Ең ұтымды уақыт: Әзербайжандағы сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілу себебі

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
3274

2018 жылдың 17 қазанында болуға тиіс сайлауды ел президенті Ильхам Әлиев 11 сәуірге ауыстырды.

Ең ұтымды уақыт: Әзербайжандағы сайлаудың мерзімінен бұрын өткізілу себебі

Сайлаудың ертерек өткізілетін себебі жыл соңына белгіленген ірі халықаралық шараларға байланысты екен. Жылдың екінші жартысына белгіленген Әзербайжан Демократиялық Республикасының 100 жылдығы мен Халықаралық Гуманитарлық форумға кедергі болмас үшін халық мемлекет басшысын ертерек сайлап алмақ. Осылайша, президенттікке түсем деген саясаткердің бір айдан аз уақыт ішінде 40 000-нан астам қол жинап үлгеруі керек. Оппозиция өкілдерінің айтуынша, аяқ астынан қабылданған шешімнің мақсаты – оппозицияның алдын орау, дайындалуға мүмкіндік бермеу. Жалпы, сайлауды аяқ астынан ерте өткізу ТМД елдерінің басшылары үшін әлдеқашан классикалық тәсілге айналған.

Дегенмен, бірнеше аптадан кейін өтетін президенттік сайлауға қазірдің өзінде 12 үміткер тіркеліп үлгерді. Қазіргі билік партиясы "Жаңа Әзербайжан" атынан 2003 жылдан бері ел басқарып келе жатқан Ильхам Әлиев түскелі отыр. Естеріңізге сала кетейік, 2003 жылдан бері Әлиев 2008 және 2013 жылдары қайта сайланған. Ал 2016 жылы референдум өткізіп, президенттік мерзімді бес жылдан жеті жылға ұзартқан еді. Енді сайланатын президент 2025 жылға дейін ел басқармақ.

Әлиевтен бөлек мемлекет басшылығынан үміттілер қатарында Гудрат Гасангулиев (Біріңғай Халықтық Фронты партиясы), Асиф Мамедов (өзін өзі ұсынушы), Эльшан Гасанов (өзін өзі ұсынушы), Фарадж Гулиев (Ұлттық жаңғыру қозғалысы партиясы), Рази Нуруллаев (Баламалы халық фронты), Араз Ализаде (Әзербайжанның Социал-демократиялық партиясы), Хафиз Гаджиев (Заманауи мусават), Анар Умудов (өзін өзі ұсынушы), Турал Аббаслы, Захид Орудж және Фуад Алиев (Әзербайжанның Либерал-демократиялық партиясы) бар.

Айта кетейік, 29 өзгеріс енгізілген жаңа конституция бойынша Әзербайжанда президенттің сайлауға түсуіне шектеу қойылмайды. Яғни, бір үміткер бірнеше мәрте түсе алады. Жалпы, конституцияның референдумын Еуропа Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы демократиялық нормаларға қайшы деп сынаған еді.

Сыртқы саясаттан сытылып шығу
ТМД елдеріне кеңінен таныс тәсіл – сайлауды мерзімінен бұрын өткізу алдымен ішкі күштердің дайындалуына мүмкіндік бермеу болса, екінші мақсат, кей сарапшылардың айтуынша, сайлау барысына сыртқы күштердің енуінің алдын алу. Бұл тұрғыда мамандар Ресей мен Арменияны меңзейді. Осы ақпанда өтетін Ресей Федерациясының сайлауынан кейін Таулы Қарабахта Арменияның мүддесін қорғайтын орыстардың Әзербайжандағы саяси ахуалды әлсіретуіне жұмыс істеп үлгермеуі үшін, екіншіден, Арменияның да осы мақсатта шара қабылдауына тосқауыл болу үшін Ильхаи Әлиев осындай қадамға барып отыр. 1994 жылы бейбіт келісімге келгенімен, әлі күнге дейін аталған аймақта Әзербайжан-Армения мүдделер қайшылығы бар.

Сонымен қатар, орыс сарапшылары бұл шешімді Ресейдегі президенттің сайлау науқанымен де байланыстырып жатыр. Яғни, Әлиев өз сайлауын Ресейдегі саяси науқынның көлеңкесінде өткізіп жібермек. Батыстың назары тұтастай Мәскеуге ауғанда Әлиев тыныш қана төртінші мерзімге сайланып алмақшы.

Макроэкономикалық факторды тиімді пайдалану
Мәселенің экономикалық қырына да тоқталушылар бар. Былтырдан бері мұнай бағасының үштен бірге дейін қымбаттағанынан кейін шикізат экспорттаушы, мәселен Қазақстан секілді дамушы елдердің экономикасы оңала бастады. Бұл Әлиев үшін қазір қол болып тұр. Макроэкономикалық жетістіктерді өзінің экономикалық саясатының жемісі деп таныстыратын мұндай елдердің билігі осындай оңтайлы уақытта саяси науқанға түскенде қосымша артықшылықтар алатыны анық.

Екіншіден, АҚШ федералды реверв жүйесі 2018 жылдың соңына дейін үш рет доллардың базалық мөлшерлемесінің көтеру ниетінің бар екені айтылған. Егер АҚШ долларының базалық мөлшерлемесі көтерілетін болса, дамушы елдердің валютасына соққы болып тиюі мүмкін. Ал ұлттық валютаның әлсіреуі Әлиев үшін сайлау кезінде тіптен керек емес. Сондықтан ел президенті сайлау өткізуге ең оңтайлы уақыт деп келер айды белгілеп отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу