Елдегі әрбір жетінші жұмысшы қауіпті жағдайда еңбек етіп жүр

1456

Үш жылда еңбек инспекторларының жартысына жуығы жұмыстан кеткен.

Елдегі әрбір жетінші жұмысшы қауіпті жағдайда еңбек етіп жүр

Жұмысы тоқтаған кәсіпорындарда жұмыс істеген 717 адамның айлығы қайтпауы мүмкін, деп хабарлайды Inbusiness.kz тілшісі.    

Халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша әлемде жыл сайын 2,3 млн адам өндіріс кезінде, 2 миллионнан астам адам кәсіби аурулардың әсерінен көз жұмады екен. Ал Қазақстанда соңғы 10 жылда 250 адам өндірісте алған жарақаттан қайтыс болған.

Бұл жөнінде Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстандағы адам саудасы туралы арнайы баяндамасында айтылған.

"Елімізде өндірістік жарақаттану деңгейінің салыстырмалы түрде төмендеуіне қарамастан, жалпы еңбекті қорғау саласындағы ахуал күрделі. Соңғы 10 жылда жыл сайын 2 мыңнан 3 мыңға дейін жұмысшы өндірістегі жазатайым оқиғалар кезінде жарақат алып,  250 адам қайтыс болады", – деп жазылған құжатта.

Өндірістік жарақаттанудың ең көп таралған себептері мыналар көрінеді:

- жұмысшылардың өздерінің қауіпсіздік талаптарын орындамауы;

- жұмыс беруші тарапынан өндірістік процестерге тиісті бақылаудың болмауы;

- қауіпсіздік техникасы бойынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу;

- жұмысшыларға өздеріне тиесілі емес тапсырмалар беру (арнайы техниканы, мұнара кранын, бетон араластырғышты және т.б. басқару);

- жеке және ұжымдық қорғану құралдарының болмауы;

- қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін құралдар мен жабдықтарды пайдалану;

- жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігінің сақталуына жауапты адамдарды тағайындамауы.

2019 жылы Кәсіподақтар федерациясы 2018 жылы өліммен аяқталған жазатайым оқиғаларға талдау жүргізген екен. Бір жылда 191 ұйымда 216 адам қайтыс болған. 160 оқиға бойынша жұмыс берушінің кінәсі дәлелденген. 138 ұйымда кәсіподақ бірлестіктері болмаған.

"Елдегі әрбір жетінші жұмысшы зардап шегу қаупі жоғары, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейді. Бұл жағдайда жұмыс істейтіндердің төрттен бірі – әйелдер",– деп жазады арнайы баяндама авторлары.

"Не ақысыз демалыс аласың, не қысқартыласың"

Пандемиямен ілесіп келген дағдарыс та елдегі еңбек заңнамасының бұзылуына ықпал еткен.

"Төтенше жағдай және карантин кезеңінде жұмысшылардың жалақы төленбейтін демалысқа жаппай "кетуі" тіркелді. Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ақпараты бойынша, шағын бизнес субъектілері 52 мыңға жуық жұмысшыны жалақысын сақтамастан демалысқа жіберген. Бұл осы кезеңде демалысқа жіберлігендердің 19%-ы", – деп жазылған құжатта.

Аталған тәсіл көбінесе ойын-сауық және демалыс нысандарында (45%), туризм саласында (37%), қоғамдық тамақтану орындарында (35%), халыққа қызмет көрсету мекемелерінде (23%), қону қызметтері (23%) мен көлік (23%) салаларында тіркелген.

Арнайы баяндама авторлары мұндай практикаға Қазақстан заңнамасында кеңінен жол берілгенін айтады.  Заңннаманың осы тұсын пайданалған жұмыс берушілер "Қысқартуға түскенше айлықсыз демалысқа кету тиімді" деп қысым жасайтын көрінеді.  

717 адамның алығы қайтпауы мүмкін

2009 жылдың қыркүйегінде  еліміз бойынша ең үлкен айлық қарызы тіркеліп,  5 млрд теңгеге жетіпті. 2017 жылы бұл сомаға 1,5 млрд теңгеге дейін қысқарса керек. Содан бері айлық қарызының дәлізі осы шамада ұсталып отыр.

"2020 жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша 78 ұйымның 2 660 жұмысшы алдындағы жалақы берешегі 877,7 млн теңге болды. Оның ішінде мерзімі өткен берешектің сомасы – 784,4 млн теңге болса, ағымдық қарыз – 93,3 млн теңге",– деп жазылған арнайы баяндамада.

Қарыздардың басым бөлігі Алматы қаласында (100,2 млн теңге), Шығыс Қазақстан облысында (107,1 млн теңге) және Алматы облысында (91 млн теңге) қордаланған.

Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия жүргізген мониторинг қорытындысына сүйенсек, жұмыс істемей тоқтап тұрған 45 ұйымның 985 жұмысшыға 450 млн теңге қарыз. Оның ішінде банкрот  деп танылған 37 ұйым 739 жұмысшыға  384 млн теңге берешек. Қандай да бір мүлік пен активтен жұрдай болған 26 ұйымның 717 жұмысшы алдында 246 млн теңге берешегі бар.

"Ешқандай мүлік пен активтердің болмауы себебінен борышты өтеуге қандай да бір перспективалар жоқ",–  деп жазады автор.

Сондай-ақ, мүлкіне тыйым қойылған 7 ұйымның мойнында 958 жұмысшыға беруі тиіс 182 млн теңге қарыз бар. Мониторингті жүргізушілер бұл ақшаны қайтаруға болады деген үкім айтқан.

Баяндама авторлары еңбек заңнамасының сақталмауына оны қадағалауға тиіс мамандардың тапшылығы да ықпал ететінін айтқан. Соңғы үш жылда мемлекеттік еңбек инспекциясы жүйесінен 123 инспектор шыққан. Бұл барша штаттың 42,7%-ы екен.

Қазақстандықтардың еңбек құқығының сақталмауы осы салаға ғана қатысты мәселе емес. Тұрғындардың жалпы құқықтарын қорғау мүмкіндігі шектеулі деуге болады. Соның бір қыры елдегі адвокаттық қарапайым тұрғын үшін қымбатт болуынан, "Қорғаушыға жүгіну – құқығыңды қорғау емес, босқа ақша шығындау" деген түсініктің сіңіп кетуінен туындайды.

Елдегі адвокаттар корпусының жалпы саны – 5418. Мұны халықтың алпы санына бөлсек, бір адвокатқа 3400 тұрғыннан тиеді.

"Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның көзқарасы бойынша азаматтардың заң көмегіне толыққанды қол жеткізуі үшін мұндай cан жеткіліксіз. Себебі Қазақстанда Италияда бұл көрсеткіш 260-қа, Германияда – 500-ге, Англияда – 900 азаматқа тең. Республиканың бір судьясына 2-ден аз адвокаттан келеді. Бұл халықаралық стандарттардан әлдеқайда төмен", – делінген құжатта.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу