Енді кейбір депозиттерге салық төлеуге тура келеді

946

Сарапшылар қазақстандықтарға биыл ақша жинақтары бойынша табысынан уақытылы салық төлеу керектігін ескертті.

Енді кейбір депозиттерге салық төлеуге тура келеді Фото: canva.com

Жұрттың бір бөлігі депозит түрлерінен тапқан табысынан салық төлеуі қажет екені туралы Мемлекеттік кірістер комитетінен хабарламалар ала бастапты.

Сарапшылар мұның енді заңды екенін айтады. Бұл жерде әңгіме біріншіден, ресейлік банктерде депозит ашқан қазақстандықтар туралы болып отыр. Өйткені қаржыдан тарыққан РФ банктері өз салымшыларына депозиттер бойынша 56 пайызға дейінгі ғаламат сыйақы ұсынады.

Екіншіден, Қазақстанның банктерінде жинақ жинайтын шетел азаматтары да салық төлеуі шарт.  

Салық қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы Дмитрий Казанцевтің түсіндіруінше, мұндай салық көлемі 10%-ды құрайды. Бірақ ол салық салымның бүкіл сомасынан емес, тек одан түскен салықтан есептеліп, төленеді.

Ал, Қазақстан азаматтарының қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі депозиттерінен тапқан кірісіне салық салынбайды.

Жалпы, көрші Ресейде барлық депозиттерден салық ұсталады. Бірақ қазақстандық салықшылар ресейлік әріптестері Қазақстан азаматтарынан салық алмағанына сенімді. ҚР және РФ құзырлы органдары ақпарат алмасатыны белгілі.

"Заң мен келісім бойынша шетелдіктен барлық салық депозит рәсімделген елде ұсталуға тиіс. Ондай жағдайда салымшы өз Отанында, яғни, Қазақстанда ол табысынан ештеңе де төлемеуі керек. Алайда шын мәнінде РФ банктеріндегі салымдар бойынша салық алынбаған. Сондықтан Мемлекеттік кірістер комитеті Қостанай облысындағы біздің клиенттерге сондай хабарлама жолдады. Біз сандарды салғастырдық. Депозиттен дәл осы салық жинау турасында сөз болып отырғаны анықталды", – деді Дмитрий Казанцев.

Сол себепті, қазақстандықтарға депозитінің бүкіл сомасының емес, жыл бойы одан тапқан кірісінің 10%-ы көлемінде салық төлеуге тура келеді.

Сарапшы кейбір шет мемлекеттерде халықтың жинағына салық салу қарастырылмағанын еске салды. Қазақстан азаматтары ондай елдерді өзіндік "оффшор ретінде" пайдалана алмайды.

Бәрібір өз бетінше декларация тапсырып, Қазақстанның бюджетіне табысынан 10% салық аударып тұруға тиіс. Олай жасамаса, салық салу объектісін жасырғаны үшін төленбеген салығының 200%-ы көлемінде айыппұл, ал, егер қайталай бұзушылыққа барса, 300% айыппұл арқалайды.

"Бүгінде Мемкірістер комитеті 2023 жыл үшін салық төлеуді талап етіп, хабарламалар жіберіп жатыр. Заң бойынша олар 2022 жыл үшін де салық төлеуді талап ете алады және солай болатыны түсінікті. Биыл қазақстандықтарға осы кезеңдер үшін 240.00 формадағы есепті тапсыру қажет болады", – деді сарапшы.

Ал, егер 2024 жылға салық хабарламасы келсе, онда жеке тұлғалар 270.00 нысанындағы декларацияны тапсырып, басқа елдегі депозитінен тапқан түсімінің 10%-ы сомасында салық төлеуге мәжбүр болады.

Егер қазақстандықтар криптовалюта сатып алып, мәміледен табыс тапса, онда салықшылар сонау 2021 жылдан бергіні тексеріп, содан бастап 4 жыл ішіндегі салықты төлеуді талап етуі мүмкін.

Қазақстандықтардың кейбір депозит бойынша салық міндеттемелері бар екенін Jusan.kz те растады. Өйткені депозит сыйақысы кірістің бір түрі болып табылады.

Салық кеңесшісі, аудитор, бухгалтер Юлия Тё әлгі айтылған шетелде жинағы бар қазақстандықтар мен Қазақстанда салым ашқан шетелдіктер сыртында, депозиттен салық төлеушілердің басқа да санаттарын атады. Бұлар – жеке кәсіпкерлер және ЖШС-лар.

"Кәсіпкерлер табыстарынан салық төлейді. Салық салу тәртібі бизнес түріне – дара кәсіпкер ме, немесе ЖШС ма, соған байланысты болады. Бұған қоса, олардың қолданатын салық режиміне де тәуелді. Мысалы, бизнес басыартық қаражатын депозитке салып қоюы мүмкін. Мұндай депозиттерден алынатын сыйақылары да оның кірісі ретінде есептеледі", – деді Юлия Тё.

Жеке кәсіпкерлер қандай салық төлейді?

Жеке кәсіпкердің атына ашылған депозиттің сыйақысы оның кірісі болып табылады. Мұндай кірістен 10% мөлшерінде жеке табыс салығын (ЖТС) төлеуге жатады.

Бірақ сарапшының айтуынша, әдетте банктер бизнестің депозитіне есептелетін пайыздық сыйақыдан 15% мөлшерінде салықты өз бетінше ұстап отыратын көрінеді. Сондықтан кәсіпкерге қосымша ЖТС төлеудің қажеті жоқ.

Түскен табыс пен ұсталған салық сомасын 220.00 нысанындағы декларацияда көрсету қажет.

Мысал келтірейік: ЖК (ИП) депозитінен 10 000 теңге табыс алды делік. Осы сомадан банк 15% салықты ұстап қалды: 10 000 ₸ × 15% = 1 500 теңге.

Декларацияның 220.00.010 жолында депозиттен түскен табыстың толық сомасы, яғни, 10 000 теңге көрсетіледі. Жеке кәсіпкер үшін ЖТС мөлшерлемесі 10% ғана, алайда банк одан 15% салықты ұстағандықтан, декларацияда артық төленген салыққа түзету-корректировка жасау қажет болады: 10 000 ₸ × (15% - 10%) = 500 теңге.

Осы шыққан сома 220.00.014 жолында көрсетіледі. Осылайша, декларацияда салықтың артық төленгені көрініс табады.

Егер жеке кәсіпкер депозитті жеке тұлға ретінде ашса не болады? Өйткені қазіргі кезде көптеген компания еңбекақы төлеу қорына түскен жүктемені азайту үшін қызметкерлерін штаттан шығарып, оларды жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мәжбүрлеуде. Сонда олар компанияның қызметкері болудан қалып, оған қызмет көрсететін кәсіпкерге айналады.

Егер амалсыз ЖК тіркеген бұрынғы ұжым қызметкерлерінің банктерде депозиттері болса, енді одан алған табысы үшін салық төлеуі қажет пе?

Салық кеңесшісі Юлия Тёнің мәліметінше, егер ол адам ҚР резиденті, яғни, Қазақстан азаматы болса және депозитті ЖК емес, жеке тұлға ретінде ашса, сондай-ақ ол салымы кәсіпкерлік қызметімен байланысты болмаса, оның депозитінен түскен табыстарына сол бұрынғыдай салық салынбайды.

Дегенмен, егер жеке тұлға өзге елдің азаматтығын алса, немесе шетелдік болса, онда депозитінің кірісінен банк 15% салық ұстайды.

Банктер адамның резидент не бейрезидент екендігін, басқа да ақпараттарды салым туралы келісімшарт бекіткенде азаматтың өзі ұсынған ақпараттан біледі. Сондай-ақ, меморгандардың дерекқорынан да анықтай алады.

ЖШС-лар қандай салық төлейді?

Депозит ЖШС атына рәсімделсе, одан алынған пайыздық табыс та компанияның кірісі болып есептеледі. Банк олардың депозитінің сыйақысынан 15% мөлшерінде салық ұстайды.

Бірақ компаниялар үшін корпоративтік табыс салығының (КТС) ставкасы 20%-ды құрайды. Сондықтан ЖШС-лар тағы 5%-дық айырманы төлеуге тиіс болады.

Неге банктер тек 15 пайыз ұстайды? Өйткені кейбір компаниялар жеңілдікке ие және салықтық шегерімді қолданады. Егер салық базасын азайтатын жеңілдіктері немесе шығыстары болмаса, әрі қарай 5 пайыздық айырманы өзі төлеуі қажет.

Депозиттен түскен табыс пен ұсталған салық сомасын дұрыс көрсету үшін банктен салықтың ұсталғаны туралы анықтама алған жөн. Алынған табыс пен салық сомасы 100.00 нысанындағы декларацияда көрсетіледі. Барлық сыйақы сомасы 100.00.014 жолында салық төлеушінің өзге кірістері ретінде жазылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу