Қазақстанда коронавируспен жасырын ауыратындар болуы мүмкін

5121

COVID-19 жұқтырғандардың нақты саны белгісіз.  

Қазақстанда коронавируспен жасырын ауыратындар болуы мүмкін

Қазақстандық әлеуметтік желілерде және WhatsApp мессенджерінде бір қызықты бейнеролик пікірталас туғызды. Онда Ресейдегі шағын елді мекеннің шетінде, оқшау орналасқан үйге обадан қорғау костюмін киген қос медицина қызметкері келіп, баспана иесін тест тапсыруға көндіруге тырысқаны бейнеленген.

Видео әрине, кесір кеңестерге толы: біріншіден, баспана қожайыны өз үйінде қамалып отырғанын, сыртқа шықпайтынын сылтауратып, тестілеуден өтуден бас тартты. Бұл жерде кез келген адамның серуендеу, тамақ сатып алу не басқа да себеппен далаға шықпай тұра алмайтыны мәлім. Екіншіден, "сынама алғысы келетін дәрігерді жуытпауға, өзім құлақ шұқығышпен сынама алып берем немесе құтыға түкірем деп айтуға" шақырады. Шынында стерилді жағдайда сақталмайтын, бөлмеде көрінген жерде жататын мақтасы бар таяқшалар тестілеуге жарамайтыны сөзсіз.

Бейнежазба басқа жайттан хабар берді: пандемияға лайықты жауап қайырған Ресей коронавируске қарсы жаппай тестілеуді жолға қойды. Оның бұл көрсеткіші – әлемдегі ең жақсысының бірі.

Бұл ретте тез оқшауланып, халқын толықтай дерлік тестілеумен қамтамасыз еткен Фарер, Гибралтар, Фолкленд секілді шағын арал-мемлекеттерді айтпағанда, өзге мемлекеттер арасында Исландия көш бастап тұр: онда 1 миллион халыққа шаққанда 156 мың 76 тестілеу өткізілген. Алғашқы үштікке бай араб елдері – Біріккен араб әмірліктері (1 млн адамға 121 мың 330 тест), Бахрейн (104 816) кіреді. Данияда әр миллион тұрғынның 53 345-і зерттелді. Испанияда жүргізілген тестілеу үлесі 1 миллион адамның 52 781-ін құрайды. Португалияда бұл көрсеткіш 50 767 адамға тең. Бельгия тұрғындарының әр миллионының 46 649-ы, Италияда 41 584-і тексерілумен қамтылды.

Көрші Ресейде жалпы саны 5 миллион 440,5 мың тестілеу жасалыпты. Яғни, әр миллион адамның 37 мың 335-і соған ілікті.

Қазіргі кезде солтүстік көрші күн сайын кем дегенде 10–11 мың жаңа сырқатты анықтайды. 10 мамырда РФ-да коронавируске шалдыққан адамдар саны бір тәулік ішінде бірден 11 мың 12 адамға көбейіп, жалпы саны 209 мың 688-ге жетті. Індетке душар болғандарды дер кезінде анықтау нәтижесінде көрші елде індеттен құтқарылғандар үлесі де жоғары болуда: Ресейде 1 мың 915 адам дерттен қаза тапқан. Яғни, әр миллион адамға шаққанда 13 адамға тең. Салыстырар болсақ, қолын кеш сермеген АҚШ-та бұл "қаралы көрсеткіш" 1 миллион адамға шаққанда 242, Испанияда – 566, Италияда – 503, Ұлыбританияда – 465 адамға тең.

Бұл майданның алдыңғы шебінде жүрген қазақстандық дәрігерлердің қажырлы еңбегі, терең білімі, жоғарғы біліктілігі арқасында мемлекетіміз де коронавирус құрбандары санының күрт өсуіне жол бермеді. Ресми дерек бойынша Қазақстанда осы аурудан 31 адам өлді. 1 миллион адамға шаққанда шамамен 2 адамнан асады.

Дегенмен, шынында дерті ресми тіркелмеген, дәрігерге жүгінбеген қанша адамның үйлерінде ауырып жатқаны белгісіз. Ғалымдар бірқатар адамның коронавируспен жеңіл түрде ауырып, төсекке таңылмайтынын әшкереледі. Олар көшеде еркін сайран салса, өзге адамдарға таратады. Мұндай деректерді тек арнайы тестілеу ғана анықтай алады. Дамыған елдердің, дамушы бай мемлекеттердің, ірі державалардың өз азаматтарынан жаппай әрі кең ауқымды түрде сынама алып жатуының себебі де осы. 

Халықаралық ұйымдардың дерегінше, бүгінге дейін Қазақстанда жалпы саны 398 мың 411 тестілеу жүргізілген. Ендеше әр миллион адамға шаққанда небары 21 мың 218 тестіден келеді. Мемлекет негізінен, тәуекелге бас тігіп жүрген азаматтарды – медицина қызметкерлерін, полицейлерді, қоғамдық тәртіп пен дезинфекциялау жұмыстарына тартылған әскери қызметшілерді, волонтерларды міндетті тестілеуден өткізіп жатыр. Бұған таяуда ұшақпен ішкі бағыттарда ұшатын жолаушылар қосылды.

Әлемнің жетекші елдерінде екі айдан бері әрекет етіп жатқан тестілеудің мобильді скрининг орталығы Қазақстанда кеше ғана ашылды. Азаматтарға автокөлігінен шықпай-ақ коронавирусқа тексерілуге мүмкіндік беретін жылжымалы орталық әзірге тек Алматыда жұмыс істейді.

Сарапшылар елде тестілеумен қамту көлемі екі еседей артса, пандемия көрсеткіші де күрт өсіп шыға келетініне назар аудартады. Бұл байлам жаппай тестілеуді жолға қойған өзге елдердің тәжірибесіне негізделген. Мысалы, Ресейде кең ауқымды тестілеу енгізілгелі бері сырқаттар саны сәуір айының басындағы 4700-ден бір ай ішінде, 10 мамырда 209 мың 688-ге дейін өсіп шыға келді.   

Мамандар да, ғалымдар да коронавирустық пандемияға тосқауыл қоюдың кілті – тестілеу екеніне назар аудартады.

"Бұл вирусқа қатысты туындаған проблемалардың бірі – адамның онымен ауыратынын сырттай анықтауға болмайтыны. Яғни, біз нышан-симптомдарға ғана иек арта алмаймыз: дерт белгілері бірден бой көрсетпейді, тек вирус жұққаннан көп кейін көріне бастауы мүмкін. Сондықтан кімнің дертке шалдыққанын, бойында вирус бар-жоғын тек тестілеу арқылы ғана анықтауға болады. Міне, сол себепті де жаппай тестілеу өткізу маңызды", – дейді отандық ғалымдармен ынтымақтасып жүрген Англияның Бату университетінің биология және биохимия профессоры Эндрю Престон.

Қазақстанда кең ауқымды тестілеуді бастауды Үкіметке ел Президенті тапсырған болатын. 6 сәуірде ДСМ-ның М.Айқымбаев атындағы Аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығының және БҒМ-ның Ұлттық биотехнология орталығының мамандары COVID-19 анықтауға арналған диагностикалық тест жүйесін ойлап тапқаны хабарланды. Алайда олар ірі ауқымдағы өнеркәсіптік өндіріске шыға алмай жатыр.

Әзірге денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов жаңа жұқтырғандар санының азая бастағанына қуанып отыр.

"Егер 19 наурызда карантин енгізілмегенде, қазіргідей екі айда емес, 8 тәулік ішінде науқастар саны 4,5 мыңға жететін еді. Президент жариялаған төтенше жағдай және шектеу шаралары маңызды рөл атқарды. Індет толқынын, медициналық ұйымдарға жаппай түсетін жүктемені бөгей алдық. Әйтпесе бір мезгілде мыңдаған сырқат ауруханадан бір-ақ шығатын еді", – деді денсаулық сақтау министрі.

Түсіндірудің дұрыс жүргізілмегенінен болса керек, қарапайым адамдар Қазақстанда ТЖ мен карантин жойылғанда пандемия да күрт тоқтайды деп сеніп қалыпты. Содан бүгін ДСМ фейсбуктегі парақшасында өткен тәулік ішінде SARS-CoV-2 құрығына іліккен қазақстандықтардың кезекті легін жариялағанда, бұл азаматтарды қайран қалдырды.

"Не деген сұмдық! Неге вирус тарап жатыр?" деп сұрады министрліктен әлеуметтік желіні пайдаланушылардың бірі. 

"Коронавируске шалдыққандар саны қазақстандықтарды үрейлендірмеуі керек. Екі ай қорытындысынан байқағанымыз, тәулігіне 50–60%-ға дейін жеткен өсім бүгінде 3–5% аралығында құбылуда. Бақылауға көнетін өсімге иеміз", – дейді Елжан Біртанов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу