Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 Қазақстанда тұңғыш рет өтеді

14213

Бұл расында мақтанарлық орасан зор тарихи оқиға десек болады. Өйткені Қазақстан ТМД елдерінің ішінде ең алғашқы болып қысқы Универсиаданы өткізгелі отыр. Ал жалпы біз қысқы Универсиаданы қабылдаған 16-ншы мемлекет болып табыламыз.

Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 Қазақстанда тұңғыш рет өтеді

Егер тарихқа үңілетін болсақ, ең алғаш рет бүкіләлемдік универсиада 1905 жылы АҚШ-тан бастау алған деп есептеледі. Ол кезде студент жастардың алғашқы халықаралық жарысы өткен. Ал бірінші Дүниежүзілік студенттік ойындар 1923 жылы Парижде ұйымдастырылған. Бірақ универсиада деген атаумен 1959 жылы Италияның Турин қаласында өткен екен. Міне, содан бері Универсиада әлемдегі ірі халықаралық бұқаралық спорт және мәдени оқиғалардың біріне айналды.

Универсиада – Халықаралық университеттік спорт федерациясының қамқорлығымен ұйымдастырылатын студенттер арасында өтетін халықаралық жарыс. Бұл дүбірлі доданы "Бүкіләлемдік студенттік ойындар" немесе "Бүкіләлемдік университеттік ойындар" деп те атайды. Бұл бәсеке екі жылда бір рет өтіп тұрады. Яғни бір жылы жазғы спорт түрлерінен өтсе, келесі жылы қысқы ойыннан жарысқа түседі.

Тұңғыш қысқы Универсиаданың тұсауы 1960 жылы Францияның Шамони қаласында кесілді. 28 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен халықаралық додада 4 алтын, 2 күміс, 1 қола медальмен жарыс қожайыны Франция жеңімпаз атанды. Ал өз қоржынына 3 алтын, 1 күміс, 1 қола салған КСРО екінші орынға ие болды. Содан бері бұл Универсиада өз жалауын әр елде көтеріп келеді. Қысқы Универсиада ойындарын әлемнің 15 мемлекеті өз елінде өткізген. Соның ішінде бұл байрақты бәсекені ең көп өткізу мәртебесіне ие болған Италия елі саналады, 6 рет қабылдаған. Чехословакия мен Испания елдері 3 реттен өткізіп, екінші орында тұр. Ал Аустрия, Болгария, Польша елдері әрқайсысы екі-екіден өткізсе, Франция, Швейцария, Финляндия, АҚШ, Жапония, Корея, Словакия, Қытай, Түркия бір-бірден жарысты ұйымдастыру құқына ие болыпты. Енді осы елдердің қатарына 16-ншы болып Қазақ елі қосылды.

Әрине, бұған дейін де Универсиада Кеңес Одағында өткізіліпті. Бірақ 1973 жылы Мәскеу және 2013 жылы Татарстанның Қазан қаласы жастардың тек жазғы спорт ойындарын қабылдаған болатын. Ал Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып қысқы Универсиаданы өткізу мәртебесіне ие болып отыр. Бұл – Қазақ елінің әлем алдындағы беделі зор, өркениетті, бейбіт мемлекет екенінің айқын белгісі.

2011 жылдың 29 қарашасында Халықаралық студенттік спорт федерациясы Алматыны 2017 жылғы 28-Дүниежүзілік қысқы Универсиаданы қабылдайтын қала деп жариялады. Ал Универсиада туын Алматы қаласына табыс ету салтанатты рәсімі 2015 жылдың 15 ақпанында Испанияның Гранада қаласында өткен болатын.

2017 жылғы қысқы Универсиаданы Қазақстанда өткізудің бастамашысы – Халықаралық студенттік спорт федерациясының (FISU) мүшесі ҚР Студенттік спорт федерациясы.

Айта кету керек, Универсиадаға қатысуға 17-28 жастағы аспиранттар, студенттер және Универсиада алдында бітіруші түлектер жіберіледі. Қазақстан Унивесиадаға 1993 жылдан қатыса бастады. Осы жылдар арасында жарыстарға 700 спортшы қатысып, 125 медаль жеңіп алды.

Қазақ спортшылары үшін 2015 жылғы қысқы Универсиада нәтижелі болды. Біздің команда бірінші рет жалпы есепте 3-орын алды (5 алтын, 6 күміс). Ал жазғы Универсиадаға қатысқан ең нәтижелі жыл деп 2007 жылғы Бангкоктағы Универсиаданы айта аламыз. Ол жерде біздің студенттеріміз 14 медальмен 11-орынды иеленген болатын.

Енді міне өз жерімізде намысқа тырысып, бүкіл әлемде қазақ жастарының ең үздік атануына керемет мүмкіндік туып тұр. Бұйыртса, "қысқы Универсиада-2017" Алматы қаласында 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді.

Егер осы Универсиадада алтын медальға ие болса, онда біздің спортшы үкіметтің шешімімен 4,9 миллион теңге сыйақы алады. Екінші орынға 3,3 миллион теңге және үшінші орынға 1,6 миллион теңге сыйақы тағайындалған. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының мәліметіне сүйенсек, жаттықтырушыларға да қомақты сыйақы қарастырылған.

Алматы қаласындағы қысқы Универсиада жарыстарына әлемнің 59 елінен 2000-дай спортшы қатысып, 86 комплект медальды сарапқа салады. Универсиада өтетін кезеңде 3000 ерікті, соның ішінде шетелден және ел өңірлерінен келген еріктілер жұмылдырылады. Шамамен 30 мың шетелдік қонақ пен турист келеді деп күтіліп отыр. Ұйымдастырушылардың интернет-парақшаларындағы мәліметтерде телеаудитория 1 млрд-қа жуықтайтыны жазылған. Хабар тарату әлемнің 80 елінде жүргізіледі.

2015 жылдың қараша айындағы мәліметке жүгінсек, Универсиаданың жалпы операциялық бюджеті екі есе оңтайландырылып, 17 млрд теңгеге дейін қысқарды.

2017 жылғы қысқы Универсиада жарыстарын спорттың 13 түрінен (8 міндетті және 5 қосымша) өткізу жоспарланған. Мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, тау шаңғысы спорты, сноубординг, биатлон, шаңғы жарысы, шайбалы хоккей, керлинг міндетті спорт түрлеріне кіреді. Ал қабылдаушы тараптың ұсынысымен енгізілетін қосымша спорт түрлеріне шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, фристайл, конькимен жүгіру спорты және бенди кіреді. Алайда соңғы ақпаратта жарыстар спорттың 12 түрінен ғана өтетіні айтылады, бенди (допты хоккей) енгізілмей қалыпты.

Жарыстар 8 спорт нысанында өтеді: "Шымбұлақ" тау шаңғы курорты, "Медеу" мұз айдыны, "Сұңқар" халықаралық шаңғы трамплиндері кешені, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы, "Алатау" шаңғы және биатлон кешені, "Табаған" спорттық ойын-сауық кешені, Алматы арена, Халық арена. Осы 8 спорт нысанының екеуі Универсиада үшін арнайы салынған, олар: Халық Арена мен Алматы Арена.

"Сондай-ақ ойындарға арнап, қысқы Универсиада тарихында алғаш рет атлеттер қалашығы салынды. Барлық жаңа нысанның құрылысы мерзімінен екі ай бұрын аяқталды", – дейді ұйымдастырушылар.

Универсиада рәміздеріне келсек:

Универсиада-2017-нің "Қанатыңды кең серпі!" ұраны жас спортшыларды ересектер спортының шыңына шығуға жігерлендіреді. Универсиаданың кез келген логотипінде FISU-дың қамқорлығымен өтетін кез келген спорттық шараның фирмалық символикасының міндетті элементі – U латын әрпінің бейнесі болуы керек.

Қысқы Универсиада-2017 логотипі стильденген қанаттар түрінде бейнеленген және анық көрсетілген серпінді пішіні бар: солдан оңға қарай жоғары. Ол дамудың, сондай-ақ шыңдарға жетудің белгісі.

Универсиада алауы:

 

Қысқы Универсиада-2017-нің бойтұмары болып жылдамдық пен көкке асқақтауды, жеңілдікті, қуатты және жеңіске құштарлықты – нағыз жас спортшыларға тән қасиеттерді бейнелейтін қазақ даласының ежелгі ерікті және қайратты мекендеушісі жас Сұңқар таңдалды.

Универсиаданың марапат медальдары классикалық стильде алтын, күміс және қолаға ұқсайтын металл қорытпасынан жасалған. Ол Қазақстан Теңге сарайында шеку тәсілімен, түрлі-түсті эмаль қолданып дайындалған. Муар лентасына Универсиаданың логотипі қондырылған. Медальдің бет жағында FISU-дің логотипі, Ойындардың атауы және өтетін орны бейнеленген. Сырт жағында – Универсиаданың логотипі бар.

Эстафета бағдарламасы

Алау Эстафетасы – Универсиаданың ең жарқын оқиғасына айналмақ. Эстафета жоба географиясын бір қала масштабынан бүкіл ел масштабына дейін кеңейтеді. Алау Қазақстанның 16 қаласына барып, жермен 200-ден астам шақырым және әуемен 2300 км жүріп өтеді.

Алауды тұтандырудың салтанатты рәсімі 25 қаңтарда Астана қаласында, Назарбаев Университетінде – ҚР жоғары білімінің ұлттық брендінде басталып, 26, 27 және 28 қаңтарда әр аймақта өз алауы тұтанады. 14 облыста облыс орталығының қақ ортасын жарып өтетін Эстафетаның жеке кезеңі өткізіледі.

26 қаңтар – Петропавл, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Өскемен.

27 қаңтар – Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау.

28 қаңтар – Қызылорда, Тараз, Шымкент, Талдықорған.

29 қаңтарда аймақтардың озық студенттері алауды Алматыға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне жеткізеді. Универсиада алауының қорытынды тұтандырылуы 2017 жылдың 29 қаңтарында Алматы қаласындағы ашылу салтанатында өткізіледі.

Универсиада ойындары ашылатын күні әл-Фараби атындағы ҚазҰУ алдында эстафетаның қорытынды алматылық кезеңі басталады. Жоба мәресіне жаңа "Алматы Арена" мұз сарайында ойындарды ашудың шарықтау шегінде жетеді. Аймақтардан келген 16 өкіл 16 алауды Қазақстанның студенттер қауымын білдіретін Универсиаданың бас ұясында біріктіреді.

Жобаға 17-28 жас аралығындағы 1000 алаушы қатысады. Сонымен қатар, алаушылардың қатарына спорттың, мәдениеттің, ғылымның көрнекті қайраткерлері, FISU өкілдері қосылады.

Әр қалада алаушылар алауды әр 200 м сайын бір-біріне бере отырып, аймақтардың көрікті жерлері мен ірі оқу орындарын қамтып, орталық көшелермен жүгіріп өтеді. Алауды спортта, ғылымда, мәдениетте жетістікке жеткен студенттер алып өтеді.

Бірінші алаушы деп Рио-2016 Олимпиада ойындарындағы жетістігін ескере отырып, алматылық жүзуші Дмитрий Баландин аталды. Алаушылар арасында сондай-ақ, Жақсылық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов және Ермахан Ыбырайымов сияқты басқа да танымал спортшылар бар.

Әр аймақта маршрут облыс орталығының көрікті жерлерін, білім беру орталықтарын және спорт нысандарын қамтиды. От эстафетасы маршрутын әзірлеу барысында алаушылар мен көрермендердің қауіпсіздік факторлары және көліктерді барынша аз бөгеу үшін жүрудің балама бағыттарын, жаяу жүргіншілер аумақтарын, өзен жағасын және т.б. пайдалану мүмкіндіктері ескерілген.

Әр облыс орталығында және Астана қаласында бағыт 12 шақырым. Алматыда – 20 км. Осылайша әр алаушы ұзындығы 200 метр жолды жүріп өтуі тиіс.

Ел ауқымында эстафета маршруты аймақтық орталықтардан Алматы қаласына әуемен ұшады. Алау студентік ойындардың бас қаласына "Эйр Астана" компаниясының – Универсиада-2017 ресми тасымалдаушысының жолаушылар ұшағымен жеткізіледі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу