Ел тасқын сумен күресіп жатқанда, шенеуніктер миллиардтарды шығындап жатыр

10878

Министр елдегі бүкіл мемлекеттік сатып алуларды "шаңсорғыштай" сорып жатқан ірі компанияны тапты.

Ел тасқын сумен күресіп жатқанда, шенеуніктер миллиардтарды шығындап жатыр Фото: canva.com

Кәсіпкерлер дабыл қағуда. Тендер саласында ешкімге дес бермейтін, алдына қара салмайтын олигарх пайда болды. Бірақ оның артында кім тұрғанын депутаттар да, үкіметтегілер де айтпайды.

"Бүгінде шынында да, жекелеген компания бар, олар сөз байласып, барлық өңірлердегі мемлекеттік сатып алуларға қатысып, жаппай жеңіске жетеді. Содан кейін конкурстардың "қаймағын қалқып" алады да, қалғанына жергілікті компанияларды жалдайды. Олар тендер атаулыдан қағылып, банкрот болып жабылмау үшін амалсыздан мардымсыз ақыға оның бүкіл жұмысын орындауға келіседі. Тіпті бас мердігер жергілікті жұмысшыларды жалдағанда, заңды белден басып, келісімшарт бекітпейді. Олар да тиын-тебенге жұмыс істеуге мәжбүрленеді. Салдарынан, бұл мердігердің және оның қосалқы мердігерлері мен жеткізушілерінің жұмысының сапасы еш сын көтермейді", – деді мәжілісмен Юлия Кучинская.

Мәжіліс таяуда "Мемлекеттік сатып алу туралы" жаңа заңын мақұлдады. Онда әкімшілік-аумақтық бірлік шекараларында жергілікті, өңірлік тауар өндірушілер мен қызмет көрсетуші кәсіпкерлерді қолдау шараларын заңнамалық актілерде реттеу ұсынылған. Яғни, жауапкершілікті сырғытып, бар билікті министрлерге берді.

Алайда ол актілердің, яғни қағидалардың жобасында жергілікті мазмұнға 1% шартты жеңілдік беру түріндегі қолдау ғана қарастырылған.

Кучинскаяның айтуынша, алпауыттар бұл 1 пайызды өзге көрсеткіштердің көмегімен еркін еңсеріп кете алады. Өйткені сала олигархтарының өзге баптар мен талаптар бойынша жинайтын "шартты жеңілдіктері" 5-10%-ға жетеді. Оның арасында қаржылық тұрақтылығы, жұмыс өтілі, орындаған жұмыс көлемі, салықтық есептілігі, толып жатқан басқасы бар. Олармен жергілікті бизнес жағаласпақ болса, "аттыға еріп, жаяудың таңы айрылыптының" кері келеді.

Депутаттардың айтуынша, Үкімет жергілікті өндірушілерге қомақты жеңілдік бермеу арқылы орталықтан немесе шетелден экспансия жасайтын монополистерге "тікелей қолдау көрсетіп отыр". Мысалы, жаңа мемсатып алулар заңының жобасына кейбір депутат тапсырыс берушілердің жаңа біліктілік талабын енгізуді ұсынған. Тендерге қатысушының қызмет көрсетуге қажетті адами және техникалық ресурстары міндетті түрде аталған әкімшілік-аумақтық бірлікте орналасуға тиіс деген. Алайда Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында ондай бап жоқ. Үкімет тарапынан да, Парламенттегі жұмыс тобының сүзгісінен де өтпей қалса керек.

Жаңа Қаржы министрі Мәди Такиев мемлекеттік сатып алу саласында қалыптасқан жағдайдан өзі де "шок болып" отырғанын жасырмады.

"Жасыратыны жоқ, бүгінде бір ірі компания барлық өңірлердегі бүкіл мемлекеттік сатып алуларды шаңсорғыштай жұтып алып жатыр. Сондай фактілер бар. Салдарынан жергілікті салық төлеушілерге ештеңе де қалмайды. Бұл тәжірибемен күрес былтыр басталды: өткен жылы территориалдық нышанды ескеретін пилоттық жобаны іске қостық. Ол жергілікті өндірушілерге 1 балл (1%) басымдық қосады. Пилоттық жоба қолға алынған жарты жыл ішінде жергілікті кәсіпорындар мемлекеттік сатып алуларда ұта бастады. Бұрын бір конкурста жеңсе жетістік саналатын, қазіргі кезде он конкурсқа дейін жетеді", – деді еліміздің бас қаржыгері Мәди Төкешұлы.

Ол депутаттар мен бизнесмендердің жеңілдікті ең құрыса 2 пайызға дейін көтеру ұсынысын қарастыруға дайын екенін жеткізді. Бірақ әзірге қарастырмаған. Өзі жергілікті кәсіпкерлер тендерлерді көбірек жеңуге тиіс деген ұстанымды жақтайтынын айтты.

Сонымен бірге министр елде "ұлы көш" басталуы мүмкін екенін болжады. Қандай өңірде қомақты конкурстар жарияланса, компаниялар сонда тіркеліп, облыстан облысқа көшіп жүреді. Сөйтіп, уақытша "жергілікті өндіруші" атанады. Бұған жол бермеу үшін де белгілі бір шектеулер қарастырылғаны жөн. Мысалы, "жергілікті" саналуы үшін сол өңірде белгілі бір мерзім бойы жұмыс істеуі шарт.

Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлы тағы бір масқара деректі келтірді. Оның байламынша, мемлекеттік сатып алуларда басты үш қағидат іске асуға тиіс, бұлар – бюджет қаражатын тиімді жұмсау, барлық тарапқа тең қолжетімділік ұсыну, бәсекелі баға белгілеу.

"Үкімет осы қағидатты халық алдында декларациялайды, бірақ айнала беріп, тасада соның бәрін бұзатын қаулы-құжаттар әзірлейді. Мысалы, "бір көзден" немесе "ерекше тәртіппен" сатып алуға барынша жағдай жасайды. Мұны ұлттық компаниялар, министрліктер жанындағы РМК мен АҚ-тардың бәрі қолданады. Ол тәсілдер жаңа мемсатып алулар заңының жобасына көшті. Мен мұны жаман мұра санаймын", – деді мәжілісмен.

Оның айтуынша, мысалы, Ауыл шаруашылығы министрлігі 2022, 2023 және 2024 жылдардың бюджетінде ветеринарлық дәрі-дәрмекті нарықтағыдан 250% қымбатқа сатып алуды қарастырыпты. Соның алдында ашық конкурс өткізіп еді, компаниялар өзара сайысып, 250% төмен баға ұсынған.

"Мұны көрген министрлік пен Үкімет дереу шектеу қойды, тиісінше, бір жеткізушіден сатып алуды бекітті. Оған сібір жарасына қарсы бір ғана препарат бойынша 576 миллион теңге артық төледі. Ашық конкурспен сатып алса, бюджетте бекітілген 250 пайызға артық соманы тегіс игере алмайтынын көріп, бәсекелестікті қаулымен тыйды. Ұқсас жағдай Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Turar Healthcare ұлттық операторына қатысты орын алуда. Президенттің өзі айтты: денсаулық сақтау саласының 655 жобасы аяғына жеткізілмеген. Өйткені жалғыз ғана жеткізушіні белгілеген: денсаулық сақтау объектілерін жобалау, құрылысын салу, реконструкциялау, жөндеу, күтіп-ұстау, тіпті оларға қызмет көрсету де соған берілген. Яғни, Тоқаевтың тапсырмасы орындалмайды, есесіне елорданың сол жағалаудағы орталығында бірнеше еңселі кеңсесі бар компания бүкіл Қазақстандағы 655 жобаны жобалап отыр", – деді депутат Болатбек Нажметдинұлы.

"Мемлекеттік сатып алу туралы" негізгі және ілеспе заңдар толық қабылданбай тұрып, осы былықтарға тосқауыл қоятын түзетулер қабылдауға депутаттардың "шансы" бар. Ол мүмкіндікті депутаттар пайдалана ма, әлде "тендер барондарының" шылауында кете ме, уақыт көрсетеді.

Дәл осы кезде "Голос народа" анықтағандай, елдің топан сумен алысып жатқанын пайдаланып, шенеуніктер мемлекеттік сатып алулар арқылы ел қаржысын қымбат көліктер мен пәтерлерге шығындап жатқан көрінеді.

Басылымның хабарлауынша, жанталасқан шенділер бір ғана сәуір ішінде әрқайсысының құны 5 миллиард теңгеден асатын 38 лотты апыл-ғұпыл жариялап үлгеріпті. Бірақ оның кейбірі өтпей қалған немесе бас тартылған.

Дегенмен, биліктегілерді бұл да тоқтата алмауы мүмкін. Өйткені удай қымбат лоттардан бас тартудың жиі кездесетін себебі – конкурсқа бір ғана өтінімнің түсуі болған. Шенеуніктер конкурсты бірнеше рет "өтпеді" деп таниды да, артынан бір жеткізушіден сатып ала салады.

2015 жылдан бері қолданыстағы "Мемлекеттiк сатып алу туралы" заңының 29-бабына сәйкес, конкурс тәсілімен қайтадан "мемлекеттік сатып алу өткізілмеді" деп танылған жағдайда, конкурсқа қатысуға ұсынылған өтінімдер болмаған жағдайда, конкурсқа қатысуға екеуден аз өтінім ұсынылған жағдайда, тапсырыс беруші бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға құқылы. Осы мақсатта, яғни өзімен ымыралас компаниядан сатып алу үшін шенеуніктер тендерге өзге бәсекелес компанияларды түрлі сылтаумен жібермей қояды.

Астананың құрылыс басқармасы биылғы наурыз соңында жұмыс істейтін жастар үшін ауданы 37-55 шаршы метрді құрайтын жалпы саны 362 бір бөлмелі пәтерлерді 7,2 миллиард теңгеге жуық сомаға сатып алуға шешім қабылдады. Астаналық басқармаға сонша көлемде баспананы сатуға "Жарқын Құрылыс" ЖШС ғана келісіпті. Ақыры 17 сәуірде басқарма бір көзден сатып алу тәсілімен сонымен келісім бекіткен.

Мұндай мысалды барлық дерлік өңірден табуға болады. Алматы қаласы әкімдігінің тәбеті алапат көрінеді. Ол әлеуметтік аз қамтылғандарды жаңа баспанамен қамтуға бел буған. Алматылық әкімдік 2 000 пәтерді 61,4 миллиард теңгеге алуға ұйғарды. Бағасы Астанаға қарағанда екі еседей жоғары. Әр пәтерге орта есеппен 30 миллион теңгеден астам ұсынған.

Бұл – сәуірдегі ең қымбат мемлекеттік сатып алу болып, көш бастап тұр. Әрине, тасқын еліміздің ең ірі мегаполисіне жетпегені мәлім. Журналистер Алматы әкімдігінің бір қулығына назар аудартты. Барлық 2 мың пәтерді бір лотпен сатып алса, сомасы ғаламат болатынын түсініп, оны бірнеше жеке лотқа бөлшектеп тастапты. Алайда жүйе бәрібір оларды бір тендерге біріктіріп қойған.

Ол ол ма, сәуірдегі ең қымбат лоттардың ТОП-10-ының алтауын Алматы әкімдігі иеленді. Ал, жыл болса, енді ғана басталды.  

Мысалы, алматылық шенеуніктер бюджет есебінен 628 автобустар, 100 троллейбус және басқасын сатып алуға шешім қабылдады.

Алматылық экология және қоршаған орта басқармасы Үлкен Алматы каналынан солтүстікке қарай жатқан аумақты абаттандыру мен жасылдандыруға 9,9 миллиард теңге шығындамақ. Бұдан аз қаржыға Астананың өзінде 362 жас отбасыға пәтер сатып алуға болады.

Ақпарат құралдары наурызға қарағанда, сәуірде мемлекеттік сатып алу лоттарының саны азайғанын, есесіне, бағасы қымбаттағанын жазады.

Мысалы, Қызылорда облысы Инновациялы шығармашылық орталығын ("Оқушылар сарайын" шенділер солай атайды) салуға 9,2 миллиард теңге шығындамақ. Салыстырсақ, Шымкенттің өзінде Инновациялы шығармашылық орталығын тұрғызу 7,2 млрд теңгеге түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу