Соңғы бірнеше күн дересінде жұртшылық назары солтүстіктегі Екібастұз қаласына ауды. 27 қарашада жылу желілерінде орын алған апаттың салдары жұртшылыққа қиынға соғып отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Екібастұз қаласында әбден тозған жылу желілерінің бірнеше жерден жарылуынан соң тұрғындар әлі жылуға жарымай келеді. Бірден сол тұстағы облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың төрағалығымен жедел штаб құрылып, қалада техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Бұл уақытта өңірге ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин, Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Үкімет басшысы Әлихан Смайылов та келіп кетті. Бүгін бірінші вице-премьер Роман Скляр да келіп, апатты жоюға бағытталған жұмыстардың барысымен танысты. Жедел штабтың жұмысын енді ол басқаратын көрінеді.
Жоғары шенділер келіп, тиісті тапсырмаларды беріп, жағдайды бақылауға алып-ақ жатыр. Тіпті, тергеудің басталғанын мәлімдеп, апатқа себепкер болғандардың жауапқа тартылатынын айтты. Бірақ бұдан Екібастұз жұртшылығы жылына қойған жоқ. Қаланың тұрғыны, қоғам белсендісі Ерболат Әміренов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялағандай, "Келіп кеткен бастықтардың сөзі бойыңды жылытпайды. Үйіңді де жылытпайды. Көңіліңді де!".
Шынымен, жылудан жырақ қалған тұрғындар қазіргі таңда өлместің күйін кешіп жатыр. Ол ешкімге де жасырын емес. Әлеуметтік желілер пәтерге су кірген, жылу батареялары жарылған, подъездер мұздаған видеолар мен суреттерге толы.
"Жылусыз, сусыз, жарықсыз қалғанымызға бесінші күн болды. Үйдің ішіндегі ауа температурасы – 5 градус. Әкімдіктен жылытқыш әкеліп берді. Бірақ ол мәселені шешпейді. Әбден суып қалған пәтердің ішін жылыта алмайды. Оны қоссақ, шәйнек пен плитаны ажыратуға тура келеді. Жарықтың жиі сөнетіні тағы бар. Шыны керек, мұндай жағдайдан шаршап кеттік", - дейді Анна Опаренко есімді тұрғын.
Кеше Екібастұз қаласына тағы қосымша электржылытқыштар жеткізілді. Әкімдіктің мәліметінше, 5 мың құрал тегін таратылды. Бірақ солардың тым құрығанда біреуін іліп алуға асыққан адамдардың қарасын көрсеңіз. Сары аязда жылынудың қамын ойлаған тұрғындар бір-бірін таптап кете жаздады.
"Соңғы күндері апокалипсисте өмір сүріп жатқандаймыз. Қараңғыда май шам жағып отырамыз. Электр құралдарын қосайық десек, жарық жоқ. Үйде сырт киіммен жүру әдетке айналып кетті. Ауладағы азық-түлік дүкендері бір-екі сағатқа ашылған кезде нан, сүт алуға үлгеріп қаламыз. Өркениеттен ада қалған әлемде өмір сүріп жатқандаймыз", - дейді Бақыт есімді тағы бір тұрғын.
Соңғы күндері тұрғындар жаппай электржылытқыштар қосқан соң энергеия желілеріне түсетін жүктеме күрт көбейгені рас. Бұған дейін екібастұздықтар 32 мегаВатт тұтынып келсе, қазір 50-52 мегаВаттқа дейін жетті.
Пәтерлердегі жылу батареялары берілген қысымдыққа шыдас бермей, жарылып жатыр. Сондықтан үй жылу желісіне қосылған күннің өзінде пәтерге жетпейді. Батареялардан аққан су төменгі қабаттарға дейін өтіп, көршілерге одан сайын қолайсыздық тудырып жатыр. Мұндай жағдайларда өтемақы төлеу үшін әкімдік шағымдарды қабылдайтын алты орын ашты. Тұрғындар бірқатар мектепте құрылған бұл пункттерге келіп, қала әкімінің атына өтініш жаза алады. Кейін әкімдік өкілдері комиссиялық тексеру жүргізіп, шығынның көлемін есептейді. Бұған дейін Серік Жұманғарин шығынның барлығы жылу-электр орталығының қожайыны – Орталық-Азиялық электр энергетикалық корпорациясы тарапынан өтелетінін айтқан еді.
Соңғы күндері жылусыз, сусыз, жарықсыз қалған кейбір үйлерде кәріз жүйесі де істен шықты. Құбырлар қатып қалған соң инфрақұрылымның барлығы қолданысқа жарамай қалды.
"Пәтерімізде бүрсең қағып отырғанымыз аздай дәретханаға бара алмайтын халге жеттік. Бірінші қабаттағы тұрғындар оны пайдаланбаңдар деп дабыл қағып отыр. Судан ажыратылмаған туыс-туған, тамыр-таныстың үйіне барып, жуынып-шайынып келеміз. Одан басқа амал жоқ", - дейді Мәшһүр Жүсіп, 54/2 мекенжайындағы тұрғындар.
Екібастұз жұртшылығының соңғы бес күндегі тіршілігі осындай. Бүкіл халық ақаулардың тезірек жойылып, бұрынғы қалыпқа келуін тілеп отыр. Бірақ оның өзіне де біраз уақыт қажет. Құбырлардың зақымдалған учаскелері реттелгенімен, жертөлелелердегі, подъездердегі, пәтерлер ішіндегі желілерді ауыстыру, жөндеу жұмыстарының тағы біраз қинайтын түрі бар.
Бүгін ғана облыс әкімінің міндетін уақытша атқарушы болып тағайындалған Олег Крук жан бағуға жанталасқан жұртшылықтың өздігінен атқарып жатқан кейбір әрекеттері жағдайды реттеуге кері әсер етіп жатыр деп дабыл қақты.
"Кейбір тұрғындар бригадаларды күтпей-ақ өздігінен әрекет етуге тырысп жатыр. Жылу болмаған соң адамдардың ашулы екені, алаңдайтыны түсінікті. Алайда оның соңы жақсылыққа апармайды. Керісінше станцияның жұмысына кедергі келтіреді. Қатып қалған құбырларды қыздыра бастаған соң олар жарылып жатыр. Себебі, жиналып қалған бу сыртқа шығуы тиіс. Осыған байланысты ПИК-тердің жұмысы бақылауға алынады. Ал тұрғындардан желілік ыстық суды алып, құбырларды жылыту үшін пайдалануға, ішкі жылыту жүйесінен кәрізге желілік суды ағызуға болмайтынын еске салып, мұндай қадамдар жасамауды сұраймыз", - дейді Олег Крук.
Бес тәулікте әбден қалтыраған қалалықтардың жылынудың қандай да болсын әрекетін жасауға қамданатыны түсінікті. Бірақ жан бағудың мұндай жолы қашанға дейін созылады? Ақаулар толығымен қашан жойылып, жылумен қамту жұмысы қалпына оралады? Оны әзірше ешкім дөп басып айта алмайды.