ЕАЭО елдері мал тұқымын бірыңғай стандарт бойынша түрлендіреді

3156

6 мамырда жаңа келісім күшіне енеді. 

ЕАЭО елдері мал тұқымын бірыңғай стандарт бойынша түрлендіреді

Бұл халықаралық шартқа ЕАЭО мемлекеттері 2019 жылғы қазанда қол қойған болатын. Соған сәйкес, 2021 жылдың 6 мамырында Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларына селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу біріздендіріледі, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осы келісіммен бірге Еуразиялық экономикалық комиссияның 2020-2021 жылдары қабылдаған алты актісі бірдей күшіне енеді.

"Бұл актілер асыл тұқымды өнім өндірудің негізгі тәртібін айқындайды",– деп жазады Еуразиялық экономикалық комиссияның баспасөз қызметі.

Мұндағы "асыл тұқымды өнім өндірудің негізгі тәртібі" деген ұғым жануарлардың асыл тұқымдық құндылығын бағалау, асыл тұқымдық өнімге молекулярлық генетикалық сараптама жасау, малдың асыл тұқымды екенін айқындау, ауыл шаруашылығы жануарларының жаңа тұқымдарын, үлгілерін байқаудан өткізу процестерін қамтиды.

Сондай-ақ, келісім аясында одақ мемлекеттері арасында айырбастауға жататын асыл тұқымды жануарлар мен селекциялық жетістіктер туралы мәліметтердің құрамы да нақтыланған.

"ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде жүргізілетін асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық-асыл тұқымдық жұмысты үйлестіру және талдамалық қамтамасыз ету тәртібі бекітілді",– деп жазылған комиссияның ақпаратында.

Осы айтылғанның бәрін ескерсек, аталмыш келісімнің құқықтық пәрмені айтарлықтай ауқымды құжат екенін түсінуге болады. Яғни, мал тұқымын асылдандырумен айналысатын кәсіпорындар одақ аясында бұрынғыдай шекаралық кедергілерді сезінбейтін болады. ЕЭК сарапшылары бұл саладағы үздік жетістіктерді одақ аумағында кедергісіз таратуға, ғылым жетістіктерін өзара тиімді іске асыруға мүмкіндік береді дегенді жиі айтып жүр.

Бұл құжаттың күшіне енуі мал тұқымын түрлендіру ісінде кеңес заманынан қалған ғылыми базаны өлтірмей сақтап қалған Беларусь пен Ресейдің экпорттық әлеуетін арттыратыны сөзсіз. Ал біз үшін бұған дейін Ресейден әкелінген экспорттық малды "екінші сорт" деп бағалап келген фермерлердің Аустралия, Канада, АҚШ сияқты елдерден мал әкелу мүмкіндігін азайтуы мүмкін. Мұны жақсы жағынан да, жаман жағынан да бағалауға болады. Жаман жағы деп отырғанымыз – мал селекциясында сол баяғы кеңес заманынан қалған ғылыми "жетістіктерді" тағы ондаған жыл талғажау еутімізге тура келеді. Жақсы жағы деп отырғанымыз – "мәрмәр" етті мал әкелеміз" деген желеумен бюджет қаражаты талан-таражға түспейтін болады. Оның үстіне Қазақстандағы климатқа Канада мен АҚШ-тан өзге елдерден әкелген малдың жерсініп, ойдағыдай өнім беруі қиын екенін бұған дейінгі атышулы жобалар көрсетіп берді.

"ЕАЭО шеңберінде гендік селекцияны қоса алғанда, асыл тұқымды мал шаруашылығында инновациялық технологияларды әзірлеу және енгізу бойынша күш-жігерді біріктіру мүмкіндігі пайда болады. Келісімді іске асыру одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешеніндегі практикалық интеграцияға нақты қадам болады", - деп жазады ЕЭК баспасөз қызметі.

       Келісім бойынша алдағы екі жылда одаққа мүше елдер BLUP жүйесіне көшеді. Бастамашылар бұл жүйе асыл тұқым делінген селекцияның құндылығын бағалау мен болжаудың заманауи әдістемелерімен жабдықталған деп отыр.

Одан кейінгі кезеңде одаққа кірген елдердің мал басы мен гендік ерекшеліктері жинақталатын Ұлттық ақпараттық жүйелерін ортақ стандартқа бағындыру көзделіп отыр. Тіпті одақ аясында қауіпті мал індеттерінің таралмауын алға тартып, одақ көлемінде мал басының қозғалысын да бірыңғай жүйе арқылы бақылау туралы айтылып жүр.

"Асыл тұқымды малдар, олардың өнімділігі, генетикалық аурулардың болуы туралы барлық мәліметтерді және асыл тұқымды куәліктің электрондық деректерін ЕАЭО мемлекеттерінің асыл тұқымдық қызметтері бірыңғай тәртіптер мен әдістемелерге сәйкес Ұлттық ақпараттық жүйелерге енгізетін болады", - деген сөйлемдерден осыны ұғуға болады.

ЕЭК сарапшыларының айтуынша, мұндай мәліметтермен алмасу, асыл тұқымды мал және селекциялық жетістіктері туралы дерекқорды қалыптастыру, жүргізу және пайдалану интеграцияланған ақпараттық жүйенің көмегімен қамтамасыз етілетін болады. Аталмыш жүйенің технологиялық құжаттамасы биыл дайындалып бітуі керек.

Келісім күшіне енгеннен бастап одаққа мүше елдердің бұған дейін аталмыш салада дербес жұмыс істеп келген мемлекеттік органдарының, ғылыми мекемелерінің, ұйымдарының жұмысы үйлестіру кеңестері арқылы реттелетін болады.

"Перспективада одақтың қабылданған актілерін асыл тұқымдық өнім өндірісіне енгізгеннен кейін ЕАЭО-ның геномдық селекциялық жүйесін әзірлеу көзделеді. Ол ерте жаста асыл тұқымды малдарды іріктеуге мүмкіндік береді. Бұл асыл тұқымды жұмыстың тиімділігін айтарлықтай арттырады. Асыл тұқымды мал басын ұстауға елеулі соманы үнемдеуге мүмкіндік береді және мал шаруашылығын дамытуды жеделдетеді", - деп жазылған ресми мәліметте.

Бұдан кейін малдың асыл тұқымды екенін құжаттау үшін ЕЭК пәрменімен құрылатын талдау орталықтарының мақұлдауын алу қажет болады. Сол үшін селекциялық-асылдандыру жұмысын талдамалық қамтамасыз ететін талдау орталықтарын құру жоспарлануда.

Есжан Ботақара


 Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу