Егінді нәрлендіруде доңыз қиын пайдалануға рұқсат етілмеді

15149

Шұжық шығаратын алпауыт шектеуді жойғызбақ ниетте.

Егінді нәрлендіруде доңыз қиын пайдалануға рұқсат етілмеді

Адамдар дүкен сөресіне қойылған өнімдердің "тарихын" білмейді: қалай жасалғанын, оның шикізатын өсіру үшін қандай химия қолданылғанын, қай жерде сақталғанын анықтау қиын. Тауар қаптамасында құрамы ғана көрсетіледі. Бұл ретте белгілі бизнес нысаны және жауапты билік органы алмасқан хаттар тұтынушы үшін қызық жайттан хабар береді.

Шұжық өндірісінде жетекші орындағы кәсіпорындардың бірі "Рубиком" ЖШС өзі ойлап тапқан химиялық өніміне "тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлікті" алуға өтініш берген екен. Ол өнімі – "шошқа тезегі негізіндегі органикалық тыңайтқыш" (толық атауы – "Удобрение органическое на основе свиного навоза. Жидкая и твердая фракция бесподстилочного свиного навоза") деп аталады.

Бірақ куәлік алып, өнімін пайдалануы үшін химиялық заттың қауіпсіз екенін растап, тіркеу рәсімінен өтуі тиіс. Рұқсаты бар кәсіпорындардың өзі дүркін-дүркін осындай рәсімді бастан кешіп, қайта куәландырылады. Себебі, бұған дейін қауіпсіз саналып келген өнім жаңа заман талабы бойынша адам денсаулығы мен өміріне қауіпті деп танылуы ықтимал.

Қалай болғанда, құзырлы меморган доңыз нәжісінен жасалған тыңайтқышқа куәлік беруден дәлелді түрде бас тартыпты. 2020 жылғы 23 шілдеде жолданған "Бас тарту туралы себептемелі жауапта" (мотивированный отказ) кәсіпорынның осыған қажетті құжаты толық еместігі көрсетілген. Атап айтқанда, сәйкестілік сертификатын, осы қызмет түріне лицензиясын және CT-KZ сертификатын ұсынуы қажет.

Компанияда ол құжаттар болмай шықты. "Рубиком" кәсіпорнының бас директоры Елена Осинская мұны негізсіз санайды.

"Осы құжаттарды сұратуы негізсіз. Біріншіден, химөнім құжаты бұрын тіркелген, қайта тіркелуі керек. Ал "Техникалық реттеу туралы" заңы бойынша бұрын тіркеуге алынған химиялық өнімді тіркеу туралы куәлік өнімнің талаптарға сәйкестілігін растайтын құжатқа жатады. Екіншіден, органикалық өнім өндірісі лицензияланатын қызмет түрлеріне кірмейді. Үшіншіден, тауардың шығу-тегі туралы СТ-KZ сертификаты еркін экономикалық аймақтан тысқары немесе еркін қоймадан Қазақстанның өзге аумағына шығарылатын тауарларға беріледі. Сондай-ақ ол сертификат отандық өндірушілердің тендерге ұсынатын тауарына алынады", – дейді Елена Осинская.

Бұл компания шошқа қиынан жасалған химиялық өнімімен мемлекеттік сатып алуларға қатысуды жоспарлап отырған жоқ.

Алайда жауапты меморганның бұл қадамы заңға толық сәйкес екені анықталды. Бұған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басшысы өз жауабында жан-жақты тоқталды.

Комитет төрағасы Марат Қарабаевтың түсіндіруінше, "Химиялық өнімнің қауіпсіздігі туралы" заңы химөнімдердің және оның өмірлік циклі процестерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісін реттейді. Бұл – біріншіден, қазақстандықтардың өмірі мен денсаулығын, екіншіден қоршаған ортаны қорғау үшін қажет. Әйтпесе, кім көрінген қолдан химиялық өнім жасап, оны егінге, жерімізге төге берсе, оның арты неге соқтыратыны белгілі.

"Сондай-ақ бұл – химиялық өнімнің қауіпсіздігіне қатысты тұтынушыларды жаңылыстыратын әрекеттердің алдын алу үшін керек. Аталған заңның 14-бабына сәйкес, заңнамада белгіленген химиялық өнімнің қауіпсіздігіне және оның өмірлік циклінің процестеріне қойылатын талаптарды өтінім берушілер, яғни өндірушілер, өнім жеткізушілер, импорттаушылар орындауға міндетті. Олар химөнімнің Қазақстан заңнамасына сәйкестігін және қауіпсіздігін растауға тиіс. Ондай құжаты жоқ химиялық заттарды қолданысқа жібере алмаймыз. Жалпы, заң бойынша химиялық өнім дегеніміз – табиғи ресурстардан бөлудің немесе химиялық реакцияларды пайдалана отырып, шикізатты түрлендірудің технологиялық сатыларынан өткен өнім. Осы тұрғыдан алғанда, "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңы бойынша химиялық өнім өндірісі лицензиялауды талап етеді", – деді Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы.

Сондықтан М.Қарабаев сәйкестілік сертификаты, лицензия секілді қосымша құжаттарды талап ету негізді екенін жеткізді.

Колбасаның түр-түрін шығаратын "Рубиком" өндіріске керекті малдарды да өзі өсіреді. Сонымен бірге, еті шұжыққа қолданылатын шошқа және сиырды асырап бағу үшін кәсіпорынның өзі егін салады, жемазық дақылдарын өсіреді. Журналистерге сұхбатында Елена Осинская өз кәсіпорнының қалдықсыз өндірісімен мақтанды.

"Бізде Еуропалық жетекші өндірушілердің құрал-жабдықтары орнатылған. Мәселен, мал қиын кессондық жою жүйесі енгізілді. Біздің өндіріс қалдықсыз болып есептеледі. Жануарлардың тезегі арнайы цехтарда қайта өңделеді, содан кейін лагуналарда ұсталып, органикалық тыңайтқыштар түрінде біздің егістіктерімізге төгіледі", – деді ол.

Компания сол егістіктерден алынған астықты тек өзі тұтынумен шектелмейтін көрінеді.

"Біз арпа, бидай, тритикале шөбі секілді негізінен жемазық өндірісі үшін керекті дақылдарды өсіреміз. 20 мың гектар жеріміз бар. Қолымызда ауқымды алқаптық болуы ауыспалы егіс жүргізуге мүмкіндік береді. "Джон Дир", "Вектор" секілді өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы техникасына иеміз. Егістігіміздің ірі көлемде болуы арқасында төл кешенімізді қамтумен шектелмей, өзіміз өсірген дәнді дақылдарды бүкіл республикалық нарыққа сатып келеміз", – деді "Рубиком" басшысы.

2009 жылғы жалпыұлттық санақ Қазақстанда мұсылмандардың үлесі 70,19%-дан асқанын (11,2 миллион адам) паш етті. Ендеше Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шошқа қиы негізінде жасалған органикалық тыңайтқышты тіркеуден бас тартқаны бір жағынан, ризашылық сезімін тудырады. Дегенмен, егер "Рубиком" барлық құжаттарын тап-тұйнақтай етіп, толыққанды тапсырса, талпақ танау тезегінен жасайтын химөнімін егістікте пайдалануға рұқсат ала алады.

Жанат Ардақ


Telegram каналымызға жазылыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу