Үкімет алаңдамауға негіз болатын картаны әлі ашқан жоқ

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
5205

Сақтық қорларындағы ресей рублінің тағдырын бүгін ойламасақ, ертең кеш болады.

Үкімет алаңдамауға негіз болатын картаны әлі ашқан жоқ

Мамырдың бас кезінде Ресей президенті Владимир Путин өзінің жарлығында 2024 жылға дейін Ресей Федерациясы әлемдегі дамыған бес мемлекеттің қатарына қосылуы қажеттігін айтты. Осы елдің Стратегиялық талдаулар орталығы сарапшылар кеңесінің төрағасы Алексей Қудрин дамыған бес мемлекеттің қатарына қосылуы үшін жалпы ішкі өнімнің дамуы 6%-дан кем болмауы керек екенін алға тартып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 1,5% деңгейінде болған. РФ экономикалық даму министрлігі алдағы үш жылда бұл көрсеткіш 3,1% деңгейінде қалыптасады деп болжап отыр.

"РосБизнесКонсалтинг" компаниясы жыл басында әлеуметтік бағытта біраз өзгерістердің болатынын, соның ішінде әйелдердің зейнет жасы 63 жасқа дейін көтерілуі мүмкіндігін айтқан еді. Болжам расталды. Мамырдың бас кезінде Ресей үкіметінің басына қайта келген Дмитрий Медведев әйелдердің зейнет жасын көтеру мәселесін қараудың кезі келгенін және мұны барынша жұмсақ сценариймен жүргізу қажеттігін мәлімдеді. Сарапшылар болса РФ үкіметінің келесі қадамы әлеуметтік төлемдерді түзету екенін айтып отыр.

 Әлемдік экономикадағы рецессия 2018 жылдың алғашқы жартысына дейін жалғасуы мүмкін деген сарапшылар болжамы шындыққа айналатын түрі бар. Себебі долларды үстеп қоректендіру ең төменгi мөлшерiнде жүріп жатыр. Бұдан әрі ол шегiне алмайды. Демек, долларды үстеп қоректендiру көтерiлмейiнше, әлемнің АҚШ-тан басқа мемлекеттерiнде "қоректендіруді жақсарту нышанын" көру қиын болады. Сол себепті сарапшылар 2018 жылдың ең ауыр соққысы Ресейге қарай бағытталуы мүмкін деп отыр.

"Неге?" деген сұраққа жауап дайын. Ресейде осы уақытқа дейiн бүкiләлемдiк қаржы дағдарысымен күресті дәл еліміздегідей немесе тiптi Жапониядағыдай нақты жоспармен бекіткен жоқ. Бей-берекет жағдайда жұмыс iстеп келдi. Дәлiрек айтсақ, қай жер қиындыққа тап болады, сол жерге барып "қаржылай көмек қолын" ұсынумен шектелді.

Қаржыгер Ілияс Исаевтың айтуынша, Ресей Федерациясының тағы бiр олқы тұсы – "мұнай долларлары" халыққа бюджеттен қарастырылған әлеуметтiк мiндеттi төлемдердi өсiру iсiне тiкелей бағытталып келдi. Сондықтан да қазiр бiздегiдей емес Ресейде жалақы, зейнетақы, шәкіртақы мен жәрдемақы дейтiндер жоғарырақ болып тұр. 2019 жылы Ресей индустриясында рецессия тереңдей түскен кезде және экспорттық тауар өтiмдiлiгi нашарлаған шақта аталған бюджеттiк мiндеттi төлемдердi уақытында өтеу мүмкiн болмай қалуы да ықтимал.

"Себебі биылғы жылы мұнай өндiрiсi мен экспортын 10%-ға өсiре алған федерация басшылығы келер жылы мұндай өсiмдi табиғи мүмкiндiктiң жоқтығынан қамтамасыз ете алмайды. Демек, Ресейдiң 1997 жылдағы Оңтүстік Азия елдерiнен соққан дауылдағыдай жағдаймен бетпе-бет қалуы да, рубльдiң мол мөлшерде девальвацияға ұшырауы да әбден мүмкін. Қазірдің өзінде ол жақсы жағдайда тұрған жоқ", – дейді Ілияс Исаев.

2014 жылы сол кездегі Ұлттық банк төрағасы "мұнай бағасы 80 долларды, ал ресейлік рубль 43 долларды маңайлай бастаса, онда теңге бағамына қатысты алаңдай бастауға болады" деген еді. Мұндай пікірді қазіргі төраға Данияр Ақышев та талай рет айтты. Қазір теңге мен рубль арасындағы тепе-теңдік: 5,5-5,7.

"Ракурс" экономикалық талдау орталығының директоры Ораз Жандосовтың пікірінше, рубльдің долларға шаққандағы бағамы құлайтын болса, ол теңгеге әсер етеді. Себебі Қазақстанның Ресейге деген экономикалық тәуелділігі шектен шығып кетпесе де, жоғары деңгейде. Бізге мұндай жағдайда басқа елдермен, әсіресе Қытай Халық Республикасымен импорттық-экспорттық бағытымызды әртараптандыруымыз керек. Ораз Жандосовтың айтуынша, сауда саласында Қазақстан Ресеймен бәсекеге түсуге қауқарсыз. Ол елдегі ішкі нарықтың өлшемі, адами әлеует және жағрапиялық мүмкіндігі бізден жоғары.

"Қазір ішкі инвестицияға көңіл бөліп, экономикалық саясатты дұрыс жүргізу керек", – дейді Ораз Жандосов.

Қысқасы, әлем сарапшылары соңғы кездерi бiрауыздан айтып жатқан Ресей Федерациясындағы 2019 жылғы дағдарыс шындыққа жақындап қалған сияқты. "Қазақстан iргедегi алып көршiсi жағынан соғатын алапат дауылға қарсы тосқауыл қоя ала ма? Біздің үкімет пен Ұлттық банктің дайындығы қандай?" деген сұрақ тағы алдан шығады. Бірақ "қауiп бар" деген сөздi бiрде-бiр лауазымды тұлғаның аузынан естімедік.

Қаржыгер Ілияс Исаев Ұлттық банк басшылығы соңғы кездері отандық қаржы нарығында рубльдiң бағасын өсiрумен шындап айналысып кетті деген қаупін айтады. 2008 жылдарға дейін рубль бiздiң қаржы нарығында 4 теңге 70 тиын болған.

"2018 жылдың алғашқы жартысында сол рубль 1997 жылғыдай 10 есе құнсызданып кетсе, Ұлттық банк не iстей алады? Бұған жауап жоқ. Ескерте кетейiк, экспорт-импорт тауар алмасуда Ресей Федерациясы ең салмақты елдердің бiрi болғандықтан, бұл елдің ұлттық валютасы біздің сақтық қорларымызда аса мол мөлшерде жинақталған. Соның "тағдырын" бүгін ойламасақ, ертең кеш болады", – дейді Ілияс Исаев.

АҚШ пен Ресей арасындағы текетірес одан әрі ушығып, санкцияның салқыны солтүстіктегі көршімізді бір сілкіп тастады. Себебі, Ақ үйдің соңғы қара тізіміне ресейлік 7 ірі кәсіпкер мен 12 компания іліккен болатын. Ал, санкция салынысымен ресейлік олигархтар иелік ететін компаниялардың акциясы құлдырап, көрші елдің қор биржасы қожырап кетті. Тіпті, рубльдің долларға шаққандағы құны бір күннің ішінде 4,3%-ға дейін құлдыраған.

Сарапшылар болса Ресейдің қаржы секторы кейінгі 4 жылда мұндай ауыр соққыны бастан өткерген жоқ дейді.

Экономист Әнуар Үшбаев 2014 жылғы құлдырау Ресей қарулы күштерін шет аймақта қолдануы мүмкін деген шешімінен туғанын, содан бері санкциялар көбейіп, қазір шегіне жеткенін еске түсірді. Бұған дейін ресми Мәскеу кейбір азық-түлікке қатысты санкциялардың жолын тапқан еді, қазір санкция қаржы секторына жетті. Ресей экономикасының маңызды активі саналатын "Сбербанктың" акциясы төмендеп кетті. Ал "Сбербанктың" филиалдары Қазақстанның барлық аймағында жұмыс істеп тұр.

"Мұның салдарын кеңінен болжау өте қиын. Рубль құнсызданса теңгенің де әлсірейтінін байқай аламыз. Әрине, Ұлттық банктің жеткілікті қоры болғанмен, еркін айналымдағы нарық заңдылығына тәуелдіміз. Ресейдің АҚШ және Батыс елдерімен теке-тіресі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Ресми Кремль қазір жаңа шектеу есеңгіретіп кеткен экономикалық ахуалды реттеуге тырысып, миллиардтаған долларынан айырылған компанияларға қолдау білдіретінін айтып жатыр. Санкцияның соңы бұл емес", – дейді Әнуар Үшбаев.

Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов биылғы жылдың сәуір айының бас кезінде Алматыдағы қаржы саммиті кезінде рубльдің долларға шаққандағы бағамына коррекция жасалғаны Қазақстанда да сезілгенінін айтты. Министрдің пайымдауынша, бұл жағдайдың біздің экономикаға әсеріне нақты баға беру үшін жағдай қалай өзгеретінін бірнеше күн күте тұру керек.

"Егер рубль осылай құлдырай берсе және бұл тұрақты сипат алса, онда айтарлықтай бір ықпалды біз де байқаймыз, мұндай жағдайда Ұлттық банкпен бірге белгілі бір жұмыстарды жүргізуге тура келеді", – дейді Тимур Сүлейменов.

Одан бері бір айға жақын уақыт өтті. Жағдайдың қалай болғанын сырттан бақылап отырған үкіметтің қандай шешімге келгені бізге белгісіз. Сарапшылар теңгенің рубльден қол үзетін кезі әлі алда екенін айтады. Себебі екі валютаның арқа сүйейтін дүниесі – мұнай мен шикізат көздері. Мұнайлы экономикаға деген тәуелділік екі елдің де шикізаттық емес секторға деген адымын тежеп тұр. Біз үшін бірінші міндет Ресейден келген инфляцияның ықпалын әлсірету", – дейді экономист Ерлан Ибрагим.

 "Ресейден соғатын боранға тосқауылымыз бар" деп үкіметіміз үкілеп отырған "А" және "Б" жоспарлары тегеуірінді ме? Оны дайындауға тәуелсіз сарапшылардың мүмкіндігі қандай деңгейде жұмылдырылды? Ол жағы бізге белгісіз.

"Алаңдамаңдар" деген үкімет алаңдамауға негіз болатын картаны әлі ашқан жоқ.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу