Қазақстан астық өткізетін нарықтарын сақтап қалуы тиіс – Мәулен Әшімбаев

423

Сенатта азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбында парламенттік тыңдаулар өтіп жатыр. 

Қазақстан астық өткізетін нарықтарын сақтап қалуы тиіс – Мәулен Әшімбаев Фото: informburo.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді атады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Азық-түлік қауіпсіздігін толықтай қамтамасыз етуге еліміздің барлық мүмкіндігі бар. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында Президентіміз аграрлық саланы одан әрі дамытудың стратегиялық бағыттарын белгілеп берді. Шын мәнінде, еліміздің бұл салада әлеуеті зор. Біз егістік жерлер мен жайылымдар бойынша әлемде алтыншы орын аламыз. Сондай-ақ Қазақстан бидай экспорттаушы елдердің алғашқы ондығына және ұн экспорты бойынша көшбасшылар қатарына кіретіні де белгілі. Сонымен қатар бүгінде тамақ өнімдерін өндіру саласы елімізде дәйекті түрде дамып келеді. Бұл бағыт өңдеу өнеркәсібінің шамамен 14 пайызын құрайды. Соңғы бес жылда ауыл шаруашылығындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2 есеге жуық өскен. Алайда осындай әлеует пен артықшылықтарға қарамастан, қазіргі таңда еліміздің ауыл шаруашылығы саласында бірқатар өзекті мәселелер бар. Оны ашық айтуымыз керек", – деді Сенат спикері парламенттік тыңдауда.

Оның сөзінше, азық-түлік импорты да аз емес. 

"Бұл ретте ең алдымен саланың өнімділігін арттыру мәселесі аса маңызды. Жалпы еңбек өнімділігінің төмен болуы түрлі себептерге байланысты. Оның ішінде техникалық жабдықтаудың жеткіліксіздігі, ауыл шаруашылығында заманауи инновациялық технологияларды тиісті деңгейде пайдаланбай мәселелері бар. Бұл салада негізгі техниканың тозуы шамамен 40 пайызды құрайды. Ал жаңарту коэффициенті тек 10 пайызға тең. Сондай-ақ қолданыстағы техниканың 70 пайызының пайдалану мерзімі он жылдан асады. Тозған жабдықтар мен ескі тәсілдермен, сондай-ақ инновациясыз өнімділікті арттыру мүмкін емес екені сөзсіз", – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұл бағытта жағдайды өзгерту үшін нақты қадамдар қажет екені айтылды.

"Өнімді шығару бөлек жұмыс та, оны сату басқа мәселе. Мысалы, соңғы екі жылда бидайдың әлемдік бағасы төмендеді. Бұл біздің өндірушілеріміз үшін қиын жағдай туғызғаны жасырын емес. Бұдан басқа біздің дәстүрлі нарықтарымызда бәсекелестіктің күшейгенін де көріп отырмыз. Сондықтан Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Кавказ сияқты дәстүрлі нарықтардағы позициямызды сақтап, оны одан әрі нығайту аса маңызды. Бұл елдерге өңделген өнімдердің де экспортын арттырған абзал", – деді Сенат төрағасы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу