Елордада қалалық кеңістікті жаңғырту мен абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс басталды

2317

Президент 2023 жылғы 31 қаңтардағы Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Татарстанның астанасын үлгі еткен.

Елордада қалалық кеңістікті жаңғырту мен абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс басталды Фото: inbusiness.kz

Осы мақсатта Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы дамыту тұжырымдамасын қайта қарауды ұсынды. Оның пікірінше, Астанада саябақтар жетіспейді. Тұрғындар серуенге шығатын, демалатын орындар аз. Бірақ қаланың бұрынғы басшылары мұны ескермей, құрылыс алпауыттарының жетегінде кетіп, солардың қалаған нысанын тұрғызуына рұқсат бере берген.

Жаңа әкім Жеңіс Қасымбек келе сала, көптеген тұрғын үй кешендері мен әкімшілік ғимараттардың жобаларын доғарды. Бұл туралы бұған дейін inbusiness.kz жазған болатын. Олардың орнында саябақтар, скверлер, жаяу адамға арналған көшелер сияқты қоғамдық кеңістік өркен жаяды, немесе мектеп, балабақша, медициналық ұйымдар сияқты әлеуметтік объектілер бой көтереді. Осының арқасында елорданың тарыла бастаған тынысы ашылып сала бергендей.

Әрине, жылдар бойы қордаланған мәселелер бір сәтте шешіле салмайды. Бірақ әкімдіктің дерегінше, әр бағытта жұмыстар басталған. Мысалы, Мемлекет басшысы жаңа әкімнің командасына Есілдің жағасын көркейтуге жете көңіл бөлуді жүктеді. Әкімдік Есілдің сағаларын, Ақбұлақ өзенін тазарту бойынша жұмысты қолға алды.

"Көрші елдегі Қазан қаласының тәжірибесін зерттеп көруге болады. Бұл қаланың көшелері, саябақтары және жағалау алаңдары өте әдемі және тартымды. Біздің мақсатымыз – елордамызды жылдың кез келген мезгілінде халқымызға және шетел адамдарына барынша қолайлы ету, Астананың келбетін мейлінше жақсарту. Өзенге жаяу адам жүретін көпірлер салу керек. Мұндай өткел, әсіресе, қазір салынып жатқан Тәуелсіздік даңғылындағы көпірдің маңайына қажет. Көлік жүруге болмайтын көшелер жөнінде талай рет айтылды. Бірақ қалада ондай бір де бір көше салынған жоқ. Жалпы, әлемдік тәжірибеде дәл осындай көшелер көптеп салынады. Бұл мәселені мұқият ойластыру керек", – деді ел Президенті.

Қазан шаһарында Қасым-Жомарт Кемелұлының көзайымына айналған ғажап көріністе "ПАРК-Сервис" ландшафт кәсіпорнының директоры, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Мурзовтың да қолтаңбасы бар. Оның айтуынша, кез келген, тіпті әбден құлдыраған қаланы бес-он жылдың ішінде гүлденген өңірге айналдыруға болады. Бұған екі нәрсе – білікті мамандар және жеткілікті қаржыландыру қажет.

"Жасыратыны жоқ, 2012 жылға дейін Қазан көзге қораш көрінетін. Онда парк, сквер сияқты жасыл аймақтар тапшы болды. Қоғамдық кеңістігінің абаттандырылуы жөнінен Ресейдің миллиондық қалаларынан арттап қалды. Жасыл желектері бар аудан ол кезде қаланың жалпы аумағының 9%-ына да жетпеді. Бұл жалпыресейлік нормативтен, яғни 24%-дан үш есе аз еді. Саладағы үлкен серпіліс Қазандағы 2013 жылғы Универсиада қарсаңында басталды. Республика мен қала басшылығы бұл іске салмақты қарады. Ең үздік ландшафтық сәулетшілерді, дизайнерлерді, жасылдандырумен кәсіби айналысатын компанияларды шақырды. Елдегі ағаштардың түр-түрін жерсіндіруге және көбейтуге маманданған барлық тәлімбақтар  жаппай жұмылдырылды. Осылайша, 2012 жылдың күзінде астанымызды абаттандыруға арналған "Жасыл рекорд" атты алғашқы үлкен бағдарлама бастау алды", – деді Сергей Мурзов.

Осы жеке бағдарлама аясында Қазанда алғашқы 3 жылда 150 мыңнан астам көшет емес, өскен ағаш отырғызылған. Мұндай Татарстан тарихында тұңғыш рет жасалыпты. Бастапқы нәтижелерге шабыттанған татар елі "Гүлденген Қазан" атты жаңа бағдарламаны іске қосты. Аты айтып тұрғандай, ол қаланы гүлге толтыруға бағытталды. Бұл жұмысқа барлық тұрғынды тартып, ынталандыру үшін тұрғын үй ауласын, сондай-ақ балабақша, мектеп, дүкен, түрлі мекеме аумағын, айналасын гүлдермен ең үздік безендіруге конкурстар ұйымдастырылып, сыйлықтар таратылған. Жергілікті газеттер мен телеарналар үздік үлгілерді насихаттаған, белсенді тұрғындарды дәріптеген. Мұндай конкурстар тұрақты сипат алыпты: жеңімпаздарды марапаттау күзде, салтанатты түрде өткізіледі. Озықтар көркемдікті жаз бойы сақтауы шарт. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарға Қазан әкімінің өзі дипломдар мен құнды сыйлықтарды табыстайды.  

Кәсіби жұмыс Татарстан басшысы (раисы) бастамашы болған "Парктер мен скверлер" атты ірі, кешенді бағдарламасы аясында да жүріп жатыр. Оның аясында Қазан қаласының мәселелерімен жеке айналысатын Мемлекет басшысының жеке көмекшісі лауазымы тағайындалды. Соның жетекшілігімен жұмыстарды жедел басқаратын құрылым құрылды. "Архдесант" аталған бұл құрылым республиканың сәулет әлеуетін өз қанатының астында біріктірді. Командаға сәулет-құрылыс академиясының талантты жас түлектері, тәжірибелі архитекторлар, аудандардың бас сәулетшілері кіреді. Олардың ұсынған жобаларын іске асыруға жетекші тьюторлар, экологтар, ландшафтық дизайнерлер, әлеуметтанушылар мен модераторлар тартылды. Соңғылары әр аудандағы тұрғындармен кездесіп, олардың жаңа жобаға қатысты пікірін, қалаға қатысты ұсыныстарын біледі.

Осындай жүйелі жұмыс арқасында команданың әрбір тобы бағдарлама аясында қаржыландырылған әрбір территорияны жеке-жеке бөліп алып, әрқайсысы үшін 157 жаңа жобаны, соның ішінде заманауи қоғамдық кеңістіктерді, парктер мен скверлерді және басқасын жобалап, жаңадан тұрғызды. Соның арқасында Қазан адам танымастай өзгерді, жасыл желекке бөленіп, тотыдайын таранды.

Демек, Қазақстанның бас қаласы Астанаға да осыған ұқсас жүйелі жұмыстар мен ауқымды әрі кешенді бағдарламалар қажет болуы мүмкін. Татар маманы Қазанның бұл істі "нөлден", тақырдан бастағанын айтады. Ал елорданың артықшылығы бар: бұған дейін де біршама жұмыс жүргізілді. Енді соған тың қарқын беру талап етіледі.

Мәселен, Астанада биыл 1 миллион түп ағаш пен бұта отырғызылады. Оның 500 мыңы қалада, тағы осынша мөлшері елорданың айналасындағы жасыл белдеуіне егіледі. Елорда әкімдігінің мәліметінше, бұл ретте жапырақты ағаштарға басымдық беріледі.

Салыстыру үшін айтсақ, бұған дейінгі 5 жылда бас қалада 2,6 миллионнан астам түрлі көшет отырғызылған екен.

Осының бәрі "алдағы бес жыл ішінде Астананы бақша қаласына айналдыру" туралы Президенттің тапсырмасын орындаудағы алғашқы қадамдардың бірі. Қазірдің өзінде Абылай хан даңғылы, Бараев, Қажымұқан, Петров, Бөлекпаев, А-105, Балталы, Алаш тас жолы және басқа да көптеген көшенің бойында ағаштар отырғызылғанын тұрғындар байқаған болар.

Қаланы жаппай көгалдандыру арқылы мемлекет бірнеше мақсатына жетеді: біріншіден, экология жақсарады, екіншіден, қала тұрғындары үшін жаңа демалыс орындары пайда болады. Үшіншіден, қыста боранды, жазда тозаңды елорданың климаттық жағдайы да жақсара түсуі керек. Мысалы, қаланы айнала желек жайған ағаштар қарды үрлеп, жер бауырлай соғатын Арқаның ақтүтек бораны кезінде сырғыма қарды қалаға жеткізбей, ұстап қала алады. Бұл қарды аршып, елордадан тасып шығаруға кететін қыруар адами, уақыт және қаржы ресурстарын айтарлықтай үнемдеуге де үлес қосар еді. 

Қазіргі кезде Астанадағы саябақтарды аралаған, гүлзарлар жанында тыныққан тұрғындар мен қала қонақтарының аңқыған жұпар иістен басы айналуы мүмкін. Себебі, қала ішіндегі парктерде, басқа да ашық алаңдарында орылған жас көгал шөптің хош иісі мұрын жарады. Сонымен қатар ағаштар мен бұталарды санитарлық кесу, әктеу жұмысы жалғасты.

Сондай-ақ, коммуналдық қызметтер қаланың субұрқақ кешендерін реконсервациялап, жөндеп, біртіндеп іске қосып жатыр. Бұл да астаналықтар мен туристердің көңіл хошын келтіретін көркем көріністің кезекті штрихы болса керек. Қала әкімдігінің дерегінше, елорданың Байқоңыр ауданында 2 фонтан объектісі бар екен, бұлар: "Жастар" сарайының және "Есіл" сауда орталығының алдында. Екеуі де Республика даңғылы бойында орналасқан.

Сарыарқа ауданында 10 субұрқақ бар: "Өмір ағашы", "Жұпаргүлді" ("Сиреневый"), Абай/Желтоқсан фонтаны, "Ақжайық", "Атырау", "Жастар театры", Мәскеу көшесіндегі субұрқақ, "Айналмалы шар" ("Чупачупс"), "Әлия Молдағұлова ескерткіші".

Алматы ауданында да 10 субұрқақ кешені бар: Президенттік саябақ, "Қазақ Елі" алаңы, "Әзірет Сұлтан" мешіті, Тәуелсіздік сарайы, Бейбітшілік және келісім сарайы, Б.Момышұлы атындағы саябақ, Әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайы, Отан қорғаушылар алаңы, Студенттік саябақ, Абылай хан даңғылындағы желекжол субұрқағы.

Фонтан саны бойынша абсолютті рекорд Есіл және жаңа құрылған Нұра аудандарына тиесілі. Қоса алғанда, оларда барлығы 27 субұрқақ кешені бар. Бұл кешендер ірілі-ұсақты 48 субұрқақтан тұрады.

Айтпақшы, таяуда, мамыр айының басында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордадағы барлық саябақтар мен қоғамдық кеңістіктерге ревизия жүргізу міндетін қойды.

"Қаланың саябақтары мен қоғамдық кеңістіктеріне ревизия жүргіземіз. Сынған жерлер, қураған ағаштар бар. Сол сияқты суару жүйесі барлық жерде дұрыс жұмыс істемейді. Басқа да проблемалары жеткілікті. Қаланы көгалдандыруда ауқымды жұмыс жүргізіп жатырмыз, мәселен көрікті орындар мен мәдени нысандарға іргелес аумақтарды да көгалдандырамыз. Алайда мердігерлердің бәрі бірдей жауапкершілігін сезіне бермейді. Бұл проблеманы жақын арада ретке келтіруді тапсырдым", – деді қала басшысы.

Әкім қолданыстағы саябақтар мен қоғамдық кеңістіктердің жай-күйіне көңіл бөлумен шектелмей, жаңа аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді, гүлзарларды, желекжолдарды салуға уәде етті.

Ең бастысы, Астананың әрбір ауданы мен көшесінің тұрғыны үшін бос уақытын ашық аспан астында пайдалы өткізуіне, жайлы тынығуына жағдай жасайтын алаң қолсозым жерде болуға тиіс.  

Жалпы, Президент қала басшылығына Қоғамдық кеңістікті дамытудың бірыңғай тұжырымдамасын қабылдау міндетін қойды. Бұл жұмыс та қолға алынып жатқан көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу