Экономика өсімі баяулады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2403

Бұл – құрылыс пен металлургия салаларындағы бәсеңдеудің салдары.

Экономика өсімі баяулады

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменовтің баяндауынша, Қазақстандағы экономикалық белсенділік жағымды серпін көрсетуін жалғастыруда. Десе де, өткен аймен салыстырғанда бірқатар бәсеңдеу байқалып отыр.

"Ол бәрінен бұрын құрылыс және металлургия салаларындағы баяулаумен байланысты болып отыр. Ал экономикадағы өсу инфляциялық қысымның төмендеуі мен жоғары инвестициялық белсенділік нәтижесінде қамтамасыз етілуде", – деді Тимур Сүлейменов үкімет отырысында.

Министрдің дерегінше, инфляция жыл басынан бері 2,2%-ды құраған. Жылдық инфляция 6,5% деңгейінде тіркелді.

"Өнеркәсіп өндірісі 5%-дық жоғары өсімді сақтап отыр. Өңдеу өнеркәсібі әдеттегідей жоғары қарқын көрсетуде. Кен өндіру салалары да тиісті қарқынды сақтап отыр. Өндіру өнеркәсібінің өсімі негізінен мұнай-газ саласы арқылы қамтамасыз етілуде. Осы орайда, мұнай өндіру 5,9%-ға, ал табиғи газ өндірісі 6,1%-ға ұлғайғанын атап өткен абзал. Сусын өндіру 8,2%-ға, мұнайды қайта өңдеу 7,8%-ға, тамақ өндірісі 6,4%-ға, сондай-ақ қара металлургия өндірісі 6,1%-ға артты. Ауыл шаруашылығы саласының өсімі 3,8%-ды құрады", – деді Тимур Сүлмейменов.

Ұлттық экономика министрінің хабарлауынша, қаңтар-сәуір айларындағы құрылыс өсімі 1-тоқсанмен салыстырғанда 2,1%-ға дейін бәсеңдеген. Оған Павлодар мұнай-химия зауытындағы жаңғырту жұмыстарының, нақтырақ айтсақ, магистральді құбырлар мен өнеркәсіптік нысандар құрылысының тәмамдалуымен байланысты болып отыр.

"Сыртқы сауда айналымның өсуі жылдамдады. Бұл – экономикадағы іскерлік белсенділіктің нәтижесі. Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 24,3%-ға ұлғайды. Экспорт 27%-ға өсті. Бұл ретте, шикізаттық емес тауарлар экспортының өсімі 11,2%-ды құрады. Импорт 19,4%-ға артты. Ол негізінен импортталған инвестициялық тауарлардың есебінен өсті. Олардың ұлғаюы 25,7%-ға тең болды", – деді министр.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, еңбек нарығында тұрақтылық сақталып отыр. Жыл басынан 134,8 мың адам жұмысқа орналастырылған.

"Сәуірде жұмыссыздық деңгейі өзгеріссіз қалды. Яғни, 4,9%-ды құрады. Жыл басынан бері нақты еңбекақының өсуі байқалады. Ол 1,2%-ды құрады. Қаңтар-сәуірде орташа айлық еңбекақы 152,3 мың теңгеге тең болды", – деді Тимур Сүлейменов.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің сөзінше, жыл басынан бері тұрғын үй саласына 274,8 млрд теңге инвестиция құйылған. Ол былтырғы жылдың деңгейінен 17,5 пайызға жоғары.

"Астана қаласы, Павлодар және Атырау облыстарындағы құрылыс қарқыны төмен. Өзге облыстарда оң динамика байқалып отыр. Жалпы көлемі 3,6 млн шаршы метр болатын тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылдық жоспардың 29,7%-ын құрады. Жалпы республика бойынша 31 442 баспана пайдалануға берілді. Оның 11 812-сі – жеке үй", – деді Жеңіс Қасымбек.

Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, ағымдағы жылдың 1-тоқсанында республикалық бюджетке 1 781,7 млрд теңге кіріс түскен. Бұл жоспардан 16 млрд теңгеге артық. Ал былтырғы жылдың төрт айының көрсеткішінен 173 млрд теңгеге көп.

"Жоспардың артығымен орындалуы негізінен салықтар бойынша қалыптасты. Олардың ішінде, үстеме табыс салығы 8,5 млрд теңгені, шикі мұнайға салынатын экспорттық кедендік баж салығы 32,1 млрд теңгені құрады. Бірақ, жыл басынан бері корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмау тенденциясы жалғасуда. Есептік кезеңде жоспар 43 млрд теңгеге орындалмады. Бұған банк секторынан түсетін түсімдердің азаюы себеп болып отыр", – деді Бақыт Сұлтанов.

Қаржы министрдің айтуынша, жергілікті бюджеттердің кірістері 106 млрд теңгеге артығымен орындалып, 728 млрд теңгені құрады. Асыра орындалған соманың 77 млрд теңгесі жергілікті салықтарға тиесілі.

 "Жыл басынан бері экономикалық өсімнің оң қарқыны байқалып отыр. Алайда, 4 айдың қорытындысы бойынша сәуірде өсім 3,8%-ға дейін баяулағанын көрдік. Деректерге қарасақ, министрліктер мен өңірлер кейбір көрсеткіштер бойынша өткен айлардың деңгейін сақтамайтындығы байқалды. Ол әсіресе құрылыс саласында анық көрініп отыр. Бұл дегеніміз жұмыс тиімділігі төмендеді деген сөз. Сол себептен өздеріңізге сеніп тапсырылған салаларда пәрменді және нақты шаралар қабылдауларыңыз қажет екендігін айтқым келеді. Елбасы қойған міндетті орындау мақсатында барлық министрліктер мен өңірлер бойынша экономика салаларында ай сайын өсім болуы тиіс", – деді премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу