Енді кез келген шенеунікпен тең дәрежеде соттаса аласыз

2939

Бұл іргелі өзгерістерді заңдастыратын құжатты – "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесін реформалау және процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын Парламент қабылдады. Таяуда Президент оған қол қойды.

Енді кез келген шенеунікпен тең дәрежеде соттаса аласыз Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

2027 жылғы 1 шілдеде қолданысқа енгізілетін бірқатар баптарын қоспағанда, заң негізінен күшіне енді.

Оның аясында мысалы, елімізде "әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылық енгізіледі".

Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріповтің түсіндіруінше, бұған дейін, 2022 жылдың тамызынан бері республикада азаматтық істер бойынша эксаумақтық соттылық енгізілген болатын.

Оған сәйкес, Қазақстанның кез келген азаматы қай өңірдің тұрғыны болғанына қарамастан, өзіне қолайлы кез келген қаланың сотына жүгіне алады.

Соның нәтижесінде, бір ғана 2023 жылы 1 600-ден астам іс бойынша азаматтар эксаумақтық соттылық мүмкіндіктерін пайдаланыпты. 

"Бұл тетік сотқа қатысушыларға ыңғайлы. Оның үстіне жергілікті мемлекеттік органдардың, күштік құрылымдардың, әкімдіктің іске араласуынан, күш көрсетуінен, басқа да теріс жағдайлардан аулақ болуына, сыртқы ықпалсыз әділ төреліктің жүзеге асуына оң әсер етеді. Бұл қағидат, яғни эксаумақтық соттылық енді әкімшілік істерге де таралатын болады", – деді Нұрсерік Кәрімұлы.

Яғни, мемлекетпен, оның органдарымен, құрылымдарымен, ұйымдарымен соттасатын қарапайым адамдар, кәсіпкерлер жергілікті шенеуніктерді өзге өңірде сотқа бере алады.

Депутат Максим Рожин азаматтық істер мен әкімшілік істер бойынша ұқсас тетіктер арасындағы бір айырмашылыққа назар аудартты.

"Қазіргі уақытта, яғни, мына заң күшіне енгенге дейін Қазақстанда тек азаматтық істер бойынша ғана эксаумақтық соттылық қолданылды. Тиісінше, ол дауды басқа өңірдегі соттың қарауына беруге болады. Бірақ бұл үшін екі тараптың да келісімі қажет! Жаңа заңға сәйкес, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстегі әкімшілік істерге де эксаумақтық соттылық қолданылады. Алайда мұнда екі жақтың, айталық, әкімнің келісімін алу қажет емес. Тек талап қоюшы, арызданушы эксаумақтық соттылықты таңдаса жеткілікті. Түсіндіре кетсем, әкімшілік істер бойынша қаралатын дауларда әдетте мемлекеттік орган жауапкер болады", – деді ол.  

Депутат мұның бір теріс жағын атады. Жергілікті шенеуніктерге енді басқа өңірдегі сотқа қатысу үшін соған шабылып, жолына, қонақүйіне, тамағына шығын шығаруына туралы келеді. Бұл қосымша бюджеттік шығыстарға әкеп соқтырады.

Жоғарғы соттың Азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы әкімшілік істер бойынша не себепті тек бір жақтың – талапкердің сондай құқығы бекітілгенін түсіндірді.

"Негізі, әкімшілік әділеттілікте әу бастан талапкер әлсіз болады. Ол неге әлсіз? Өйткені билік өкілінің әкімшілік ресурсы бар. Азаматтардың 70-80%-ы меморгандармен, лауазымды адамдармен соттасады. Бұл тараптар тең бола қоймайды. Сондықтан сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін эксаумақтық соттылықты қолдануы керек. Қорқатын ештеңесі жоқ, эксаумақтық соттылықтың енгізілуі нәтижесінде басқа бір өңір соттарының жүктемесі артып шыға келмейді. Себебі, бұл жаппай қолданатын тетік емес", – деді Нұрсерік Шәріпов.

Ол жаңа тетіктің бюджеттік шығыстардың ұлғаюына соқтырмайтынына сенімді. Себеп – біз ақпараттық технологиялар жете дамыған заманда өмір сүрудеміз.

"Меморгандар қосымша шығын шекпейді. Шенеуніктерге басқа өңірге барудың қажеті жоқ. Жалпы, сот жүйесінде ІТ-технологиялар қолданылады. Олар үйде, жұмыста, шетелде, іссапарда жүріп-ақ, іс қарауына мүмкіндік берді. Біз оны пандемия кезінде іске қосып, толыққанды жетілдірдік. Сондықтан билік өкілдерімен соттасатын азаматтарды коррупциялық тәлкектен, озбырлықтан қорғау үшін эксаумақтық соттылықты талапкердің өтініші бойынша іске қосқан жөн деп отырмыз", – деді Жоғарғы сот өкілі.

Депутаттардың айтуынша, бұл өзгерісті Жоғарғы соттың қолдағаны, тосқауыл қойып бақпағаны құба-құп болды. Өйткені ол жергілікті шенеуніктерге, құқық қорғау өкілдеріне қызмет етіп, баюы мүмкін судьяларды жемсауынан айыра алады.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбектің пікірінше, бұл қадам сот жүйесін жаңғырту үшін өте маңызды.

"Талапкердің, яғни, әділдік жолында жүйеге қарсы шыққан қарапайым азаматтың, кәсіпкердің таңдауымен әкімшілік істер бойынша экстерриториалды соттылықты енгізу – заңның ең бір озық тұсы! Шын мәнінде, бұл отандық сот өндірісіндегі революция! Бір мысал келтірейін: егер әкім көрінеу заңсыз қаулы шығарып, әлдекімнің жерін тартып алып, туысына, танысына үлестірсе, одан құқай көрген, құқығы бұзылған азаматтар кез келген басқа өңірді таңдап, соның судьясынан әділ шешімін айтуды сұрай алады", – деді ол.

Оның түсіндіруінше, іс-қимыл алгоритмі келесідей: шағымданушы "Сот кабинетінде" тіркеліп, сотқа талапарыз береді. Сонда "Эксаумақтық" деген тармаққа белгі соғуы керек. Содан кейін өзі қалаған өңірді, қаласа, Астананы таңдай алады. Ондай жағдайда бір облыстағы билік өкілдері мен тұрғындар арасындағы дауды астаналық судья қарайды.

Азаматтық істерде, айталық, екі тұрғын, не қос кәсіпкер соттасса, тараптар тең болады. Сондықтан оның бірі эксаумақтық соттылықты таңдағысы келсе, қарсы тараптың келісімін алуға міндетті.

Ал, әкімшілік істерде, депутаттың пікірінше, мүлдем басқа қағидаттар жүреді. Онда талапкер – ең әлсіз тарап. Жергілікті сот пен атқарушы билік өкілдері бірін-бірі қолдап шығатын кез сирек емес.  

"Сол себепті, мұнда эксаумақтық соттылықты талапкердің таңдауы бойынша енгізу дұрыс. Таңдауды әкімдіктегілерге бермеу керек. Судьялар да адам, олар жергілікті атқарушы органдарға тәуелді болуы мүмкін. Бұл тетік азаматтардың әділ сот қорғауына деген құқығын кеңейтеді. Бұл – антикоррупциялық құралдардың әлеуетін де арттырады. Басқаша айтқанда, әкімшілік сот өндірісінің эксаумақтық принципін енгізу арқылы біз сот билігін әкімдердің ықпалынан, қысымынан босатамыз, тәуелсіз етеміз! Бұл тетік арқасында әкімдердің заңсыз шығарылған қаулыларын әкімшілік істер аясында, сот шешімімен бұзып, заңсыз берілген жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға, заңсыз шығарылған рұқсат құжаттардың күшін жоюға мүмкіндік туындап отыр", – деді Бақытжан Жұмабекұлы.

Депутаттардың байламынша, аталған тетік арқылы бұдан былай салық органдарының, экология, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, білім, денсаулық және өзге де уәкілетті органдардың заңсыз әкімшілік актілерін сотпен бұзуға, сол арқылы әділдік пен заңдылықты қалпына келтіруге мүмкіндік берілді.

Дегенмен, депутат келесі жылы барлық жергілікті сот жергілікті әкімқаралардан азат болып шыға келеді деп күтуге болмайтынын ескертті. Оған ұзақ жылғы нысаналы шаралар, мақсатты жұмыс арқылы ғана қол жеткізіледі.

"Жемқорлыққа балта шабатын мұндай түзетулерді қоғам, халық асыға күтіп отыр. Бұл түзетуді жұмыс тобында қабылдау оңайға соқпады. Оған қарсыласқан меморгандар, көптеген күштер болған. Бұл сот реформасы және эксаумақтық қағидаты ұзақ жылдар бойы сот жүйесіне сіңген, әкімдер мен құзырлы органдардың сыбайлас жемқорлық жолымен сотқа қысым көрсетуі арқылы өзіне қажетті сот шешімін шығартып алу практикасына тосқауыл жасайды. Алайда жалғыз түзетулермен ғана сот жүйесіндегі жемқорлықты түбімен жоймаймыз! Соттың үзілді-кесілді тәуелсіздігіне қол жеткізбейміз! Бұл ұзақ жылдар бойғы реформамен, жаңарумен ғана қол жеткізілетін дүние. Сонымен бірге эксаумақтық соттылық арқылы қаншама азамат соттарда ақиқат пен әділдікке қол жеткізеді", – деді Б.Базарбек.

Жаңа заңның тағы бір жаңалығы – әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі міндет енгізілді.

Ресми мәлімет бойынша заңсыз, сауатсыз шешім шығарған шенеуніктердің талапкерлерге жеңіліп қалу жағдайлары жиілепті. Өткен жылы меморгандарға қойылған талаптардың қанағаттандырылуы 63%-ға жетті.

"Бұлай ұтыла берудің тұрақтылығы меморгандардың әлі де әкімшілік қызметтің біркелкілігін қамтамасыз ету бойынша тиісті шараларды қабылдамайтынын білдіреді. Сонымен қатар сот практикасы азаматтар мен бизнес тарапынан негізделген шағымдарды тудыратын жергілікті органдардың жұмысында жүйелі бұзушылықтардың бар екенін көрсетеді. Азаматтар жүгінген кезде әкімшілік рәсімдер жүргізілмейді. Сондықтан Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру жөніндегі жаңа міндетпен толықтырылды", – деді Мәжіліс депутаты Шапақ Үнзила.

Бұл – халықаралық тәжірибе. Армения, Әзербайжан, Грузия сияқты бірқатар елдерде әкімшілік рәсімдердің біркелкілігін қалыптастыру ережесі әкімшілік рәсім қағидаты деңгейінде бекітілген.

Бұл қазақстандықтарға құқықтық қатынастардың белгілі бір саласындағы дауларды шешу тәжірибесін басшылыққа алуға мүмкіндік береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу