Джек Ма қайда кетті?

7492

Қытайдың әйгілі кәсіпкері, е-commerce миллиардері қазан айының соңынан бері көпшіліктің көзіне түскен жоқ.  

Джек Ма қайда кетті?

Әйгілі Джек Ма басын үлкен қауіпке тіге жүріп, елдің ең дәулетті адамдарының біріне айналды. Бұрынғы ағылшын тілі мұғалімі Alibaba Group-ты 1999 жылы құрды. Ол кезде Қытайда интернет қолданушылар некен-саяқ еді. Ал, арада бес жыл өткенде Alipay оnline төлем қызметі іске қосылды. Екі фирма да өз индустриясында үстемдікке ие болды.

Соңғы рет Ма қазанның 24-інде сөз сөйлеп, реттеуші органдарды тым консервативтік деп айыптпап, оларды инновацияға көбірек жақын болуға үндеді. Содан кейін Alipay аясында құрылған Ant Group қаржылық онлайн-платформасының қор нарығындағы дебюті доғарылды. Ал, Alibaba акциялары құнсызданып, соның салдарынан Ма ең бай қытайлық магнат деген мәртебесінен айрылса керек.

Арада екі айдан астам уақыт өтті. Әдетте сөзшең Ма көптің көзіне түспей қойды. Ол  телеэкрандардан да, әлеуметтік желіден де ғайып болды. Сонда Қытайдың дүниеге мәшһүр кәсіпкері әрі технологиялық бумының символы қайда кетті? Бұл сауал төңірегінде қазір  алып-қашпа сөз бен қауесет көп.

"Джек Маның дәуірі өтті", – дейді Yueyue есімді блогер әлеуметтік желіде қалдырған жазбасында.

Alibaba мен Ant компанияларының баспасөз хатшылары да журналистердің Маның неліктен қоғам назарынан жоғалып кеткені жөніндегі сұрақтарына жауап бермей отыр.

"Блумбергтің" мәліметінше, магнатқа желтоқсанда елден кетпеу туралы ескерту жасалған. Дегенмен,  Alibaba өкілі Би-би-си-ге берген сұхбатында Ма ақпанда басталатын Қытай Жаңа жылы қарсаңында жиі демалысқа шығады екен.

Партиядан ескерту

Кейбір сарапшылардың пікірінше, Маның бүгінгі жағдайы арқылы Коммунистік партия тіпті ең ықпалды кәсіпкердің өзі реттеуші органдарға қарсы келе алмайтынын ескертіп отыр. Ал, өзге бір бақылаушылардың ойынша, президент Си Цзниньпин үкіметін Alibaba-ның бөлшек саудадағы үстемдігі алаңдата бастаған. Ant компаниясына келсек, реттеуші органдар оның қаржы саласындағы іс-әрекеттерін Қытайдың экономикалық өсіміне қауіп деп қарастырады.

56 жастағы Ма Alibaba төрағасы қызметінен 2019 жылы кеткенімен, компанияның ірі акционері болып қалды. Ол Шанхайда өткен бизнес-конференцияда реттеуші органдардың көңіліне жақпайтын мәлімдеме жасаған. Сол жиынға Қытай вице-президенті Ван Цишань да қатысты.

Осы кездесуде Ма реттеуші органдар ежелгі "ломбардтық ойлау" тәсілін ұстанып, инновацияларға бөгет жасап жатыр деп шағымданған және де ол кәсіпкерлер мен жастардың займ алу жолдарын жеңілдету үшін дәстүрлі емес әдістерді қолдануға шақырған.

"Ертең реттеушілік мүмкіндіктері емес, инновациялар жарысады,", – деді Ма қазанда өткен конференция барысында.

Бақылаушылардың ойынша, миллиардердің займ туралы ұстамы биліктегі партияның өсіп келе жатқан қарызды қысқарту науқанымен мүлде үндеспейді. Ал, Caixin іскерлік журналының хабарлауынша, сол конференцияда Ван жаңа технологиялардың тиімділікті арттырғанымен, қаржылық қауіпті күшейтетінін ескерткен.

Қарашаның 3-інде реттеуші органдар Ant компаниясының биржадағы дебютіне тосқауыл қойды. Ал, қазан айынан бері Alibaba Group акциялары 19 %-ға арзандап, соның нәтижесінде Маның 60 млрд доллар байлығы 10 млрд долларға кеміді.

Штаб-пәтері Маның туған қаласы Ханчжоуда орналасқан Alibaba компаниясы қытайлық экспортерларды батыстық бөлшек сауда фирмаларымен байланыстыру үшін құрылды. Кейін  Alibaba өз бизнесін интернетте, ойын-сауық және өзге де салаларда кеңейтті. Ал, оның 2013 жылы құрылған қаржылық бөлімшесі – Yu’ebao бұрын мемлекеттік кәсіпорындарға қызмет етумен айналысқан мемлекеттік банктер үстемдік еткен нарықта миллиондаған клиент жинады. 2017 жылы  Yu’ebao активтері 1,2 трлн юань немесе 170 млрд долларға жетіп, бұл компания салымдар үшін мемлекеттік банктермен бәсекелесе алатын әлемдік қорға айналып отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу