Бас прокуратура тиісті заң жобасын әзірлеп шықты. Оның көптеген жаңалығы бар. Соның ішінде қолданыстағы Қылмыстық кодекстің "Ұсақ-түйек жымқыру" атты 187-бабына ұсынылған түзету назар аударттады.
Бас прокуратураның мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда "қылмыстық теріс қылықты" жасауға оқталғаны және онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жаза жоқ. Бұл норма кезінде қоғамның қысымымен жойылды. Себебі құқықтанушылар да, қоғам белсенділері де "биені түгімен, түйені жүгімен" жұтатын, бүкіл Қазақстанды жемсауына айналдырып алған алпауыт жемқорлар жауаптылықтан құтылып кетіп жатқанда, дүкеннен сүт ұрлаған адамды бірнеше жылға абақтыға қамау дұрыс еместігін айтып, дабыл қақты.
Дегенмен алда бұл сала ескі сүрлеуге қайта оралуы ғажап емес.
"Жоғарғы соттың "Ұрлық туралы істер бойынша сот практикасы туралы" нормативтік қаулысына сәйкес, ұрлық – кінәлінің өзі ұрлаған мүлікке билік етуге нақты мүмкіндігі пайда болған сәттен бастап "жасалып болды" деп саналады. Сондықтан Қылмыстық кодекстің 187-бабына сәйкес, сот практикасында ұсақ-түйек ұрлық жасауға оқталған адамдарға қатысты қылмыстық істер оның қылмыс орнында ұсталған кезінде тоқтатылады", – деп түсіндірді Бас прокуратура.
Ұрлауға оқталған азамат күзетші ұстап алған кезде ол тауарды, айталық, сүтті ішіп үлгерген жоқ. Ендеше "ұрлаған мүлікке билік етуге нақты мүмкіндігі болмады". Тіпті ұрлап алғанның өзінде оның ұрлығы ұсақ болғандықтан, тірлігі қылмыс емес, қылмыстық теріс қылық саналады. Жаңа түзетулер бұл жағдайды өзгертуі кәдік.
"Аяқталмаған қылмыстық құқық бұзушылық үшін, сондай-ақ ұсақ ұрлыққа оқталғаны үшін жауаптылықты дұрыс реттеу "кассада ұсталғандарға" жеткілікті шара қабылданбауына қатысты құқық қолдану практикасындағы олқылықты шешуге мүмкіндік береді. Бұл ретте қылмыстық теріс қылық жасауға оқталғаны және онша ауыр емес қылмыс жасағаны үшін жаза белгіленеді", – деген түсініктеме берді Бас прокуратура заң жобасына.
Бұл жерде дамыған елдердің тәжірибесі алға тартылып отыр. Францияда сот "ең төменгі шектен төмен қылмыс" үшін жаза тағайындай алады. Мысалы, тіпті қылмыстық теріс қылықтар үшін мерзімі шамалы түрме жазасын тағайындауы мүмкін немесе жаза өзге неғұрлым жеңіл түрмен ауыстырылуы ықтимал. Ұлыбританияда судьяға заңда көзделген жазалардың ішінен кез келген түрі мен мөлшерін өз бетінше таңдау мүмкіндігі беріліпті.
Мәселе ұсақ ұрлықшыны бірнеше күн не аптаға қамаққа алу жайында болады деп күтілуде.
Құжаттың тағы бір жаңалығы айыппұлдарға қатысты. Дәлірек айтсақ, республикада айыппұлды – бас бостандығын шектеуге немесе бостандығынан айыруға қайта есептеу қағидалары кемшілікке толы екен. Мәселен, қандай да бір адам қылмысы үшін айыппұлмен құтылуы мүмкін. Алайда түрлі жағдай кесірінен ол айыппұлын уақытылы төлей алмаса, жазасы ауырлайды. Жаңа түзетулер оны тіптен ауырлататынға ұқсайды.
"Айыппұлды бас бостандығын шектеуге немесе одан айыруға қайта есептеудің қолданыстағы қағидалары қылмыстық заңнаманың әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сотталған адамды түзеу және жаңа құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсаттарына сай келмейді. Нақтылай кетсек, қолданыстағы норма бойынша 1,3 млн теңге сомасындағы немесе 500 АЕК көлеміндегі айыппұл бас бостандығынан айырудың 125 күніне, яғни 4 ай 5 күнге тең. Ұсынылған редакцияда 1,3 млн теңге немесе 500 АЕК айыппұл 500 күнге, яғни 1 жыл 3 айға тең болады", – делінген ведомствоның түсініктемесінде.
Жаңа түрмелер 57 млрд теңгеге түсетін еді
Түзетулердің тағы бір тобы Қылмыстық кодекстің "қамаққа алу" аталатын 45-бабына байланысты (орысша нұсқасы – "уголовный арест"). Заңгер Анна Владимированың түсіндіруінше, бірінші рет қылмыс жасаған адамға осы бап қолданылады.
"Бірінші рет қылмыс жасаған адамға шамалы жеңілдік жасалуы мүмкін. Ол қамаққа алынады. Жазалаудың бұл шарасы оны не үй жағдайында ұстауды (үй қамағы), немесе қатаң жағдайларда "қамақ үйінде" (арестный дом) ұстауды қарастырады. Ұқсастығы бар болғанымен, қамаққа алу – түрмеге отырғызу болып табылмайды. Бірақ ол да жазаны өтеудің бір түрі", – деді сарапшы.
Қамаққа алу 10 тәуліктен 50 тәулікке дейінгі мерзімге белгіленеді.
Оның айтуынша, Қылмыстық кодекстің 45-бабына сәйкес, "қамаққа алуға" сотталған адам "тағайындалған жазаның бүкіл мерзімінде қоғамнан қатаң оқшаулау жағдайларында ұсталуға" тиіс. Бірақ Қазақстанда әлі күнге дейін қамақ үйлері (арнайы "арестный дом") жоқ. Өйткені қамаққа алынған адам жеке камерада отыруы керек. Мысалы, әскерде оның рөлін гауптвахта атқарады.
Сол себепті Қылмыстық кодекстің аталған 45-бабын қолданысқа енгізу мерзімі төрт рет кейінге шегерілді. Алдымен 2017 жылғы 1 қаңтарға, содан соң 2020 жылғы 1 қаңтарға, әрі қарай 2022 жылғы 1 қаңтарға, енді 2027 жылғы 1 қаңтарға ысырылған.
Бірақ ел Парламент заң қабылдап, 2017 жылдан бастап бұл бапты әскери қызметшілерге қолдануға рұқсат етті. Әскери бөлімдерде гауптвахта бар.
Мұндай "қамақ үйлері" қылмыстық теріс қылық жасағандарды қамау үшін де қажет көрінеді. Олардың болмауы "қылмыстық теріс қылықтар институтының профилактикалық функциясын арттыруға кедергі келтіретін проблемалардың біріне" айналыпты.
Сондықтан Ішкі істер министрлігі республикада осындай мекемелерді салуды ұсынған болатын. ІІМ есебінше, 29 қамаққа алу үйін салу құны 57 миллиард теңгеден асады. Оларда қосымша 2,5 мың қызметкер штатын ұстап тұруға тура келеді. Бұл жыл сайын шамамен тағы 3 млрд теңге қаржыландыруды талап етеді.
Сол себепті билік ол идеядан бас тартқан.
Жаңа заң жобасында басқа жол ұсынылады: 45-баптан жеке камерада отырсын деген талап алып тасталмақ.
"Мәселені шешу үшін "қамаққа алу" ұғымы түзетіледі. Одан жазаның осы түрін "қатаң оқшаулау" жағдайында, яғни жеке камераларда міндетті түрде өтеу дегенді алып тастау ұсынылады. Қамаққа алуды өтеу жағдайларын жеңілдету, тұтқындарды жалпы камераларға орналастыру – арнайы қабылдағыштардың әлеуетін барынша пайдалануға мүмкіндік береді. Сонда қосымша қаржы талап етілмейді. Ал "қылмыстық қамаққа" алу жазасын өтеу шарттары арнайы қабылдау орындарын ұстауға көзделген бюджет шығыстары шегінде қамтамасыз етілуі мүмкін", – деп түсіндірді Бас прокуратура.
Бұл түзету қанша мың адамға қатысты?
Ресми статистика бойынша 2018 жылы айыппұлын төлеуден, қоғамдық және түзеу жұмыстарын орындаудан жалтарған 149 адамның жазасы қамақпен ауыстырылған. 2019 жылы олардың саны 285 адамға, 2020 жылы – 196 адамға дейін өсіпті. Былтырғы статистика әзірге шыққан жоқ.
2020 жылы Қылмыстық кодекстің "Ұсақ-түйек жымқыру" деп аталатын 187-бабының 1, 2 бөліктері бойынша, яғни ұсақ-түйекті жымқырған, болмашы мөлшерде бөтеннің мүлкін ұрлаған, ұсақ алаяқтық жасап, өзгенің шағын мүлкін иемденіп алған немесе талан-таражға салған, сондай-ақ осы қылмыстық теріс қылықты бірнеше рет қайталап жасаған 463 адам ұсталды. Мұндай жандарға да енді қамалу қаупі төнеді. Мемлекет ірі, ұсақ демей, барлық қылмыспен күресуге ниетті.
Бұдан бөлек, Қылмыстық кодекстің "Көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi иемдену немесе өткізу" аталатын 196-бабының 1, 2-бөліктері бойынша 51 адам, "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемденуге, беруге, өткiзуге, сақтауға, тасымалдауға немесе алып жүруге" қатысты 287-бабының 1-бөлігі бойынша – 82 адам, "Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу" дейтін 296-бабының 1, 2, 3-бөліктері бойынша 3 585 адам сотталды.
Көрсетілген төрт бап бойынша 2020 жылы 4 181 адам сотталды.
Қылмыстық теріс қылықтар жасағаны үшін 2016 жылы – 4 760, 2017 жылы – 4 722, 2018 жылы – 5 972, 2019 жылы – 4 806, 2020 жылы – 5 688 адам сотталды. Айтқандай, қаңтар оқиғалары кезінде мародерлық жасап, ұсталғандардың басым көпшілігі қамалмады, бостандыққа жіберілді.
Жаңа заң жобасы Парламентте біраз талқылауға азық болары сөзсіз.
Жанат Ардақ