Елімізде айына 10 мың теңгеге өмір сүретін адамдар бар болып шықты

3615

Ресми статистикаға сәйкес, қазақстандықтардың 68%-ының айлық табысы 150 мың теңгеге (320 долларға) да жетпейді.

Елімізде айына 10 мың теңгеге өмір сүретін адамдар бар болып шықты Фото: inbusiness.kz

Республикада биыл 1 миллион 34 мыңнан астам адам кедей ретінде танылды. Яғни, кедейлер саны 2022 жылғыдан 17%-ға өскен. Экономистер қалт-құлт күнелтіп жүргендердің қатары бұдан бірнеше есе көп деп санайды.

Мұны енді 2021 жылы жүргізілген ұлттық халық санағы айғақтап отыр. Оның түпкілікті, жан-жақты, егжей-тегжейлі қорытындыларын Ұлттық статистика бюросы енді ғана шығарып жатыр.

Ведомство санақ жүргізілген тұста 500 мың теңгеден асатын табысқа ие азаматтардың аз шоғыр ғана қалғанын анықтады. Содан бері көрсеткіш тек құлдырап келеді.

Сонымен, Ұлттық статбюро санақ қорытындыларының тұтас бір блогын топтастырып, "Қазақстан Республикасы халқының табыстары және күнкөріс қаражатының көздері" атты жинақ жариялады. Құжат қазіргі және кейінгі зерттеушілер үшін таптырмас ақпарат қайнарына айналары сөзсіз.

Аталған жинақ материалдарына жүгінсек, Қазақстан халқы ай сайынғы табыс көлемі жөнінен келесідей жіктелді:

  • Мүлдем табыссыз отырғандар үлесі – 0,8%;
  • Табысы 10 мың теңгеден аспайтындар – 0,3%;
  • 10-50 мың теңге аралығындағылар – 18,3%;
  • 50-100 теңге табатындар – 25,5%;
  • 100-150 мың теңгеден аспайтындар – 24,1%;
  • 150-200 мың теңге аралығындағылар – 13,1%;
  • 200-250 мың теңге аралығындағылар – 9,6%;
  • 250-300 мың теңге аралығындағылар – 6,1%;
  • 300-500 мың теңге аралығындағылар – 1,8%;
  • 500 мыңнан бастап, 1 миллион теңгеге шейін табысқа кенелгендер – 0,3%;
  • Кірісі 1 миллион теңгеден асатын ауқаттылар – небәрі 0,1%.

Соңғыларға негізінен әкімдер, Сенат пен Мәжіліс депутаттары, биік лауазымды шенеуніктер, ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор өкілдері, кәсіпкерлер жатады.

Ұлттық статистика органы бұған дейін елімізде ең көп таралған жалақының көлемі 81 377 теңгені құрайтынын хабарлаған болатын. Ұлттық санақ Қазақстан халқының басым бөлігінің немесе 68,9%-ының айлық табысы 150 мың теңгеден аспағанын көрсетті.

Әсіресе, ауылда байлар қалмай барады. Ауыл тұрғындарының арасында небәрі 1 096 адамның ғана табысы 1 миллион теңгеден көп екені белгілі болды.

Бұл жерде ауылдықтардың үлкен бөлігі, 35%-ы тұрақты түрде 50-100 мың теңге диапазонындағы табысты қанағат қылуға мәжбүр болған. Әйтпесе, біразына ол да жоқ.

Ал қала тұрғындарының үлкен бөлігіне немесе 25%-дан астамы 100-150 мың теңге аралығындағы табысты місе тұтуға тура келген.

Қазақстандықтардың 90%-ы жалпыхалықтық сауалнама кезінде тек бір жерде ғана жұмыс істейтінін айтқан. Тек 9%-ы ғана бірнеше көзден табыс табатынын мәлімдеген.

Қазақстандықтардың ең көп таралған табыс көзі – жалақы (40%). Екінші орында – туысқандардың көмегі (34,3%). Үштікке – зейнетақы (9,6%) енді.

Ұлттық статбюро халықты табыс деңгейі бойынша ұлтына қарай бөліп те қарастырыпты.

Ведомствоның дерегінше, табысы жоқ тақыр кедейлер арасында қазақтар көп:

  • Бүкіл 13,5 миллион қазақтың 5 056 351-і (37,5%-ы).
  • 2,9 млн орыстың 629 053-і (21,1%-ы),
  • 614 мың өзбектің 236 685-і (38,6%-ы),
  • 387 мыңнан астам украиннің 64 845-і (16,7%-ы),
  • 290,3 мың ұйғырдың 94 434-і (32,5%-ы),
  • 226 мыңдай немістің 58 299-ы (25,8%-ы),
  • 218,6 мың татардың 48 310-ы (22,1%-ы) жұмысының да, табысының да жоқтығын хабарлаған. Елдегі өзге ұлттар ұсақ саналады.

Ұлттық санақ Қазақстанда табысы 1 миллион теңгеден асатын 8 053 адам ғана барын әшкереледі. Соның ішінде абсолютті көпшілігі 6 044-і – қазақ, 1 089-ы – орыс, 157-сі – кәріс, 127-сі – өзбек, 107-сі – татар, 102-сі – украин, 84-і – ұйғыр, 72-сі – неміс. Өзге диаспора өкілдерінің бұл санаттағы саны елуге де жетпейді.

Ұлттық статбюро дерегінше, Қазақстандағы тақыр кедейлер көп тұратын өңір – Түркістан облысы. Еш табыс таппайтын тұрғындарының үлесі 41,7%. Екінші орында – Маңғыстау облысы (43,3%). Үштікті тағы бір мұнайлы өңір – Атырау облысы тұйықтады. Жұртшылығының 38,8%-ы еш табыс таба алмай жүргеніне шағымданған.

Табысы жоқтардың үлесі Солтүстік Қазақстан (25,1%), Қостанай (25,7%), Павлодар (26,3%) облыстарында аз.

Соңғы жалпыұлттық санаққа былтыр жаңадан құрылған үш өңір кірген жоқ.

1 миллион теңгеден жоғары табыс табатындар тек 4 өңірде тұрады. Бұлар – Алматы, Астана мегаполистері және мұнайлы Атырау, Маңғыстау облыстары.

Дегенмен Ұлттық статбюроның өзі елдегі кедейшілік көрсеткішін жасанды түрде көркейтіп көрсетуін жалғастыруда. Ведомствоның ресми мәліметі бойынша табысы күнкөріс шегінен төмен қазақстандықтардың үлесі 2023 жылғы екінші тоқсанда, яғни биылғы жартыжылдық қорытындысында бүкіл халықтың небәрі 5,1%-ын құрады. Салыстырсақ, жыл басында бұл көрсеткіш 4,8% болатын.

Эксперттер Қазақстан Үкіметінің бұл көзбояушылығын сынап жүр. Мысалы, дамыған елдер, соның ішінде АҚШ күніне 24,6 доллардан көп жұмсай алмайтындардың бәрін кедей санап, жәрдемақы төлейді. Бұл Қазақстанның межесінен 10 есе жоғары.

Түркияда 7,6 доллардан кем табатындар кедей саналады және бұл қазақстандыкінен үш есе артық.

Былтырғы 2022 жылы Дүниежүзілік банк тақыр кедейліктің (крайняя бедность) халықаралық межесін белгіледі. Отбасы кірісі әр мүшесіне шаққанда күніне 2 доллар 15 центтен кем болмауға тиісті. Қазақстан бұл жөнінен OurWordinData рейтингінде Эфиопия, Бангладеш сияқты қайыршылары қаптаған елдердің қатарына түсіп қалды.

Экономист Арман Бейсембаевтың айтуынша, Қазақстан халқының қалтасын қағып, тұрмысын төмендетіп отырған басты факторлардың бірі – асқынған баға қымбатшылығы.

2022 жыл қорытындысында Қазақстандағы инфляция (20,3%) алапат соғыс жүргізіп, ғаламат санкциялардың қыспағында қалған Ресейдегіден (11,94%) екі еседей жоғары болды. Инфляция елімізде биыл да өршіп тұр.

Сарапшылардың бір бөлігі сауда орындары, дүкендер мен базарлардағы ығы-жығы жұрттың қалың нөпіріне қарап, елдің кедейшілік тауқыметін қатты тартып жатқанына күмән келтіреді. Енді бір бөлігі кедейшіліктің кесір құбылысы соңғы жылдардағы рекордтық деңгейге жеткенін дәлелдеп әлек.

Экономистің түсіндіруінше, Қазақстандағы кедейшіліктің даму барысын бірнеше жанама нышандарға қарап, бағамдауға болады. Біріншісі – халықтың азық-түлік және басқа тауарларға шығынының артуы. Қазақстандықтардың көбі табысының 50-55%-дан астамын тамағына жұмсауға мәжбүр.

Екіншіден, елдегі кедейлердің саны ең төмен әлеуметтік стандарттарға байланысты анықталады. Мысалы, егер азаматтың айлығы ең төменгі жалақы (2023 жылы 70 000 теңге, 2024 жылы 85 000 теңге) сомасынан төмен болса, ол адам кедей саналады.

Айтпақшы, егер келесі жылы девальвация болып, ұлттық валюта күрт құнсызданса, онда Қазақстандағы кедейлердің үлесі де күрт артуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу