Дональд Трамптың 100 күні өтті

849

Дональд Трамп қызметіне кіріскелі әлемдік тәртіптің астан-кестеңін шығарып жатыр.

Дональд Трамптың 100 күні өтті Фото: РИА Новости

Ол бұрын-соңды болмаған жаһандық тарифтік соғысты бастап, АҚШ-тың шетелге көмегін қысқартты.

Дональд Трамп елінің НАТО-дағы одақтастарын жамандап, Ресейдің Украинаға басқыншылығын Мәскеудің көзқарасымен қабылдады.

Бұл аздай, Гренландияны аннексиялау, Панама каналын қайтарып алу, Канаданы АҚШ-тың 51-ші штаты ету жоспарын жариялады.

Дональд Трамп қызметке оралғаннан кейінгі хаосқа толы алғашқы 100 күн осылай өтті. Бұл жоспарлардың бәрі Вашингтон Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзі құруға көмектескен әлемдік тәртіпті өзгеріске ұшыратып жатыр.

"Дональд Трамп 8 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда радикалданып кеткен. Мен таң қалдым", – дейді Дональд Трамптың бірінші мерзімінде Иран мен Венесуэла бойынша АҚШ-тың арнайы өкілдігіне тағайындалған Эллиот Абрамс.

Екінші мерзімде Дональд Трамп "Ең алдымен Америка" деген ұранымен Вашингтонның достарын алшақтатып, қарсыластарын шабыттандырып, оларға дем бергендей.

Мұндай саясатпен АҚШ қаншалықты алысқа барады? Бұл сауалдың жауабын ешкім білмейді. Кейбір сарапшылардың ойынша, 2028 жылы АҚШ-та дәстүрлі президент сайланса да, Дональд Трамптың тұсында жоғалған көп нәрсені қалпына келтіру оңайға соқпас.

Тіпті кейбіреулер Дональд Трамптың әрекеттерін демократиядан бас тартуға ұқсатып отыр. Бекер емес, 47-ші лидер судьяларға ауызша шабуыл жасап, университеттерге қысым көрсетіп, ауқымды депортация аясында мигранттарды атышулы Сальвадор түрмесіне айдады.

"Біз көріп отырған жайттар  әлемдік істердегі үлкен келеңсіздік. Қазіргі уақытта ешкім не болып жатқанын немесе одан әрі не болатынын нақты айта алмайды", дейді Демократиялық және Республикалық әкімшіліктердің Таяу Шығыстағы бұрынғы келіссөзшісі Деннис Росс "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Бірақ Ақ үй Дональд Трамп АҚШ-қа деген сенімге нұқсан келтірді деген тұжырымды жоққа шығарып отыр. 

Вашингтондағы әкімшіліктің мәлімдеуінше, қазір Дональд Трамп бұрынғы президент Джо Байденнің әлемдік аренадағы "ақымақ әрекеттерінен" арылуға күш  салып жатыр.

"Президент Дональд Трамп соғысты тоқтату үшін Украина мен Ресейді ымыраластыру, Америкаға фентанил ағынын тоқтату және Қытайды жауапкершілікке тарту арқылы америкалық жұмысшыларды қорғау, Иранды келіссөз үстеліне қайтару мәселелерінде жылдам әрекет етіп жатыр", – дейді Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Брайан Хьюз.

21 сәуірде аяқталған Reuters / Ipsos бірлесіп сауалнамасына сәйкес, америкалықтардың жартысынан көбі, оның ішінде әрбір бесінші республикалық Дональд Трамп Ресеймен "тым тығыз байланыста" деп санайды екен. Сонымен қатар, америкалықтардың көбі Дональд Трамптың өзгенің жерін жаулау жоспарына аса разы емес.

Сарапшылардың пікірінше, соңғы 80 жылда негізінен АҚШ-тың басшылығымен қалыптасқан жаһандық жүйенің болашағы қазір қыл үстінде тұр. Ол жүйе еркін саудаға, заң үстемдігіне және аумақтық тұтастықты құрметтеуге негізделгені белгілі.

Айта кетсек, бұрынғы жылжымайтын мүлік магнаты Дональд Трамп дипломатиядағы көпжақтылықты жек көреді және жаһандық істерді транзакциялар объектісі ретінде көреді. Дәл осы көзқарастың нәтижесінде бұл әлемдік теңселіп тұр.

Саудадағы серіктестерін АҚШ-ты ондаған жылдар бойы "тонады" деп айыптаған Дональд Трамп кең ауқымды тариф саясатын бастады. Соның кесірінен әлемнің қаржы нарығы дүрлігіп, доллар әлсіреп, жаһан экономикасына рецессия қаупі төнді.Дональд Трамптың өзі бұл әрекетін "қажетті дәрі" деп атады. Бірақ түпкі мақсаты әлі түсініксіз.

Сонымен қатар, Дональд Трамп Ресейдің Украинадағы төртінші жылға ұласқан соғысына қатысты АҚШ саясатын түбегейлі өзгертіп, ақпан айының соңында Украина Президенті Владимир Зеленскийді сопақ кабинетте сөзге келді.

Дональд Трамп әкімшілігі ондаған жылдар бойы трансатлантикалық қауіпсіздіктің тірегіне айналған Еуропа одағы мен НАТО-ны "арамтамақтар" деп төмендетті.

Германияда ақпанда өткен парламенттік парламенттік сайлауда жеңіске жеткеннен кейін болашақ канцлер Фридрих Мерц АҚШ пен ЕО қатынастарының болашағына алаңдаушылық білдірді.

Оның ойынша, Дональд Трамптың "Ең алдымен Америка" деген девизі күндердің күнінде "Американы жалғыз" қалдыруы ғажап емес.

Сонымен қатар, Дональд Трамп Канаданың мемлекеттігіне күмән келтіріп, Газа секторын АҚШ-тың қарамағына алу идеясын күн тәртібіне шығарды. Кейбір бақылаушылардың ойынша, мұндай экспансионисттік риториканы Қытай Тайваньға басып кіруге сылтау ретінде пайдалануы мүмкін.

Өзге бір сарапшлыардың ойынша, Дональд Трамп осы әрекеттері арқылы "қырғи-қабақ" соғыс жылдарындағыдай ірі державаларға әлемді бөліске салуға мүмкіндік берген жаһандық тәртіпті жандандыруға әрекеттеніп жатқан тәрізді.

Сонымен қатар, Дональд Трамп өзге елдермен бірге Вашингтонның дәстүрлі одақтастары, мысалы, Канада, Еуропа одағы, Жапония, Оңтүстік Корея, Жапония тауарлары үшін де тарифтерді көтерді.

Басты сұрақ – кейбір елдер енді Трамп басты нысанаға алған Қытаймен сауда қатынастарын нығайтуға кіріспей ме? Осы айдың басында Испания Премьер-министрі Педро Санчес Президент Си Цзиньпинмен Бейжіңде кездескеннен кейін, Қытай Еуропамен экономикалық ынтымақтастықты нығайту жөнінде пікір алмасқанын атап өтті.

АҚШ-тың Республикалық және Демократиялық әкімшіліктерінің ардагер дипломаты Аарон Дэвид Миллердің пікірінше, Дональд Трампқа сыртқы саясат бағытын өзгертуге әлі де кеш емес.

"Егер Дональд Трамп райынан қайтпаса, АҚШ-тың келесі президенті Вашингтонның әлемдік тәртіптің кепілі ретіндегі рөлін қалпына келтіруге әрекеттенеді. Бірақ сол әрекеттерге кедергі көп болуы мүмкін. Қазір болып жатқан жайттарды қалпына келтіруге әлі де болады. Ал бүгінде Американың достарымен қатынастарға келтіріліп жатқан зиян мен одан қарсыластарымыз көретін пайдада кейіннен есеп болмауы мүмкін",  дейді Миллер. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу