Елді жаппай "жалған косметологтар" жайлады

3716

​Ата заң бойынша адам және оның өмірі – Қазақстанның ең жоғарғы құндылықтары болып табылады. Сондай-ақ, азаматтар өз денсаулығын қорғау құқығына ие.

Елді жаппай "жалған косметологтар" жайлады Фото: canva.com

Алайда Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің байламынша, бұған кедергі келтіретін және тезірек шешуді талап ететін бірнеше проблема бар.

"Проблемалар заңсыз медициналық қызметтің белең алуына байланысты азаматтардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты туындады. Қазақстанда заңды медициналық клиникалармен қатар, косметологияның "қара" нарығы өрістеді. Онда тіркелмеген, тексерілмеген препараттар жаппай қолданылады және тиісті лицензиялары жоқ, біліксіз мамандар қызмет көрсетеді. Өкінішке қарай, жасырын (подпольный) косметологтардың қолынан адамдардың өлу оқиғалары тіркелді. Сондай-ақ олардың емдеуінің соңы асқынуларға, жұқпалы дерттер жұқтыруға соқтырады", – деп мәлім етті.  

Неге Денсаумині бос байбаламмен шектеледі? Денсаулық сақтау саласының шенеуніктері өздерінде ешқандай пәрменді құзырет, тегеурінді тетік жоқтығын алға тартып ақталды.  

Салаға тікелей жауап беретін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті сарапшыларының түсіндіруінше, біріншіден, медициналық қызмет пен көмек көрсету саласындағы мемлекеттік органда, яғни, Денсауминінде қазіргі кезде қадағалау функциясы жоқ.

Екіншіден, ДСМ тексерушілерінің заңсыз салондарға еш ескертусіз, тосыннан сау ете қалуына заңмен (!) тыйым салынған.

Меморганның түсіндіруінше, жоспардан тыс тексерулер үшін ол алдымен тексеру объектісіне алдын ала ескерту жолдауға міндетті. Онда қай күні тексеріспен келетінін көрсетеді. Дәл сол күні салон жұмыс істемейді немесе басқа орын тауып, асай-мүсейін арқалап көшіп үлгереді.

"Үшіншіден, бизнес субъектілерінің медициналық қызметтерді жарнамалағаны үшін әкімшілік жауапкершілігі жіктелмеген. Мысалы, дамыған елдерде егер медұйым жарнамада лицензиясын көрсетпесе, лицензиясы болмаса, кәсіпкер ретінде тіркелмесе, қызмет көрсететін маманының медициналық білімі болмаса, соның әрқайсысы үшін бөлек-бөлек жазаланады. Жаза тағайындау кезінде бизнес субъектілерінің кінәсінің түрі мен қоғамдық қауіптілік сипаты ескеріледі. Қазақстанда бұл жоқ", – деді комитет сарапшылары.

Олар бүгінде республикада жалған косметологтардың жарнамасы Facebook, Instagram, ТикТок және басқа онлайн-платформалар, мессенджерлер арқылы қызу, қауырт жүргізіліп жатқанын қаперге салды. Хабарландыруларында рұқсат құжаттарын көрсетпейді.

Ведомство соған жол бергені үшін онлайн-платформалардың ешқандай жауапкершілігі қарастырылмағанына өкініш білдірді. Салдарынан шетелдік әлеужелілер Қазақстандағы бұл бизнестің жарнамасын мейлінше мол таратып, жан-жақты ілгерілетуден күреп табыс тауып жатыр.  

Бетті косметологиялық тазалау, қабақ татуажы, хиджама, депиляция, пирсинг, бетке ботокс препараттарын, "жасару инъекцияларын", "витаминдерді" егу, липосакция (липоредукция) және вибролипосакция, ринопластика... – жертөле мен басқа да жерлерде тығылған заңсыз косметологиялардың жасамайтыны жоқ.

Денсаулық кодексіне және "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" заңына сәйкес, медициналық қызмет "лицензияланатын қызмет түрі" саналады, Яғни, ұйым – лицензия, маманы – сертификат алмай, оларға бұл бизнеспен, медициналық қызметпен және клиникалық практикамен айналысуына қатаң тыйым салынған. Алайда талаптардың сақталуына жауапты комитетте тиісті құзыр болса, тыйым тіпті де "қатаң" болмай шығады.

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бүкіл Қазақстан көлемінде қазіргі кезде "пластикалық хирургия" мамандығы бойынша тек 260 денсаулық сақтау субъектісінің ғана лицензиясы бар. Пластикалық хирургия бойынша сертификатқа 422 маман ғана ие.

Бұған қоса, республикада дерматовенерология-дерматокосметология мамандығы бойынша 2 137 субъект лицензия алған. Дерматовенерология (Дерматокосметология) бойынша 2 936 маман ғана сертификат иеленеді.

Енді қараңыз, Қазақстанда осы және басқа медициналық қызметтерді көрсететін кем дегенде 9 мың (!) сұлулық салоны, косметология орталығы ресми тіркелген. Тіркелмегені қаншама?!

Бұл жерде сертификатты маманның түске дейін бір жерде, түстен кейін басқасында қоса жұмыс істеуі мүмкіндігін ескерген жөн. Соның өзінде лицензия мен сертификат саны бәріне бірдей бәрібір жетпейді.

Ендеше салон-орталықтардың біразында беттегі бүртікті сығудан бастап қарындағы шарбы майды хирургиялық жолмен адалауды кәсіби оқып-тоқусыз, өз бетінше меңгерген, интернеттен көріп-білген мамансымақтар істеп жүр деген сөз.

Масқарасы сол, тіпті құзырлы комитетке қажетті өкілеттіктер беріп, ол сұрапыл рейд жүргізіп, ұстап алғанның өзінде олар жеңіл жазамен құтылып кетеді екен.

Мысалы, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінде лицензиясыз, сертификатсыз медициналық қызмет үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қана көзделген. Нақтылағанда, жеке тұлғаларға – 5-тен 15 АЕК-ке (2025 жылы 58 980 теңгеге) дейін, заңды тұлғалар үшін – 20-дан 70 АЕК-ке (275 240 теңгеге) дейін айыппұл салынады.

Бұл ретте бір ғана адамға тек қарнындағы майдан арылтатын липосакцияны жасаудың орташа құны 400 000 теңге тұрады. Егер ол адам сондай-ақ бүйіріндегі (боковые зоны–фланги) майын да жоғалтқысы келсе, тағы 200 мың, көтен тұсын түзетуді қаласа – қосымша 300 мың, жон арқасын майсыздандыруды сұраса, әлгіге қоса 300 мың теңгедей төлейді.

Демек, 275 240 теңге – жазадан гөрі, тиіспеуі үшін мемлекетке бере салатын бір реттік алымға ұқсайды.

Осылайша, бір жыл ішінде 1 799 әкімшілік хаттама толтырылған. Оның 674 хаттамасы ғана заңсыз медициналық, фармацевтикалық қызметке (ӘҚБтК 424-бабы) қатысты.

Жалпы, егер заңсыз медициналық қызметтің салдарынан азаматтың денсаулығына ауырлығы орташа, ауыр не аса ауыр зиян келтірілсе, Қылмыстық кодекстің 322-бабында 3 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған. Бірақ бұлай жазаланғандар жоқтың қасы.

"Жалған косметологтар мен кәсіби емес пластикалық хирургсымақтар Қазақстанда өте танымал! Өйткені олар арзан бағаға кез келген әйел мен ерді жасартып, сұлу етуге уәде берген тартымды жарнамаларымен әлеуметтік желілерді толтырып тастады. Алайда бұл хабарландыру артында көбіне пластикалық операциялар, дерматокосметологиялық қызметтер жасауға еш құқығы, қақысы жоқ дәрігерсымақтар мен жалған клиникалар жасырынады. Көлеңкеде жұмыс істейтін жалған дәрігерлер мен клиникалардың нақты санын айту қиын. Бірақ жарнама ауқымына қарағанда саны көп көрінеді", – деді ДСМ комитетінің сарапшылары.

Адамзат "жастық эликсирін" ежелден іздеген. Спортпен айналыспай, тамақта қанағат танытпай, табиғатта серуен құрмай, өзіндік дамумен айналыспай, қысқасы, еш күш салмай, лезде сұлу, сымбатты болып, жасарып шыға келгісі келетіндер жетіп артылады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанда тек заңды тіркелген сұлулық салондарының жылдық табысы 484 миллиард теңгеге жеткен.

Оларда клиенттер төлейтін орташа чек былтыр 8 700 теңгені құрады. Соның ішінде көркемдікке құштарланған әрбір әйел орташа 15 000 теңгесін қалдырады.

Сұлулық орталықтарының ең көп ақша шашатын клиентінің бейнесі белгілі екен. Бұл – 31-35 жастағы әйел және 46-50 жастағы еркек. Көптеген сұлулық "ордасы" қызметінің удай қымбаттығы сонша, олар тікелей банктермен және микроқаржы ұйымымен жұмыс істейді.

Алдымен салонның қу маманы кіреберісте не консультация кезінде емес, дәл "емдеу" кезінде "ең үздік" препараттар, тәсілдер мен әдістерді және қосымша қызметтерді ұсынады. Онсыз сұлулық туралы арманына әзір жетпейтінін түсіндіреді. Клиенттер амалсыз келіседі. Жүздеген мың теңге ақырғы шотты соңынан біледі. Ақшасы жетпей қалса, ресепшнде бірден несие рәсімдеп береді.

Ресми статистика бойынша сұлулық салондары мен орталықтарына бір бас сұққан адамдар жыл ішінде оған орта есеппен 7 рет оралады. Бір барумен шектеліп, қолын бір сілтейтін адамдар бар. Бірақ статистиканы жыл он екі ай сұлулық салондарынан шықпайтын сылқымдар мен серілер ұлғайтып тұр.   

Тек ресми тіркелген, лицензияланған косметологиялық қызмет көрсетуші ұйымдардың клиенттерінің саны бір жыл ішінде 12 миллион адамға жетті.

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазақстандықтардың бьюти индустрияға шығындайтын қаражаты 2017 жылғы 8,4 миллиард болса, ал, 2022 жылы – 28,4 миллиард, 2023 жылы – 25,3 миллиард теңгеден асып түсті (былтырдың қорытынды статистикасы кешірек шығарылады).

Кейбір бағалау бойынша, шаш қиып, бояу, тырнақ қырнап бояу, бетті косметологиялық тазалау, липосакция, басқа да қызметтерге қазақстандықтар жылына 90 миллиард теңгеге дейін шығын шығаратын көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу