Университеттерге оралған студенттер ақылы ковид-тест тапсырады

4088

Оффлайн оқу ата-аналарды шығынға батырғалы тұр.  

Университеттерге оралған студенттер ақылы ковид-тест тапсырады

Ұлыстың ұлы күнінен кейін жоғарғы оқу орындарында студенттердің үлкен бөлігі бұрынғыдай дәстүрлі білім алу форматына оралмақ. Осыған орай кейбір университет шәкірттерден бойында коронавирус инфекциясы жоқтығын растауды талап етіп жатқан көрінеді. Бұл ретте ЖОО-ларда студенттердің бір жерден, "орталықтандырылған түрде" ПТР-тест тапсырып, қорытындысын алуы бірде-бір қалада ұйымдастырылмаған.

Алматы тұрғыны, көп балалы әке Кәрібай Бекназаровтың екі баласы ПТР-тест тапсыруы керек екен. Үйдегі жалғыз асыраушы болып табылатын отағасы мұның "отбасылық бюджетке" жүктеме түсіретін шығын болғалы тұрғанын айтады.

"Наурыз мерекесінен кейін алматылық жоғарғы оқу орындары өз студенттерінің біраз бөлігін оффлайн оқытуға көшірмек. Біздің балаларға да "енді университетке барып оқитын боласыңдар" деді. Сонымен бірге ЖОО олардан ПТР-тесттің теріс нәтижесі бар анықтама әкелуді талап етіп жатыр. Онсыз сабаққа қатыса алмайтын көрінеді. Қатыспаса, оқудан шығарып жібере ме деп алаңдаймыз", – дейді К.Бекназаров.

Оның балалары өздері бекітілген емханаға барып, осы мәселенің мән-жайын сұрастырған. Емхана тегін ПТР-тестке бағыттама беруден бас тартыпты. 

"Қос балам да мемлекеттік грантпен оқиды, ақылды жастар. Студентттердің бәрі Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорында сақтандырылған. Мемлекет қорға солар үшін бюджеттен миллиардтап ақша аударады. Ендеше неге МӘСҚ балаларды сол жарна есебінен тегін тестілемейді? Маған қымбат тестілерді қаржыландыру оңайға соқпайды. Жастардың бұл мәселесін мемлекет жедел түрде өз мойнына алса, игі болар еді", – деді ол.

Бұл сұраққа қатысты түсініктеме берген Денсаулық сақтау министрлігі ЖОО-лардағы оффлайн оқуға оралатын студенттер үшін МӘСҚ не бюджет есебінен ПТР-тест қарастырылмағанын білдірді.

"COVID-19 коронавирус инфекциясына тегін тестілеу елімізде бар және ол мемлекеттік тапсырыс пен тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында жүзеге асырылады. Ол Қазақстанның Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы қаулысына 33-ші қосымша негізінде эпидемиологиялық көрсетілімдерге сай және профилактикалық мақсатта өткізіледі. Алайда бұл қаулы бойынша студенттер COVID-19 коронавирус инфекциясына тестілеуге жатпайды", – деді ДСМ-ның Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті.

Яғни, кейбір ЖОО-лар ПТР-тест анықтамасын талап етіп жатса, студенттерге мемлекеттің қолдауынсыз, өз бетінше тестілеуден өтуіне тура келмек.

Айта кету керек, дәстүрлі білім беруге көшірілетін студенттерден осындай анықтама талап ету – Ресейден келген тәжірибе. Оларда бұл тәсілді ЖОО-лар былтырдан бері қолданады. Өз кезегінде РФ Ғылым және жоғарғы білім министрлігі оның заңсыз екенін мәлімдеді.

Соған қарамастан, балалары солтүстік көршіде оқитын қазақстандық отбасылар да ұқсас қиындыққа кезігуде.

"Кенжем Мәскеудегі университетте тегін оқиды. Қазіргі кезде оларда жаңа ереже енгізілуде, студенттер тегіс фильтрден өтуі, бетперде тағып жүруі, алшақтықты сақтауы керек. Ал қазақстандық студенттерінен деканаттар COVID-19 инфекциясының жоқтығын дәлелдейтін анықтама талап етуде. Онсыз корпусқа кіргізбейтінін хабарлапты. Екі мәскеулік клиникада тапсыруға кеңес берген. Оларда тестілеу қазақстандағыдан қымбат: бізде елордада 6500 теңгеге ПТР-тест тапсыруға болады, ал Мәскеуде 3 мың рубльден (17 мың теңгеден) басталады", – дейді нұрсұлтандық зейнеткер Мұрат Сұлтанбай.

РФ Ғылым және жоғарғы білім министрлігі ресейлік ЖОО-лардың студенттерден өз қаражатына ковид-тест тапсыруын талап етуі заңсыз екенін былтыр мәлімдеді. Өйткені РФ Үкіметінің резервтік қорынан бюджеттік және автономды білім беру ұйымдарына осы мақсатта 8,123 миллиард рубль бөлініпті.

"Осыған байланысты білім беру ұйымдары аталған қаражат аясында, сондай-ақ өз қызметінен түсетін табыстар есебінен студенттерге COVID-19 тестілеуін жүзеге асыра алады. Бұл тестілеу білім беру және жатақханаларға орналастыру кезінде санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау үшін қажет", – деген болатын РФ жоғарғы білім ведомствосы.

Ал қазақстандық Білім және ғылым министрлігі әзірге үнсіз отыр.

Заңгерлердің байламынша, ЖОО-лардың ПТР-тесттен өту талабы негізсіз. Өйткені Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2020 жылғы 25 желтоқсандағы №67 қаулысында дәстүрлі түрде оқитын студенттерден ПТР-тесттен өтуді талап ету жайында ештеңе айтылмаған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу