Ербол Арынов: "Палата пандемия кезінде пайдалы болды"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3695

Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ербол Арынов іnbusiness.kz-ке сұхбат берді. 

Ербол Арынов: "Палата пандемия кезінде пайдалы болды"

– Ербол Сейтахметұлы, Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасы төтенше жағдай кезінде, жалпы пандемия жағдайында қандай істер тындырды?

– Кәсіпкерлердің құқығын жан-жақты қолдау, дамыту және қорғау "Атамекен" палатасының басым бағыты екені анық. Әсіресе, бұл жұмыс коронавирустық пандемия кезеңінде, көптеген кәсіпкердің жұмысы тоқтап тұрған кезде, іскерлік белсенділік төмендегенде, бірқатар шектеулі шараларды қатаң сақтау керектігі туғанда өзекті болды. Төтенше жағдайдың енгізілуімен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында Республикалық байланыс орталығы жұмыс істей бастады. Бизнестен келіп түскен қоңырауларға нақты жауап беру үшін аймақтық кәсіпкерлер палатасында жедел штаб құрылды.

Жалпы алғанда, төтенше жағдай кезінде Павлодар облыстық кәсіпкерлер палатасына 600-ден астам өтініш келіп түсті. Өтініштердің басым бөлігі кәсіпкерлік субъектілерінің жұмысын шектеуге, жалдау жөніндегі міндеттемелерге, қызметкерлердің қозғалысына, салық және банктік қарыздар саласындағы форс-мажорлық куәліктердің берілуіне, ең төменгі жалақы төлеуге, сондай-ақ өнімді үшінші жаққа шығаруға тыйым салуға байланысты болды. Сонымен қатар, төтенше жағдай кезінде шарттық міндеттемелерді орындау мүмкін болмағандықтан, сот процестері көбейді.

 Төтенше жағдайдың енгізілгеніне қарамастан, кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытындағы жұмыстар тоқтаған жоқ. Палата сарапшылары бейнеконференция арқылы сот отырыстарында кәсіпкерлердің мүддесін қорғады. Жалпы, 2020 жылдың 1 тоқсанында өңірлік палатаның заңгерлері кәсіпкерлердің 1 млрд 725 мың теңге көлемінде мүліктік құқығын қорғағанын атап өткім келеді.

Кәсіпкерлердің құқығын Соттарда қорғаумен қатар, біз дауларды медиация тәртібімен соттан тыс реттеуді қолданамыз. Өйткені бұл тәжірибе кәсіпкерді сотқа жеткізбей, уақыт пен қаржыны айтарлықтай үнемдейді.

– Пандемия жағдайында кәсіпкерлер нені ескеруге тиіс?

– Павлодарда 2020 жылдың 4 мамырынан кейбір кәсіпорындар жұмыс істей бастады. Алайда карантин жағдайы жеңілдетілгенімен, санитарлық шаралар күшейтілді. Кәсіпкерлер карантин шаралары жеңілдетілсе де, инфекцияның таралуын болдырмау үшін қажетті шараларды қабылдауы керек. Қазіргі уақытта арнайы мониторинг тобы кәсіпкерлердің санитарлық талаптарға сәйкестігін қадағалайды. Аталған топта облыстық "Атамекен" палатасының өкілі де бар.

Барлық бизнес нысанда дезинфекция режимін күшейту керек. Қызметкерлер бір реттік қолғап, масканы кем дегенде 3 сағатта бір рет ауыстыруы керек. Жұмысшылардың температурасын күніне бірнеше рет бақылау міндетті. Жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Талаптарды сақтамағаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік кодексінің 476-бабында әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын атап өткім келеді.

Бизнестің құқықтары мен мүдделерін қорғаумен қатар, біздің жұмысымыздың үлкен бөлігі – кәсіпкерлерді қаржылық емес қолдау. "Атамекен" өңірлік палатасының сайтындағы "Инвесторлар үйінде" Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының кеңесшілері мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіреді, бизнес-жоспар жазуға, салықтық және статистикалық есептерді тапсыруға, заңгерлік қызмет көрсетуге, мемлекеттік сатып алулар саласында сүйемелдеуге көмектеседі. Барлық қызмет ақысыз көрсетіледі.

Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін қызметтерді Интернеттегі https://services.atameken.kz/ порталы арқылы да, Павлодар қаласы, Луговая көшесі, 16 мекенжайы бойынша орналасқан Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына келіп алуға болады. Орталық  кеңесшілері бизнес-идеяның пайда болу кезеңінен бастап түпкі нәтижесіне дейін бизнес-жобаларға жан-жақты көмек көрсетуге және қолдауға дайын.

Біздің қызметтер жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлер үшін де пайдалы. Мысалы, бухгалтерді, заңгерді немесе мемлекеттік сатып алулар бойынша маманды штатта ұстауға бәрінің бірдей мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайларда кәсіпкер әрдайым Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен байланыса алады. Онда оған барлық қызметтер көрсетіледі. Алғаш рет кәсіпкерлік жолына түскендерге Бизнес мектепте өз бизнесіңіздің негіздері бойынша тегін білім алуға немесе "Бастау" жобасының қатысушысы атануға кеңес беремін.

Карантиндік шараларды ескере отырып, оқыту онлайн режимінде Atameken Academy платформасы арқылы жүзеге асырылады. Бұл оқушыларға өте ыңғайлы. 2020 жылдың басынан мамыр айына дейін 273 қызмет алған 257 кәсіпкер сервистік қолдауды пайдаланды.

– "Қарапайым заттар экономикасы" аясында қандай шаралар қабылдануда?

–  Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасы бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында өзгертулердің бесінші пакеті қабылданғанын жақсы білеміз. Сонымен "Қарапайым заттар экономикасын" жүзеге асыруға қосымша 400 млрд теңге бөлінді. Осылайша, бағдарламаның жалпы сомасы 1 трлн теңгені құрады. Осының нәтижесінде кәсіпкерлерге көбірек қолдау көрсетіледі.

Салалық шектеулер алынып тасталды. Енді екінші деңгейлі банктің немесе қаржы институтының мақұлдауын алатын кез-келген кәсіпкер бағдарламаның қатысушысы бола алады.

Қаржыландыру көлемі келесі ретпен қайта бөлінді: агроөнеркәсіптік кешенде өңдеу үшін 200 млрд теңгеге дейін, агроөнеркәсіптік кешенде 500 млрд теңге, өндіру, өндіріс және қызмет көрсету саласына 300 млрд теңге бөлінді. Сонымен қатар, несие мерзімі 7 жылдан 10 жылға дейін ұзартылды.

Бағдарлама аграрлық несие корпорациясын екінші деңгейлі банктермен бірге агроөнеркәсіптік кешенде өңдеу операторы ретінде қамтиды. Фермерлерді қолдау үшін көктемгі дала жұмыстарына 100 миллиард теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың тағы бір шарасы VPR үшін айналым қаражатын 100% толықтыру 1 жылдан аспайтын мерзімге қамтамасыз етілуі.

Бағдарламаның әлеуетті қатысушылары шағын және орта бизнес жобалары үшін несие сомасы 100 миллиардтан 200 миллиард теңгеге дейін ұлғайтылғанын, ал кепілдік мөлшері 3 миллиардтан асатын несиелер үшін 30 пайызға дейін ұлғайтылғанын ескеруі керек.

"Атамекен" палатасында барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен даму институттарының қатысуымен жобалық алқа бар. Біз бизнес-жоспарды құру кезеңінен бастап қаржыландыруға дейінгі жобаларды сүйемелдейміз. Бағдарлама қатысушылары өз бизнесін кеңейтуге немесе қызметтің жаңа бағытын ашуға ниетті кәсіпкерлер бола алады. Кәсіпкерлерді осы бағдарламаны бизнестің жаңа бағытын кеңейту немесе ашу үшін пайдалануға шақырамын.

– Жуырда "Бастау" жобасы басталғанын білеміз. Биылғы меже қандай?

– Иә, 10 маусымнан бастап "Бастау" жобасы іске қосылды. Биылғы жылы қабылданған карантин шараларын ескере отырып, қашықтықтан оқыту Atameken Academy онлайн платформасы арқылы жүзеге асырылады. Оқыту мерзімі 21 күннен аспайды. Оның нәтижелері бойынша сертификат беріледі.

Бизнес жоспарларын дайындаған және сәтті қорғаған түлектер 100-ден 200 АЕК-ке дейінгі мөлшерде гранттық қаржыландыруға ие болады. Биыл 1300-ден астам павлодарлық осы жоба бойынша оқытудан өтеді. Тренинг барысында бизнес-жаттықтырушы бизнес-жоспарды дайындау және жобаны әзірлеу бойынша жеке практикалық кеңестер өткізеді. Оның ішінде "Бастау" қатысушының бизнес-объектісіне бару да бар. Әрі қарай бизнес-жобаларға қолдау көрсетіледі.

Тренингке жұмыссыз, мүгедектігі бар азаматтар, 18 жастан 28 жасқа дейінгі жастар қатыса алады. Онлайн оқытуға тіркелу үшін қатысушылар жұмыспен қамту орталықтарына оқуға өтінішпен және жеке басын куәландыратын құжат көшірмесімен хабарласуы керек. Жұмыспен қамту орталықтары жобаның мақсатты тобына сәйкестігі туралы өтініш берушінің мәртебесін растағанда, оқуға жолдама береді. Өтініш беруші оқу тобына кіру үшін "Атамекен" палатасына немесе оның филиалдарына жүгінеді.

– Әңгімелескеніңізге рақмет!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу