Екі аптадан соң Қазақстанға қызыл су келеді деп күтілуде

4288

Тасқын су да "цифрландырылады". 

Екі аптадан соң Қазақстанға қызыл су келеді деп күтілуде

"Қазсушар" республикалық кәсіпорны бас директорының орынбасары Ерлан Сәдуақасовтың айтуынша, ақпан айының басында қазақ жерін еріген қар суы баса бастайды. Бұл негізінен, оңтүстік өңірлерімізге қауіпті. Ал Қазақстанның басым бөлігінде су тасқынының басталуы наурыз айының басына тұспа-тұс келеді.

Су басу маусымының қалай өтетіні ауа райы жағдайларына және су тасқынына қарсы уақытылы қабылданған шараларға тікелей байланысты болады.

"Ақпан айында Қазгидромет ылғал қорының көлемі мен топырақтың қату тереңдігі туралы ақпаратты ұсынады. Осының нәтижесінде көктемгі су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталады. Сондай-ақ олардың мәліметтері негізінде біз су қоймаларының жұмыс режимін түзетеміз. Бұл қауіпті гидрологиялық құбылыстарды дер кезінде анықтау, гидротехникалық құрылыстардың жағдайын бақылау үшін жасалады", – дейді Е.Сәдуақасов.

Қазіргі кезде қызыл судан қорғану саласы цифрландырылуда. Осы салаға маманданған кәсіпкер, компания басшысы Руслан Іргебаев бүгінде қандай технологиялар қолданылатынын, нендей жаңа үрдіс-тенденциялар болып жатқанын қысқаша айтып берді.

"Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстарда және су тораптарында "су деңгейін бақылау жүйесі" (СДБЖ) енгізілуде. Бұл техникалық шешімді біз Қарағанды, Ақтөбе, Түркістан секілді бірқатар облыста табысты жүзеге асырдық. Сондай-ақ арыны қатты, мінезі асау Сырдария өзенінде "Үлкен су" құлақтандыру жүйесін 22 елдімекен тұсында ендірдік. Ал СДБЖ станциялары тасқын маусымында және техногендік алапат апаттар кезінде су деңгейінің шектен тыс шамаға жеткені туралы халықты дер кезінде хабардар ету үшін қажет", – деді ол.

Бұл жүйе қалай жұмыс істейді?

Руслан Іргебаевтың түсіндіруінше, су деңгейі белгіленген межеге жеткенде әлгі "су деңгейін бақылау жүйесі" іске қосылып, дабыл жолдайды. Бірақ тек тасқынмен шектелмейді: жүйе өзен-көлдерде су қоры тым жылдам қарқынмен толыға бастаса да хабарландырады.  

СДБЖ өлшеудің жоғарғы дәлдігіне ие радиолокациялық датчикпен жарақтандырылған екен.

Бұдан бөлек, станциялар су деңгейін фотоға түсіріп, фотофиксация жасайтын функцияға ие. Оның жиілігін өз бетінше реттеуге болады. Мысалы, тек тапсырыс бойынша ғана, немесе белгілі бір мерзім аралығында ұдайы түрде, болмаса, су деңгейі бекітілген межеге жеткенде фотоға түсіріп, жолдауға кіріседі. Нәтижесінде, құзырлы органдар күндіз-түні қайта-қайта шабылып жүрмей-ақ, кез келген уақытта өзен-көлдің жағдайын фото арқылы көзбен көріп, бақылау жүргізе алады. Бұл сондай-ақ сол су қоймасына қатысты цифрлық қорды қалыптастырып, динамикада бақылауға мүмкіндік берсе керек.

Жүйе төтенше жағдайлар департаменттері қолданатын және 7 облыста орнатылған "Марс-Арсенал" құлақтақтандыру жүйесімен толық интеграциялана алатын көрінеді. Егер осы интеграция жүзеге асырылса, су тасқыны басталғанда жүйеден түскен ақпаратқа орай дабылдар іске қосылар еді. Бұл – дамыған елдердің тәжірибесі.

"Құлақтандыру жүйесін Қазақстандағы өзендерге ендіру су басу маусымында іргелес облыстардың ТЖД органдарының үйлесімді қимылдауын да қамтамасыз етер еді. Сонымен қатар қуаттылығы 400 Вт асатын қуатты дабылды-сөзді құрылғылар арқылы жұртшылықты алдын ала ескертуге жол ашылмақ. Республикалық ауқымда алсақ, әр су айдынындағы су деңгейін есепке алып, Қазақстанда орнатылған барлық датчиктерден түсетін цифрлық мәліметтерді бір қорда жинауға болады. Бұл ұзақ мерзімді перспективада әр өзенге қатысты деректерді қордалап, талдап, зерттеуге мүмкіндік туғызады. Яғни, өзендердің толығуын ғана емес, сондай-ақ суалуын да дер кезінде білеміз. Саланы кең ауқымды цифрландырудың пайдасы да осында", – дейді Р.Іргебаев.

Жауапты құрылымдар әзір отыр

"Қазсушар" бас директоры орынбасарының айтуынша, Қазақстанда 2021 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық жоспарлы түрде жүріп жатыр.

Ерлан Сәдуақасов су тасқыны қаупінің алдын алу үшін кәсіпорын өткен жылдың күзінен бері су қоймаларында бос сыйымдылықтарды құрып жатқанын жеткізді. Яғни, олар кеңейтілуде.

"Біз бұл бағытта 2020 жылдың күзінен жұмыс істеудеміз. Сондай-ақ, бассейндік инспекциялармен, ТЖ өкілдерімен және әкімдіктермен бірлесіп, гидротехникалық құрлыстарды көзбен шолып тексеру жүргіздік. ТЖ туындаған жағдайға деп, құрылыс және басқа да инертті материалдардың, қаптардың қажетті қорлары дайындалды. Қажетті арнайы техникалар бар. Жанар-жағар май да дайындалды", – деді ол.

Бүгінде "Қазсушар" РМК-сы балансында республикалық меншіктегі 4 мың 953 су шарауашылығы және гидромелиоративтік нысан бар. Тарата айтсақ, оған 86 су қоймасы, 84 су торабы, 36 бөгет, 103 сорғы станциясы, 46 бас құрылыс, 3 мың 298 арна-канал және басқа да су шаруашылығы нысандары жатады. Мемлекет осынша су көзін қадағалай алады. Қалғанына – жеке сектор жауапты.

"Барлық су қоймасы бекітілген кестеге сәйкес іске қосу режимінде жұмыс істейді және көктемгі су тасқынын қабылдауға арналған қосымша сыйымдылық қоры түзілді. Егер жобалық көлемге дейін толып қалса, үлкен тасқын сулар келсе, бұл жағдайда олар транзиттік режимде жұмыс істейтін болады", – деп хабарлады "Қазсушар" басшылығының өкілі.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу