алмай қиналған сияқты. Әңгіме барысында ол өз-өзіне келе алғанымен, Демпартия қатарында бәрібір агрессивті паника басталып кетті", – деп мәлім етті CNN саяси шолушысы Дэвид Аксельрод.

АҚШ вице-президенті Камала Харрис жан-жақтан анталай лап қойған сын шабуылынан Байденді қорғауға талпынды. Оның пікірінше, Президент сөз жүйесін, тақырыптың танабын ұзақ іздеді және дебаттың ақырғы айналымында қарқын алды.  

"Пікірсайыстың қорытындысында бүкіл америкалықтардың мүддесі үшін басқа емес, Джо Байденнің күресіп жатқаны айқын болды. Сөйлеу стилі туралы көп дауласуға болады. Сайып келгенде, алдағы сайлаудың қорытындысы және Құрама Штаттар Президентінің кім болатыны сөздің формасына емес, оның мазмұнына байланысты болуға тиіс. Бұл тұрғыдан алғанда Трампқа қарағанда контраст көзге ұрып тұр", – деді К.Харрис.

Бірақ америкалық қоғамда Камала ханымның өзі беделден жұрдай және жиі сынға ілігеді. Демек, Президентке қорған бола алуы екіталай.

Британдық Би-Би-Сидің Вашингтондағы сарапшысы Энтони Зуркер іс басындағы Президенттің жасы көптеген америкалықты мазалайтынын жеткізді. Байден былтырғы қарашада 81-ге толды.

"Оның атқарып отырған қызметіне қаншалықты сәйкес келетініне қатысты қауіп көп. Бұл дебатта одан көп нәрсе күтпеп еді, алайда ол сол аз үміттің өзін ақтамады. Ол нашар сөйледі, жиі тұтықты, біраз сөйлемінің соңын аяқтамай, жұтты. Кейде күбірлеп кетті. Оның не айтып тұрғанын түсіну қиын болды", – дейді Энтони Зуркер.

Байденнің қарлыққан, бәсең дауыспен сөйлегенінен қымсынса керек, дебаттың ортасына таман оның сайлауалды штабы журналистерге мәлімдеме таратып, "Президенттің суық тигізіп алғанын" алға тартқан. Дегенмен, оның тақырыптар бойынша материалдарды игермегені, "қуып" кетуі мұның жай ақталу екені туралы байламға негіз болды.

"Ол Ауған мәселесінде өзін-өзі тұйыққа тіреп, тығырыққа қуып тықты. Неге екені белгісіз, өз әкімшілігінің шешімімен, америкалық әскердің Ауғанстаннан асығыс, сәтсіз шыққанын өзі еске салды. Қаржы мәселесінде миллиардты миллионмен шатыстырумен болды. Бір жарым сағатқа созылған дебат бойы ол шабуылда ойнау орнына, қорғаныста жатып алды. Президент үнсіз қалған кезде ол залда әлдебір ғажайыпты байқағандай, аузы ашылып, көзін кең ашып, кірпік қақпай сілейіп тұрып қалумен болды", – деп жазады америкалық беделді Politico басылымы.

Басылым дебат жүріп жатқанда Демократиялық партия мүшелері бір бірімен апыл-ғұпыл хабарлама алмасумен болғанына назар аударды. Хабарламаның бірінде: "Оның не айтқанын түсіндіңдер ме? Бұл толық алжасу ғой?!" деп жазылыпты.

"Бұл дебатта Джо Байденге бір ғана міндет жүктелді. Оның қарттық жасы оған президенттік функцияларды орындауына еш кедергі келтірмейтініне америкалық сайлаушының көзін жеткізу. Бұл міндетті орындау да оның қолынан келмеді", – деп қапаланады Монтана штатының бұрынғы сенаторы, партия бойынша Байденнің үзеңгілесі Клэр Маккаскилл.

Дебатты ұйымдастырған CNN телекомпаниясы жүргізген экспресс-сауалнама көрсеткендей, америкалықтардың 67%-ы дебатта Трамп жеңді деп есептейді. Тек 33%-ы ғана Байденді жеңімпаз деп атаған.

Дебаттан кейін телеарна алаңында жиналған Демпартияның сарапшылары мен саясаткерлері мұндай масқарадан кейін "Президентті келесі сайлаудан кандидатурасын алып тастауға" көндіру керектігін ашық айтты. Өйткені партияішілік праймеризде Джо Байден жеңді. Тиісінше, оны енді ешкім де сайлау сайысынан алып тастай алмайды. Тек үміткердің өзі кандидатурасын алып тастап, сайлаушылары мен таңдаушыларын өзге үміткерге дауыс беруге шақыра алады.

Дебаттан соң ерлі-зайыпты Джо және Джилл Байдендер Waffle House-ке кіріп, журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді. Ақпарат құралдары Президенттің де, бірінші ханымның да жүзінен шаршау белгісі анық байқалғанына мән берді.

"Бірқатар демократтар сізді жарыс жолынан өз еркімен шығуы керек деп үндеуде, дебаттың қорытындысына қатысты сіздің еш қаупіңіз жоқ па?" – деген сұраққа Байден бас шайқап жауап берді.

"Жоқ! Өтірікшімен дауласу қиын. New York Times Трамптың осы жолы 26 рет өтірік айтқанын есептеп шықты", – деп қысқа қайырды Джо Байден.

Бірақ Демократиялық партия өкілдері Байденді алып тастап, партияның бірыңғай кандидатын өзгертуді ойластыра бастағандықтан, сарапшылар да бұл орынға кім лайық екенін талдауға кірісті. Теориялық тұрғыдан мұны жүзеге асыруға болады, себебі, Демпартия өзінің ортақ кандидатын тек тамыздағы партиялық съезде жариялайды.

Британдық Guardian газеті Байденнің орнына сайлауға түсе алатын 6 үміткердің тізімін жариялады. 59 жасар вице-президент Камала Харрис сыртында тізімге Калифорния губернаторы 56 жастағы Гэвин Ньюсом, Иллинойс губернаторы 59 жасар Джей Притцкер, Мичиган губернаторы 52 жасар Гретхен Уитмер, Миннесотаның конгрессмені 55 жасар Дин Филлипс, сондай-ақ Огайо штатының сенаторы 71 жасар Шеррод Браун кірді. Яғни, соңғысынан басқасының бірі таңдалса, Демпартия "жастарға жол бермек".

Wall Street Journal губернатор Ньюсоммен хабарласып, Байденді ауыстыруға қаншалықты дайын екенін сұраған. Ол дәл сайлау қарсаңында кандидатты ауыстырмаған жөн деп санайтынын жеткізді.

"Біздің номинант – Джо Байден! Сондықтан оған дауыс беру үшін қараша айын асыға күтіп отырмын. Бір рет сөзден сүрінді екен деп, кандидатымыздан тегіс теріс айналмаймыз ғой? Мұндайға барған партияда не бедел қалады?!", – деді Ньюсом журналистерге.

Сарапшылар бұл дебаттан Трамптың да ұтпағанын айтады. Америкалық басылымдардың жазуынша, ол қарсыласын қалпымен айыптаумен болды және жүргізуші мен аудиторияға бұрмаланған, тіпті жалған фактісымақтарды қарша боратты.

Дебатқа қатысушылардың айтқан мәлімдемелерін дәстүрлі түрде шындыққа тексеріп, фактчекинг жасайтын New York Times газетінің есебінше, Дональд Трамп кем дегенде 26 рет өтірік айтты. Пікірсайыс соңында ол ашықтан ашық балағаттауға көшті және іс басындағы Президентті "жолы болмаған бейбақ" деп атады.

Америкалықтарды тіксінткені сол, дебат барысында Трамп сайлаудың өзіне ұнамаған кез келген қорытындысын мойындаудан бас тартатынын білдірді. Сарапшылар мұндай жауапсыз мәлімдемелер елде кезекті бүлікке, тіпті азаматтық соғысқа тамыздық болуы мүмкін деп санайды. Мысалы, Голливуд 2024 жылы "Империяның күйреуі" (түпнұсқада Civil War – Азаматтық соғыс) деген фильм түсіріп, ұқсас оқиғаны сипаттады.  

Американың тынышы кетсе, бүкіл әлемді безгек бумақ. Сондықтан Құрама Штаттарда тұрақтылық пен келісім болғанын әлемнің өзге елдері де тілейді. Ал, сайлауда жеңісті кімге беретінін америкалық сайлаушылар мен таңдаушылардың өздері анықтай жатар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу