Джо Байденнің Президент сайлауына қатысудан бас тартуының себебі белгілі болды

3553

Сайлауға үш-ақ ай қалғанда Американың билеуші Демократиялық партиясы кандидатсыз қалды. Ол орынды кім басуы мүмкін?

Джо Байденнің Президент сайлауына қатысудан бас тартуының себебі белгілі болды Фото: magmer.ru

Америка Құрама Штаттарының іс басындағы Президенті Джо Байден қадірменді үзеңгілестерінің, қатардағы жақтастарының, америкалық истеблишменттің, дерттің – қысқасы, жан-жақтан анталаған қысымның кесірінен ақыры жарыс жолынан шығып қалды.

Осы орайда Байден планетамыздың көшбасшы әскери және экономикалық державасының тізгіні үшін Дональд Трамппен күрестен бас тартатынын айтып, ресми мәлімдемесін жариялады.

Мәлімдемесінде іс басындағы Президент Америка халқына қызмет ету – ол үшін үлкен құрмет екенін, сондықтан келесі сайлауға қатысуға ниеттенгенін, алайда ел мен партияның мүддесін бәрінен жоғары қоятындықтан сайлауалды науқанға қатысудан бас тартқаны жөн екенін айтты. Джо Байден қалған күш-жігерін 2025 жылғы қаңтарда өкілеттігі аяқталғанға шейін президенттік міндеттерін абыроймен атқаруға шоғырландырмақ.

Өз мәлімдемесінде АҚШ Президенті Демпартия атынан кандидат ретінде кімді көргісі келетінін айтпады, өзін қолдаушыларды: "Соған дауыс беріңдер!" деп үгіттеп жатпады.

Тек вице-президент Камала Харристі бөле-жара атап, жұмысы үшін алғыс білдірді және оны өзгелерден оқ бойы озық тұрған "экстраординарлы серіктес" деп бағалады. Ендеше, сарапшылардың байламынша, Камала Харрис 5 қарашада өтетін президенттік бәйгеде демократтар атынан түсетін кандидатқа айналуы әбден мүмкін.

Әйтсе де, жаңа басталған апта ішінде Джо Байден тағы бір үндеумен халыққа жүгінбек. Өзінің шешімінің жай-жапсары, әрі қарайғы іс-әрекеті, қандай үміткерді қолдауды өтінетіні туралы сонда егжей-тегжейлі мәлімдеуі ықтимал.

Inbusiness.kz бұған дейін, маусымда өткен дебатта 81 жасар Джо Байденнің ұятқа қалғанын, ол сәтсіздікке ұшырағаннан кейін билікте "агрессивті паника" басталғанын жазды. Содан бері Америкада одан президенттік сайыстан өз еркімен шығуды сұраған дауыстар көбейіп, арты хорға айналды.

Содан бірқатар демократ-саясаткерлер додада Байденді Камала Харриспен алмастыру үшін астыртын түрде демеушілер іздей бастаған. Өйткені Демпартияның праймеризінде Джо Байден жеңді, тиісінше, ортақ кандидат ретінде демеушілер соны қолдады.

Енді міне, АҚШ-та "Байден дәуірі" аяқталды. Ол өткен ғасырдың сексенінші жылдарынан бері тамаша саяси карьера жасады, Президент Барақ Обама тұсында 8 жыл вице-президент болды. Құрама Штаттарда "сен тұр, мен атайын" деген азуы алты қарыс қарсыласының бәрін жапырған популист-президент Трампты 2020 жылы Байден ғана тоқтата алды.

Байденнің содан бергі президенттік мерзімі кезеңінде Америка экономикасы өсумен болды. Америкалық алпауыт өндірушілер өндірістерін АҚШ-қа қайтара бастады. Трамп кезінде геосаясат перифериясына қарай шеттеп қалған АҚШ халықаралық саясаттың орталығына оралды. Ресеймен шайқасында Украинаға қомақты көмек берді.  

Америка саясатының теңдессіз серкесі атанған, бірақ алжасу дерті алдында тізе бүккен Джо Байденнің жарыстан шығуы нәтижесінде 2024 жылғы президенттік сайлау науқаны қазірден тарихта ерекше орын алғалы тұр.

Өйткені сонау Вьетнам соғысы заманынан бері алғаш рет басты кандидат жарысты жалғастырудан бас тартып отыр. 1968 жылы іс басындағы Президент-демократ Линдон Джонсон өз кандидатурасын алып тастаған болатын. Салдарынан, оның орнын басқан вице-президенті сайлауда республикалық кандидат Ричард Никсонға жол беріп, жеңіліп қалды.

Іс басындағы Президенттің басты қарсыласының өміріне жасалған қастандық та осы науқан аясында болды. Кандидатты (Рональд Рейганды) ату 1981 жылдан бері болмапты.

Іс басындағы Президенттің қарттық жасы – Американың саяси күн тәртібіндегі "№1" мәселеге айналды. Ұшаққа көтеріліп бара жатып, трапта сүріну, велосипед тебемін деп көпшілік алдында сұлап түсу, мінберлерден сөйлегенде сөйлемді бастап, аяқтамай тастау, не айтқысы келгенін жеткізе алмай тұтығып, тоқтап қалу арқылы Байден кейінгі жылдары досқа күлкі, дұшпанға таба болды. Оның командасы мұның мәнісін оның сапардан кейін жолсоқты болып шаршағанымен немесе ауырып жүргенімен түсіндіруге тырысып бақты.

Егер бұл жолы сайланғанда, президенттік каденциясы аяқталар тұста Байденнің жасы 86-дан асатын еді. Содан Байден келесі президенттік сайлауға түсетінін мәлімдегенде оның жасына қатысты сұрақтар жиі бас көтере бастады.

Ал, биылғы маусым айының соңында Трамппен дебатынан кейін Американың беделді, белгілі тұлғалары, бай демеушілері Байденнен анонимді түрде, ақпарат құралдары арқылы кетуді өтіне бастады. Голливудтық танымал актер, меценат Джордж Клунидің соны сұрап, ашықтан ашық үндеу жасауы былайғы жұрттың назарын аудартты.

Содан кейін төменгі Өкілдер палатасының, ізінше Сенаттың конгрессмендері мәлімдеме жасап, Президентке келесі каденциясының көкжиегіне қол соза беруді доғаруды, орнын жастарға босатуды ұсынды.

Байден де, айналасындағылар да оның қуатты екенін айтып, біраз қарсыласты. Қызды-қыздымен, Байден "тек Құдай ғана" оны жарыс жолынан шығара алатынын мәлімдеді.  

BBC Байденнің сөз арасында өз қарсыласын "нысана" деп атағанын еске салады. Бұл ретте Трампқа қастандық жасалды, ол бір құлағынан айрылды. Байден оны нысана деп атағанына өкінді. Соңғы жойқын соққыны ковид жасады. Байден ауырып қалды, сөйтіп, рухы, тәні, ақыл-ойы қуатты екенін дәлелдеу мүмкіндігінен айрылды.

Economist/YouGov соңғы сауалнамасы бойынша Байденнің сайлау додасынан шығуын америкалықтардың 51%-ы талап еткен, тек 30%-ы ғана қарсы болды. Соның ішінде Демократиялық партияны жақтаушылар екіге жарылды: 44%-ы – "кет", 41% — "қал" деген көңіл-күйде болды. Байден көпшілікті тыңдап, кетті.

Байденді кім алмастырады?

The Washington Post жазуынша, басты үміткер ретінде вице-президент, 59 жасар Камала Харрис саналады. Сондай-ақ басқа ықтимал кандидаттар қатарында Калифорния губернаторы, 56 жасар Гэвин Ньюсом, Мичиган губернаторы, 53 жасар Гретхен Уитмер, Иллинойс губернаторы, 59 жасар Джей Роберт Прицкер, Пенсильвания губернаторы, 51 жасар Джошуа Шапиро, Кентукки губернаторы, 46 жасар Энди Бешир және көлік министрі, 42 жасар Пит Буттиджич аталады. Бірақ басқа тұлғалар да бұл жолай жарысқа қосылуы мүмкін.

BBC Камала Харристің рейтингі тіпті Байденнен де төмен екендігіне назар аудартады. Даукестігімен аты шыққан Харрис ханымның мінезі ауыр, шалдуар, басқа түгіл, өз қызметкерлеріне күн бермейтін көрінеді. Олар оның ашуға мінгенде, аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатынына шағымданады.

Оның үстіне CNN сарапшылары Харристің конъюнктурашыл екенін, табанды ұстанымы жоқтығын, кеше қызу қолдаған идеядан ертесіне бас тарта салатынын ескертеді.

Амал нешік, Байден кеткен соң, Демократиялық партияда Харристен басқа әрбір америкалық бет-жүзін жазбай танитын басқа саясаткері жоқ деуге болады. Харристің бірде бір бәсекелесі дәл сол сияқты жұртшылыққа кең танымал емес.

Оларды танымал етуге, "раскруткасын" жасауға уақыт аз қалды. Демпартия алдағы Президент сайлауында ортақ кандидаты ретінде кімді ұсынатынын Чикагода, 19-22 тамызда өтетін партиялық таңдаушылардың съезінде анықтауға тиіс. Ақырғы шешім де съез соңында жария етіледі.

Байденнің бас тартуынан кейін Республикалық партия бұл сайлау науқанындағы басты бір "көзірінен" айрылды. Трамп пен оның жақтастары қарсыласының тым кәрі екенін үнемі бетіне басып, мазақ етіп, Байденнің елді басқару түгіл, өз бойын игеруге шамасы жетпейтінін алға тартып, дәйектейтін.

Енді Демпартия жастау кандидатты ұсынса, онда керісінше, Республикалық партияның ортақ кандидаты "ең кәрісі" болмақ. Дональд Трамп 78 жастан асты. Яғни, үміткердің жасына қатысты дәйектеме тоқпағы демократтардың қолына көшті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу