Енді жұмысқа тұру үшін Кадр бөліміне барудың қажеті жоқ

24838

Сарапшылар қазақстандықтарға өз еңбек келісімшарттарының электронды нұсқасын бір тексеріп қоюға кеңес береді.

Енді жұмысқа тұру үшін Кадр бөліміне барудың қажеті жоқ Фото: canva.com

"Жұмысшының еңбек жолы Кадр бөліміне бас сұғудан басталады. Бұрын солай айтатын. Бүгінде Қазақстанда бәрі басқаша, жұмысқа орналасу үшін Кадр бөліміне бару міндетті емес. Республикада еңбек келісімшартын жұмыскер мен жұмыс беруші қашықтан, HR Enbek порталы арқылы бекіте алады", – деп түсіндіреді Sauap.org ағартушылық порталы.

2024 жылғы ақпандағы жағдай бойынша Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде 426 264 жұмыс беруші мен 5,6 миллион еңбек шарты тіркелген. Соның ішінде шамамен 1,9 миллион шарт бір ғана 2023 жылы енгізілді. Ендеше бұл іске қуатты серпін беріліп отыр.

Бұған қоса, былтырғы қазан айынан бастап, HR Enbek порталында еңбек келісімшартын толығымен электронды форматта бекіту функционалы пайда болды. 1 мыңнан астам адам мен 500-ге жуық жұмыс беруші бұл мүмкіндіктің игілігін көріп, бетпе-бет кездеспей-ақ, қашықтан шарт бекітісті.

Sauap.org сарапшылары мемлекетке қарасты HR Enbek порталы арқылы еңбек шартын бекітудің алгоритмін түсіндірді:

Бірінші қадам, жұмыс беруші порталда авторизациялаудан өтіп, сондағы ыңғайлы конструкторды пайдалана отырып, электронды еңбек шарты (ЭЕШ) жобасын түзуі керек. Өзінің дайын файлын тіркетуіне болады. Бұл жобаны ол келісімін беруі үшін жұмысқа орналасудан үміткер адамға жібереді.  

Екінші қадам, жұмысшы порталда немесе HR Enbek мобильді қосымшасында авторизациялаудан өтіп, электронды цифрлық қолтаңбасы немесе mGovMobile қосымшасында – QR көмегімен ЭЕШ жобасына қолын қояды.

Үшінші қадам, жұмыс берушіге жұмысшының ЭЕШ-ке қол қойғаны туралы хабарлама түседі. Сонда ол да құжатқа қол қояды.

Еңбек шарты туралы мәлімет автоматты түрде Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде (ЕШЕБЖ немесе орысша ЕСУТД дейді) тіркеледі.

Бүгінде кейбір беделді компаниялар, ірі ұйымдар төл кадрлық ақпараттық жүйелеріне ие. Тиісінше, электронды еңбек шарттарын бекіту алдымен солардың жеке платформасында жүзеге асырылады. Артынша жұмыс беруші бекітілген шарттар туралы мәліметті HR Enbek арқылы қолмен жүктеп, ЕШЕБЖ бірыңғай жүйесіне жібереді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, бұл жеке кадрлық жүйелерді ЕШЕБЖ-мен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Олар өзара кіріккен соң, мәліметтерді беру процесі автоматтандырылады.

Мемлекеттің HR Enbek порталы әлгіндей төл кадрлық ақпараттық жүйесі жоқ немесе Учет.kz секілді порталдарға ақы төлеп, шығындала алмайтын кәсіпорын-компанияларға қызмет етуде. Оларға еңбек шартын электронды, қашықтан бекіту мүмкіндіктерін ұсынады. Өз жүйелері бар ұйымдар HR Enbek-пен интеграциялануы керек.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспановтың айтуынша, Enbek HR порталының арқасында кадр бөлімдері қағазбастылықтан, еңбек келісімшарттарының бума-бума қағаздарын шкафтарда сақтаудан құтылады. Бұл – шарт бекітудің де, еңбекпен қамтуды сүйемелдеудің де процестерін оңайлатады.

Ербол Оспанов "Enbek" цифрлық экожүйесін құрып, енгізу үшін Қазақстан кейінгі алты жыл бойы үлкен іс тындырғанын жеткізді.

"Мысалы, бірінші кезеңде азаматтардың жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қолжетімділігін арттыру үшін 2018 жылы Enbek.kz порталы іске қосылды. Ол тиімді бірыңғай жүйеге дейін өсе алды. Бүгінде ол босорын-вакансияларды немесе жұмыс іздеушілердің түйіндемелерін ұсынумен шектелмейді. Азаматтарға мүмкіндіктердің тұтас тобын ұсынады: Skills.enbek.kz – жаңа білім мен дағдыларға қол жеткізеді. Business.enbek.kz-те – кәсіпкерлерді қолдау шаралары шоғырландырылған. Career.enbek.kz – еңбек нарығында мансапты дамыту мүмкіндіктерін қарастырады. Migration.enbek.kz көші-қон мәселелерін жылдам шешеді. Ал HR.enbek.kz – еңбек шарттарының порталына айналды", – деді вице-министр.

Е.Оспанов жұмыс беруші мен қызметкердің өзара әрекеттестігіне араағайын болатын HR.enbek.kz платформасының жұмыс принциптеріне егжей-тегжейлі тоқталды.

"Бүгінде елімізде 430 мыңнан астам ұйымда 6,7 миллионға жуық жалдамалы қызметкер жұмыс істейді. Сонымен қатар, жыл сайын еңбек нарығына 230 мыңнан астам жас азамат – жаңа жұмыс күші қосылады. Бұл ретте жыл сайын 2 миллионға жуық адам жұмысқа жаңадан орналасады, орнын ауыстырады. Олардың бәрі жұмыс берушісіне өзі туралы талап етілетін ақпаратты ұсынуы, еңбек шарттарына қол қоюы қажет. Осы процестердің бәрі-бәрі қағаз түрінде жасала берсе, қағаз да, қойма да шақ келмейді. Бұл олқылықты жою үшін енді HR Enbek платформасы арқылы жұмыс беруші вакансияға үміткерлердің дербес деректеріне электронды түрде қол жеткізу мүмкіндігін иеленді", – деді Еңбек министрінің орынбасары.

Осы орайда аталған платформада жұмыс іздеушілердің дербес деректерінің қаншалықты сенімді қорғалғанына қатысты сауал туады. Мәселен, алаяқтар порталда жұмыс беруші ретінде тіркеліп, азаматтардың, яғни әлеуетті құрбандарының дербес деректеріне қол жеткізбей ме?

Ербол Оспановтың айтуынша, тіркелген жұмыс беруші "мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйесінен қажетті құжаттарды немесе дербес деректерді беру туралы сұрауын тек азаматтың рұқсатымен ғана жібере алады". Яғни, бұл жерде алаяққа жем болмаудың жауапкершілігі жұмыс іздеген әр азаматтың өз иығына жүктеліп отыр.

Вице-министр де, сарапшылар да жұмыскерлерге өз еңбек келісімшартының электронды нұсқасын HR Enbek порталына кез келген кезде кіріп, бір тексеріп қоюына болатынын қаперге салды. Әйтпесе, жұмысшыларымен еңбек шартын бекітпейтін, немесе оны рәсімдемей, көзбояушылық жасайтын жұмыс берушілер де жетерлік.

Бірақ әзірге жұмыс берушілердің бәрі бірдей порталда еңбек шарттарының көшірмесін орналастырмаған. Егер компания өз жұмысшыларының еңбек шарттарын сонда әдейі тіркемесе, немесе солай жасауға жалқауланса, қандай жаза бар?

Заңгер Наталья Шляхова ол үшін жаза қарастырылмағанын білдірді. Бәлкім, болашақта Үкімет пен Парламент жауапкершілікті қатайтуы да мүмкін.

"Жалпы, Қазақстанда еңбек шарттарын есепке алуды автоматтандыру Еңбек кодексіне енгізілген өзгерістерге сай, 2020 жылғы 16 мамырдан бастап енгізілді. Яғни, бұл іс заң жүзінде бекітілген. Сол арқылы мемлекет азаматтардың қаншасы ресми жұмыспен қамтылғанын нақты біле алады. Еңбек кодексінің 23-бабының 2-бөліміне, жаңа нормасына сәйкес, Қазақстандағы барлық жұмыс беруші өз жұмысшыларымен арасында бекіткен әрбір еңбек шарты туралы мәліметті Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) енгізуге міндеттелді. Демек, шарттарды порталда тіркету – енді жұмыс берушінің тікелей міндеті", – деді заңгер.

Ол пандемия, яғни карантиндік шектеулер еңбек шарттарын және оларға қосымшаларды бекіту процесінің автоматтануына тың серпін бергенін еске салды.

Нәтижесінде, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі №353 бұйрығымен "Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидалары" қабылданды.

Бұл құжат жұмыс берушілердің міндеттемелерін нақтылай түсті әрі нақты мерзімдерді бекітті. Мысалы, біріншіден, бұдан былай жаңадан жасалған еңбек шарттары бойынша мәліметтерді жұмыс беруші екі жақ еңбек шартын жасасқан күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде міндетті түрде ЕШЕБЖ-ға енгізуге тиісті.

Екінші жаңашылдық еңбек келісімшарттарын әлі күнге қағаз күйде ғана толтырып отырған кадр бөлімдеріне қатысты. Мұндай ұйымдар, егер компанияның ұжымындағы қызметкер саны 2000 адамнан аспаса, онда қолданыстағы, мерзімі аяқталмаған еңбек шарттары туралы мәліметтерді 1 жыл ішінде тегіс ЕШЕБЖ-ға енгізіп шығуы шарт.

Жұмыскерлерінің саны 2 мың адамнан көп ірі ұжымдарға бұл іске 2 жыл мерзім берілді.

Белгіленген уақыт шегі 2023 жылы толығымен аяқталды. Осы кезеңде өз міндетін орындамаған жұмыс берушілер жаппай жазаланған жоқ. Оның орнына Еңбекмині түсініктеме жұмыстарын жүргізіп жатыр. Үкіметтің түсін суытып, қатаң шараларға баруын күтіп отырмай, кадр бөлімдері қазірден аталған жүйеге еңбек шарттарын енгізіп шыққаны жөн. Сонда жұмысшылардың көңілі де тоқ, компания да тексерістен сау болары даусыз

Осылайша, елдегі барлық еңбек шарты бір порталда жинақталған соң, әрі қарай жұмыс берушілер әрбір шартқа енгізілген әрбір өзгеріс пен толықтырулар туралы мәліметтерді ЕШЕБЖ-ға күнтізбелік 15 күн ішінде енгізіп отыруға міндетті. Сонда порталдағы құжаттар да үнемі өзекті болады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу