Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы экономикалық өсім бойынша болжамды төмендетті

Оған аймақта вакцинация алғандардың аздығы себеп болып отыр.  

Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы экономикалық өсім бойынша болжамды төмендетті

Пандемиядан бұрын Орталық Азия елдерінде кедейлік мәселесі өзекті болатын, ал індет "жазылмаған жараның бетін ашқандай". Дүниежүзілік банктің Орталық Азиядағы кедейлік пен теңдік жөніндегі бағдарламасының жетекшісі, аға экономист Уильям Зейтц осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Соңғы 10 жылдың ішінде Орталық Азияда кедейлік деңгейі мүлде төмендеген жоқ. Пандемияға дейін жағдай осындай болды, ал індет мәселені одан сайын ушықтырды. Иә, экономикалық өсім бар және кедейлік төмендей бастайды. Адамдар кедейліктен тез құтылуда, бірақ мен қалпына келтіру қарқынына айтарлықтай әсер ететін факторлар туралы айтқым келеді", – деді дүниежүзілік банк өкілі.

Оның айтуынша, кедейлік деңгейіне әсер ететін бірінші фактор – ақша аударымдары, екінші – еңбек нарығы мен жұмыс орындары. 

"Ақша аударымдары бойынша көптеген сұрақ бар, әсіресе, Тәжікстан мен Қырғызстан тарапына. 2021 жылы миграция тез қалпына келді, бұл ақша аударымдарына да жақсы әсер етті. Ал екінші мәселе бойынша әңгіме күрделірек. Кейбір аймақтар тез қалпына келеді, ал басқалары баяу қалпына келуде. Мұның бәрі ел мен аймақтың жағдайына байланысты", – деген сарапшы Дүниежүзілік банк Орталық Азиядағы экономикалық өсу бойынша болжамды төмендететінін ескертті. Оған басты себеп – аймақта вакцинацияның баяу жүруі. 

"Болашақта кедейлікті төмендету үшін не істеу керек? Бірінші – вакцинация, екінші – еңбек нарығы мен жұмыс орындары, үшінші – жеке тұлғаларды әлеуметтік қолдау керек", – деді сарапшы. 

Оның айтуынша, Орталық Азияда вакцинация тез жүріп жатыр, бірақ аймақ вакцинацияның әлемдік көрсеткіштерінен артта қалып отыр.

"Бұл алаңдаушылық туғызады, өйткені мұның денсаулыққа айтарлықтай әсері болады. Нәтижесінде бұл еңбек нарығына әсер етеді. Вакцинация қарқынды болған елдерде біз өсу болжамын арттырамыз, бірақ вакцинацияның тиісті деңгейіне қол жеткізілмеген жағдайда біз өсімді төмендетеміз", – деді сарапшы.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше қазір Орталық Азия елдерінде вакцина препараттары тұрақты түрде жеткізіледі. Бұл ретте басты тосқауыл – халықтың екпеден бас тартуы болып отыр. 

"Жеткізу жағынан кедергі жоқ. Көрсеткішке халықтың вакцинадан бас тартуы әсер етіп отыр. Аймақ тұрғындарының неге бұлай жасағысы келмейтінін талдадық. Олардың көпшілігі қарсы көрсеткіштері бар екенін айтады", – деді ол.

Бұл ретте банк өкілі Қазақстанда COVID-19-ға қарсы толық вакцинацияланғандардың үлесі Орталық Азияда ең жоғары екенін жеткізді.

"Қазақстанда COVID-19-ға қарсы толық егілгендердің үлесі 36%, ішінара вакцинацияланғандардың үлесі 5%. Өзбекстанда толық егілгендердің үлесі 15%, ішінара 21%, Тәжікстанда тиісінше 19% және 5,8%, Қырғызстанда – 9,9% және 3,2%. Ал жалпы әлемде толық егілгендердің үлесі 35%, жартылай егілгендердің үлесі 12%", – деген спикер бұл Орталық Азия үшін жақсы көрсеткіш болғанымен әлемдік деңгейде төмен статистика екенін атап өтті. 

Құралай Құдайберген 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу