Экономист Мақсат Inbusiness.kz тілшісіне аталмыш тапсырманың инфляцияға әсері қандай болатыны туралы пайымын айтты.
Экономист жалпы ең төменгі айлықтың мөлшерін Президент белгілейтін практика дұрыс еместігін айтады. Бұл Мемлекет басшысы емес, Ұлттық экономика министрі бас ауыртатын мәселе болу керек деп есептейді.
"Ең төменгі жалақыны Президент тапсырмасымен келер жылдан бастап 85 мың теңгеге көтеретін болып отыр. Шынын айтқанда бұл көрсеткіш те әлдеқайда төмен. Мен оны 2022 жылдың басында есептеп көргенмін. Сол кезде ең төмен дегенде 112 мың теңге болу керек деген қорытындыға келгенмін. Қазіргі жағдаймен есептесек, 120 мың теңгеден асады. Реалды түрде қарасақ, солай. Сондықтан, әсіресе, осыған жауапты Ұлттық экономика министрлігі дұрыс жұмыс істеп отырған жоқ деп ойлаймын. Негізі ең төменгі жалақының мөлшерін Президент қоймауы керек. Өткенде Президент 70 мыңға көтерді, енді 85 мың теңге болсын деп жатыр. Оны министрлік есептеп шығарып, ұсыну керек",– дейді сарапшы.
Сондай-ақ, ол Үкіметтегі осы жолғы ауыс-түйіс ең әуелі экономика және қаржы секторында болу керек еді деп отыр.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 85 мың теңге 350 мың мемлекеттік қызметшінің, жалпы Қазақстан бойынша 11 млн 800 мың адамның табысын өсіруге кішкене болсын әсерін тигізеді деп отыр. Мұның өзі халықтың табысы тым төмен екеніне айғақ. Менің ойымша, қазір ең төменгі жалақының мөлшері 120 мың теңге болу керек. Халықтың нақты орташа табысы 300 мыңнан көп болу керек. Тағы да айтам, дәл осы мәселе бойынша бейінді министрлік тыңғылықты жұмыс істеу керек. Қазір министрліктерді қайтадан тағайындап өзгертіп жатыр ғой, соның ішінде Үкіметтің экономика және қаржы блогы толығымен ауысу керек деп есептеймін", – дейді Мақсат Халық.
Экономист біздің шенеуніктер зейнетақы мен әлеуметтік төлемге, айлыққа там-тұмдап ақша қосса, соны қымбатшылықтың негізгі факторы болатын құбыжық етіп көрсетуді әдет қылып алғанын айтады. Оның ойынша, Ұлттық банктің Ұлттық қор қаражаты арқылы теңге бағамын реттеу саясаты инфляцияның негізгі көзі болып тұр.
"Көп жағдайда азаматтардың жалақысын өсірсе, содан инфляция болып, азық-түлік бағасы қымбаттап кетеді деген түсінік қалыптасып қалған. Иә, белгілі бір дәрежеде әсері бар. Азаматтардың төлем қабілеті сәл артса, сұраныс инфляциясы пайда болады. Бірақ бұл жолғы өсейін деп тұрған шама – ең төменгі еңбекақы мөлшері. Осыған мән беру керек. Ең төменгі жалақының 15 мың теңгеге артуы соншалықты көп тауардың бағасын қымбаттатып жібереді деп айтуға асықпау керек. Біздегі азық-түлік бағасының қымбаттап, инфляцияның болып жатқанының негізгі себебі – ақша массасының көптігінде. Мысалы, Ұлттық қордан өте көп аударымдар жасалып, оның бәріне теңге сатып алынады. Осылайша айналымдағы теңге көбейіп, инфляцияны тудырып жатыр. Мәселе негізі осыдан туындап тұр. Ұлттық банк ақша массасының көлемін азайтуға кішкене көңіл бөлу керек. Ал Үкімет елімізде тауар өндіру мәселесін жолға қою керек. Өзіміздің өндіріс саясатымыз дұрыс болғанда азық-түлік бағасы сондай қатты шарықтамаушы еді. Үкімет көп жағдайда қымбатшылықты жалақының өсуімен байланыстырып түсіндіргісі келеді. Бірақ негізгі мәселе онда емес екенін сарапшы ретінде біраз жерде айтып жүрмін",– дейді Мақсат Халық.