Еліміздің тағы бір университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтингіне енді

13138

Тәуелсіз сарапшылар 2 мыңға жуық алдыңғы қатарлы университет деректеріне талдау жүргізген.  

Еліміздің тағы бір университеті әлемнің үздік жоғары оқу орындары рейтингіне енді

Жоғары оқу орындарының сапасын бағалау бойынша әлемдік көшбасшы әрі дүние жүзіне танымал британдық Times Higher Education журналы әлемнің үздік зерттеу университеттерінің рейтингін жариялады. Ең үздік он университеттің қатарына Оксфорд, Стэнфорд, Гарвард, Калифорния технологиялық институты, Массачусетс технологиялық институты, Кембридж, Берклидегі Калифорния университеті, Йель, Принстон және Чикаго университеті енген.

Бұндай мәртебеден еліміздің жоғары оқу орындары да шет қалған жоқ. Биылғы Times Higher Education World University Rankings 2021 рейтингіне қазақстандық үш ЖОО кіріп отыр. Олар – Сәтбаев университеті, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті. Аталмыш білім ордаларының үшеуі де 1000+ сатысынан орын алған. Олардың арасында Сәтбаев университеті зерттеулер, дәйексөздер, өнеркәсіп пен коммерциялық секторға арналған зерттеулерден түскен кірістер сынды үш бағытта ең жоғары ұпай жинаған.

Осы рейтингке Ресей Федерациясынан 39 университет кірді. Жалпы, ең үздік жоғары оқу орындарының биылғы тізіміне әлемнің 93 елінен 1527 жоғары оқу орны қатысқан. Тәуелсіз сарапшылар дүние жүзіндегі 2 мыңға жуық жетекші зерттеу университетінің деректерін мұқият талдай отырып, 22 мыңнан астам сауалнама негізінде олардың академиялық беделін бағалады. Сондай-ақ, Elsevier библиометриялық деректер негізінде де бес жыл ішінде 13,6 миллион ғылыми жарияланым мен 86 миллионнан астам дәйексөз талданған екен.

Айта кетсек, Times Higher Education World University Rankings – бұл негізгі қызмет бағыттары бойынша қарқынды зерттеу жұмыстарын жүргізетін университеттердің сапасын бағалайтын ғаламдық рейтинг. Жоғары оқу орындарының көрсеткіштері 5 бағыт бойынша бірнеше топқа бөлінеді.

Мәселен, "оқыту" бағытында білім беру ортасы тексеріледі, "зерттеу" бағытында зерттеулердің кірісі, көлемі және беделі сыналады, "дәйексөздер" – зерттеулер әсерінің көрсеткіші, "халықаралық перспективалар" бағытында университетте зерттеу жүргізетін шетелдік оқытушылар мен шетелдік студенттер және халықаралық авторлардың үлесі бағаланады, ал "өнеркәсіп пен коммерциялық секторға арналған зерттеулерден алынған кірістер" бөліміне баға берген кезде, оқу орнының білім беру жүйесі негізге алынады.

Сонымен қатар, әлемдік жетекші аудиторлық ұйымдардың "үлкен төрттігіне" кіретін PricewaterhouseCoopers (PwC) компаниясының рейтинг нәтижелеріне тәуелсіз аудит жүргізуін, Times Higher Education жоғары оқу орындарын бағалау тәсілдерінің бірі екенін айта кетуге болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу