Бұл – міндетті автосақтандыру бойынша сақтандыру төлеміне өтініш рәсімдеудің жеңілдетілген тәртібі болып табылады. Сондықтан оны енгізу жұмыстарымен жол-көлік оқиғаларымен күресетін Ішкі істер министрлігі емес, сақтандыру саласына жауапты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі айналысты.
Ведомствоның хабарлауынша, енді көліктер соқтығысып қалса, автомобиль иелері құқық қорғау органының қызметкерін шақырмай-ақ, сақтандыру оқиғасын жеңілдетілген тәртіппен, өзара реттей алады. "Еуропротокол" дегеніміз де – осы.
Бірақ агенттіктің нақтылауынша, сақтандыру жағдайларын еурохаттама аясында реттей салу үшін жол-көлік оқиғасы мынадай арнайы талаптарға сәйкес келуге тиіс:
- Жол-көлік оқиғасына 2 көлік қана қатысуы керек. Көктайғақта не тұман кезінде тасжолдарда ондаған көліктердің бірін бірі соғатын жағдайы еурохаттамамен реттеуге келмейді;
- Шарпысқан екі көліктің мерзімі өтіп кетпеген, қолданыстағы сақтандыру полистері бар болуы шарт.
- Зардап шеккен тарапқа келтірілген шығын көлемі, яғни көлікті жөндеу сомасы 100 АЕК-тен немесе 2024 жылы 369 200 теңгеден аспауы керек.
- Жол-көлік оқиғасына қатысушылар арасында оған кімнің кінәлі екеніне, кімнің зардап шегуші болып табылуына қатысты келіспеушілік болмауы қажет. Яғни, соққан адам айыбын бірден мойындаса және кейін дау шығарып, соттаспайтын болса, ғана еурохаттама іске қосылады.
- Апат барысында ешкімнің, соның ішінде үшінші тұлғалардың денсаулығы мен өміріне және мүлкіне зиян келтірілмеген болуы қажет. Мысалы, жол-көлік оқиғасы кезінде машина жүргіншіні қақса, не қалалық мүлікті, соның ішінде бағдаршамды, көше шамын, өзге меншік иесінің мүлкін қиратса, мұнда да еуропротокол жарамай қалады.
Осыдан жаңа тетіктің тек жеңіл-желпі ЖКО-ларды реттеуге арналғаны анықталады.
"Пайдаланушыларға қолайлы болу үшін "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ-ы "Еурохаттама" арнайы мобильдік қосымшасын әзірледі. Оны жүргізушілер App Store-дан және Google Play-ден жүктеп ала алады. Қосымшада сақтандыру ұйымына онлайн түрде өтінім беруге, биометриялық идентификаттаудан өтуге, цифрлық құжаттарды, фотосуретті, мысалы, көлікке келген зақымның фотокөрінісін қоса беруге болады. Сақтандыру ұйымы төлемдерді осы өтініш негізінде төлейді", – деп түсіндірді агенттік мамандары.
Сақтандыру төлемін алу үшін қажетті өтініш сақтандыру компаниясына авария бола сала, бірден сол жерден мобильдік қосымша арқылы жіберілуі керек.
Қаржылық реттеу агенттігі еуропротоколдың бірнеше тиімді тұсын атады. Біріншіден, оқиға орнына жол полициясының қызметкерлерін шақырып, олардың келуін сарыла күтудің қажеті жоқ. Екіншіден, сотқа жүгініп, шағын өтемақы сомасы үшін қаншама уақыт пен қаражатты сот процестеріне шығындау да керек болмай қалады.
Үшіншіден, еурохаттама тетігі сақтандыру төлемдерін төлеу мерзімдерін қазіргі бірнеше айдан енді бірнеше жұмыс күніне дейін айтарлықтай қысқартып береді. Төртіншіден, бұл жолдағы трафикті азайтуға мүмкіндік береді. Көліктері соғылып қалған жүргізушілер өзара ымыраға келіп, жолды көп бұғаттамай, тез тараса алады.
Осы орайда еурохаттаманың жүргізушілер арасындағы дау-жанжалдың, тіпті төбелестің алдын алуға ықпалын да атап өтуге болады.
Агенттіктің мәліметінше, жаңа жылдың алғашқы аптасында қазақстандықтардың алды еурохаттама мен мобильдік қосымшаны сақтандыру төлемдерін алу үшін пайдалана бастады.
Одан бұрын, 2023 жылғы 26 желтоқсанда Алматы қаласында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ішкі істер министрлігі бірлесіп, "Европротокол" мобильді қосымшасының сақтандыру нарығындағы алғашқы тестілеуін өткізді. Яғни, қос ведомствоның қызметкерлері жол-көлік оқиғасы болған жерге бірге барып, оған қатысушыларға мәселені өзара реттеуге, қосымшада тіркелуге жәрдемдесіпті.
Тестілеуге сондай-ақ жол-көлік оқиғасына қатысушылардың сақтандыру ұйымдарының, "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ-ның (мобильді қосымшаның иесі), "Бірінші кредиттік бюро" ЖШС-нің (қосымшаны әзірлеуші) өкілдері қатысты.
Ал басқа барлық жұрт үшін қосымша 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды.
Ведомство "Еурохаттама" қосымшасы бойынша сұрақтар туындаған жағдайда өзіңіздің сақтандыру компанияңызға, немесе "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ-ның бірыңғай Сallcenter-іне +7 (727) 339 31 88 нөмірі бойынша хабарласуға болатынын ескертті.
Ал Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының мамандары жаңа тетіктің басқа да жай-жапсарларына назар аудартты.
"Еуропротокол арқасында шынында да, жол полициясын шақыртып әуре болмай, жол-көлік оқиғасын (ЖКО) оңай рәсімдеп, сақтандыру компаниясынан өтемақыны жылдамырақ алуға болады. ЖКО туралы хабарлама сақтандыру компаниясына автоматты түрде түседі. Бұл үшін аварияға қатысушы қос жүргізуші де "Европротокол" мобильді қосымшасын жүктеп алуға тиіс. Әрі қарай ЖКО-ны рәсімдеу 15 минуттай ғана уақытты қажет етеді. Содан кейін сақтандыру компаниясына бару немесе оның агентін шақырту да талап етілмейді", – деді қор өкілдері.
Еурохаттама аясындағы алғашқы төлемді біраз қазақстандық алдағы аптада алады. Өйткені төлем төлеу мерзімі шамамен 6 жұмыс күніне дейінгіні құрайды. Алып үлгергендері де бар көрінеді. Сомасы – 300 мың теңге айналасында.
Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының мамандары "Еурохаттама" игілігін көру үшін "темір тұлпар" иелеріне келесідей кеңес берді. Ұялы телефонының нөмірі "Мобильді азаматтар базасында" тіркелген-тіркелмегенін тексеріп қойғаны абзал. Егер көліктері соқтығысқан жүргізушілердің бірінің нөмірі осы базада болмай шықса, онда оған eGov.kz порталы немесе eGov mobile қосымшасы арқылы тіркелуге болады.
Онсыз тараптар еурохаттаманы рәсімдеуге кірісе алмайды.
Бұған қоса, апат салдарынан тек қос көлікке қана залал келгеніне көз жеткізу маңызды. Яғни, өзге адамдардың денсаулығына, меншік иелерінің мүлкіне, соның ішінде мемлекетке шығын келгені анықталса, бұл реттеу тетігі жарамсыз болып қалады.
Сондай-ақ жүргізушілер өз көлігінің міндетті автосақтандыру полисінің мерзімі бітпегенін тексергені жөн. Себебі, егер жол-көлік оқиғаларына қатысушылардың ең болмаса бірінің сақтандыру полисі жарамсыз болса, онда апатты рәсімдеу үшін бұрынғыдай полиция қызметкерін шақыру қажет етілмек.