Елде 14 ферма цифрлы ақша өндіруде

23804

Цифрлы майнинг – бүкіл әлемге танымал сала.  

Елде 14 ферма цифрлы ақша өндіруде

Ағылшын тілінен келген майнинг (ағ. mining) сөзі тау-кен саласында қазба байлықты өндіру мағынасын береді. Дегенмен қазіргі интернет желісінде биткойн тәрізді цифрлық валюталарды өндіруді де мамандар "майнинг" деп атап жүр, ал өндіріс орнын ферма дейді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында былтыр цифрлық майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылғанын тілге тиек ете отырып, ақпараттық технологиялар саласы мен ұлттық бизнес ынтымақтастығының болашағы зор екенін айтты.

"Мемлекеттік және жекеменшік ірі компаниялар шетелде жасалған әзірлемелер мен қосымшаларды сатып алуға ондаған миллиард теңге жұмсайды. Үкімет өнеркәсіп пен ақпараттық технологиялар саласының арасында өзара тиімді ынтымақтастық орнатуға атсалысуға тиіс. Бұл әр саланың цифрлы экожүйесінің қозғаушы күші бола алатын цифрлы технология платформаларын құруға мүмкіндік береді", – деді мемлекет басшысы.

Биылғы жылдың 11 маусымда өткен сенаттың пленарлық отырысында сенатор Жеңіс Нұрғалиев сол кездегі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевке криптовалютаға қатысты сауал жолдады.

"Заң жобасы заңнамада көзделген жағдайларды қоспағанда, цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына тыйым салады. Алайда цифрлық майнинг ісіне рұқсат етілген. Елімізде осындай цифрлық кеніштердің саны қанша, оларды қалай және кім бақылайды?", – деп сұрады сенатор.

Асқар Жұмағалиев қазіргі кезде елде цифрлық майнинг өндірісімен айналысатын 14 ферма бар екенін мәлім етті.

"Цифрлы майнинг – бүкіл әлемге танымал сала. Біз АҚШ, Швеция, Оңтүстік Корея сында елдердің тәжірибесін зерттедік. Бүгінгі таңда "цифрлық майнинг", "криптовалюта" ұғымдары күнделікті өмірге дендеп енгенін көріп отырмыз. Қазақстанда цифрлық майнинг өндірісі дамып жатқанының нақты мысалын келтірейін: қазір елімізде 14 цифрлық ферма бар. Бұл цифрлық фермалар электр көздеріне жақын салынуда. Олар негізінен солтүстік облыстарда, Павлодар және Шығыс Қазақстанда көбірек. Бүгінде Оралда және басқа аймақтарда да осындай фермалар бар. Бұл істің әлеуетті зор екенін көріп отырмыз", – деген еді экс-министр.

Ол келер жылдары цифрлық майнинг өндірісіне жүздеген миллиард теңге инвестиция тартылатынын мәлім етті.

"Жалпы, халықаралық сарапшылармен бірлесе отырып дайындаған есебіміз бойынша, осы 82 миллиард теңге көлемінде инвестиция алуға мүмкіндік берген 14 фермадан басқа, алдағы үш жылда елімізге жалпы цифрлық майнинг өндірісін дамыту үшін тағы 300 миллиард теңге инвестиция қосылады деп күтілуде", – деп сөзін толықтырды Асқар Жұмағалиев.

Кембридж университетінің Bitcoin Electricity Consumption Index көрсеткішінде майнинг немесе блокчейн желілеріне арналған есептеу техникасының қуатын өлшеу бірлігі – хешрейттің орташа айлық көрсетіші бойынша, еліміз әлем елдері арасында төртінші орында екен.

дереккөзі: https://www.cbeci.org/mining_map

Сондай-ақ, Президент Жолдауында елдің "мәліметтерді" өңдеу және сақтау жөніндегі халықаралық хабқа айналуына жағдай жасайтын заңдар қабылданғанын да айта отырып, цифрлы майнинг саласына келетін инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуді тапсырды.

"Былтырдың өзінде цифрлы майнинг ісіне 80 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Бірақ мұнымен тоқтап қалуға болмайды. Елімізге әлемдік алпауыт цифрлы компанияларды тартуымыз керек. Әйтпесе өзге мемлекеттер алдымызды орап кетеді. Бес жыл ішінде осы салаға салынатын инвестиция көлемін 500 миллиард теңгеге дейін жеткізуі қажет", – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу