Экономист: Дәл қазір рубльден бойымызды аулақ ұстауымыз керек

4017

Украина аумағына басып кірген Ресейге қарсы Батыс елдері санкцияларды күшейтіп жатыр.  

Экономист: Дәл қазір рубльден бойымызды аулақ ұстауымыз керек

Салмақты санкциялар рубль құнына әсер етіп, РФ Орталық банкі шұғыл интервенция жүргізді. Мұндайда Ресей экономикасымен тығыз байланысты Қазақстан экономикасын қандай сын күтіп тұр? Рубльдің соңынан теңге де құнсызданып кетпей ме? Ол үшін Ұлттық банк не істеуі керек? Сұрақты inbusiness.kz тілшісі экономист Расул Рысмамбетовке қойып көрді.

Теңге үшін қауіп қандай?

Мәскеу биржасы доллар құнын рубльге шаққанда 84,07 шегімен белгілесе де, Forex доллар құны шын мәнінде 90 рубльден асып кеткенін хабарлайды.

Ресей билігі санкциялардың салмағын азайту үшін барын салып жатыр. Алдымен несие беретін ұйымдарға төлем қабілетін арттыратын қосымша қолдау шаралары берілді. Орталық банк репо аукционын жариялады. Ол арқылы ресейлік банктер триллион рубльге дейін ала алады. Сонымен қатар Ресейде брокерлерге валютаның құбылуына байланысты ортада пайда табатын операцияларды шектеді. Несие беру шарттары жеңілдетілді.

Ал Қазақстанда экономистердің кейбірі рубльді теңгеге немесе долларға ауыстыруды шұғыл тоқтату керек деп есептейді. Әйтпегенде Қазақстан бар-жоғы бір күнде алтын валюта қорынан айырылып қалуы мүмкін.

"Біз Қазақстандағы рубль қозғалысын шектеуіміз керек. Болмағанда біздің тауарлардың бәрі, мүлкіміз, кез келген активіміз құны жоқ "сабан" ақшаға, яғни ресейлік рубльге сатылып кетеді", – деп жазады экономист Мұхтар Тайжан.

Нарықты қорғау керек

Белгілі экономист Расул Рысмамбетов бұл жағдайда ең бірінші кезекте, Ресей емес, қазақстандық кәсіпкерлер үшін қауіп төндіріп тұрғанын айтады. Қазір олар өзінің рубльмен жинаған ақшасын теңгеге ауыстыра бастайды. Өйткені қазір рубльмен доллар сатып алу таяуда мүмкін болмайтындай жағдай туындап отыр. Мұндай тәуекел әзірге төмен десек те, бар.

"Конвертацияның екі орталығы бар. Бірі – биржадан сату, сатып алу. Екіншіден, банктердің ішкі тапсырысы арқылы ауыстыру. Менің ойымша, бұрынғыдай рубльмен теңге сатып алуды көздейтін үлкен конвертацияларды бақылау керек", – дейді Расул Рысмамбетов.

Десе де экономист рубль-теңге конвертациясын толық тыйым салуға болмайтынын айтады. Алайда тексеру керектігін тағы еске салады.

"Қазір жинағын рубльмен сақтаған біздің Қазақстанның азаматтары да ақшасын рубльден басқа валютаға ауыстырғысы келері анық. Өйткені Ресейде жұмыс істейтін біздің қазақстандық ірі бизнес осының салдарынан шығынға батып қалмауы тиіс. Рубль-теңге конвертациясының ірілерін тексеру керек. Әйтпегенде ірі конвертациялар біздің теңгеге қауіп төндіруі мүмкін. Біз дәл қазір рубльден бойымызды аулақ ұстауымыз керек. Кейбір шекті белгілеулерге қарасақ, рубль құны долларға шаққанда 100-ден асып кетті. Біздегі қалыпты құбылыс – бір рубль 5,5-5,8 теңге аралығында. Бірақ қазір бұл шекті қарау керек. Менің ойымша, ресейлік тауарлар үшін тарифтік емес шектеу деген ұғым бар. Яғни олар біздің нарыққа жаппай баса көктеп кірмеуі тиіс. Екіншіден, ресейлік нарық Қазақстаннан 10 есе жоғары. Егер олар біз арқылы доллар сатып алғысы келсе, бұл теңгені қатты әлсіретуі мүмкін. Қазақстан ресейліктер үшін доллар сатып алатын жерге айналмауы тиіс", – дейді ол.

Аян Бекенұлы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу