Ердоған – алда, алайда екінші тур бәрібір өтетін болды

3093

Түркия азаматтары сайлауға мамырдың 28-інде тағы барады. Онда қазіргі лидер жеңіске жетуден үмітті. Бұған қоса, Ердоғанның партияластары парламент үшін бәсекеде де басым түсті. 

Ердоған – алда, алайда екінші тур бәрібір өтетін болды Фото: reuters.com

Түркия президенттік сайлаудың екінші турына баратын болды. Өйткені кандидаттардың ешқайсы басымдық байқата алмады. Ердоған мен оның қарсыласы Кылычдароғлы басымдық түгіл келесі раундты болдырмауға тиіс 50 пайыз дауыс та жинай алмады. Сондықтан электорат мамырдың 28-інде қайта таңдау жасайды.

Алдағы сайлау 85 млн халқы бар НАТО-ға мүше елді кім басқарады деген мәселені шешеді. Оның нәтижесі Түркия біршама зайырлы да демократиялық жолға орала ма, қымбатшылық еңсеріле ме, Анкараның Ресеймен, Таяу Шығыспен, Батыспен қатынастары енді қандай болады деген сауалдарға жауап береді. 

Екінші турда жеңіске жететініне күмән келтірмеген Кылычдароғлы өз жақтастарын сабырға шақырып, Ердоғанның партиясын нәтижелерді санау мен хабарлауға кедергі келтірді деп айыптады.

Бірақ Ердоған сайлау алдындағы сауалнамалар болжағаннан да жақсы нәтиже көрсетті және де ол осы жолы қолдаушыларының алдында сөз сөйлегенде сенімді әрі жақсы көңіл-күйде көрінді.

Фото:  reuters.com

"Біз қазірдің өзінде 2,6 млн дауыспен алда келеміз. Ресми нәтижелерден кейін бұл көрсеткіш тіпті артады деп ойлаймыз", – дейді Ердоған.

"Анадолы" мемлекеттік ақпарат агенттігінің хабарлауынша, бюллетеньдердің 97 пайызы саналғаннан кейін, Ердоған 49,39, ал Кылычдароғлы 44,92 пайыз дауыс жинағаны белгілі болды. Ал Түркияның Жоғарғы сайлау кеңесі дауыстардың 91,93 пайызы саналып болғаннан соң, Ердоғанның 49,49 пайызбен алда келе жатқанын жариялады.

Басымдық Ердоған жағында

Бұл қорытынды түрік қоғамының екіге жарылғанын айқындап берді. Осы сайлау нәтижесінде Ердоғанның билеуші альянсы парламенттегі көпшілік орынға қол жеткізіп, мемлекет басшысының екінші турда басым түсуіне үлес қосуы ықтимал.

Фото: reuters.com

Сайлау алдында жүргізілген сауалнамалар бәсекенің өте тартысты екенін көрсетті. Сонымен қатар, онда алтыпартиялық одақты басқаратын Кылычдароғлы аздап алға шығып, жұма күнгі екі сауалнама оның тіпті 50 пайыздық шектен жоғары көтерілгенін байқатты.

"Биліктегі альянс оппозициялық партиялардан әлдеқайда жақсы нәтиже көрсеткендіктен, Ердоған екінші турда артықшылыққа ие болады", – дейді Саяси мәселелер жөнінде кеңес беретін стратегиялық қызметтің басқарушы директоры Хакан Ақбас.

Үшінші ұлтшыл үміткер Синан Оган 5,3 пайыз ғана дауыс жинады. Кейбір сарапшылардың ойынша, ол келесі раундта бір кандидатты қолдап, "король жасаушы" атануы мүмкін.

Путиннің негізгі одақтасы 

"Бұл – әлі мереке емес, дегенмен оның жеңісін жақын арада тойлаймыз деп үміттенеміз. Ердоған – ең күшті лидер және біз оны жақсы көреміз",– дейді тоқыма фабрикасының иесі 39 жастағы Ялчын Йылдырым "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.

Президент Владимир Путиннің ең маңызды әрі негізгі одақтастарының бірі –Ердоғанның жеңісі Кремльді қуантатыны, сөзсіз. Алайда мұндай нәтиже Байден әкімшілігін, сондай-ақ Ердоғанмен қарым-қатынасы бұзылған Еуропа мен Таяу Шығыстағы көптеген мемлекет жетекшілерін ашындыруы мүмкін.

Түркияны ең ұзақ басқарған Ердоған НАТО-ның мүшесі әрі Еуропаның екінші ірі елін жаһандық ойыншыға айналдырды. Сонымен қатар, ол жаңа көпірлер мен әуежайлар сияқты мегажобалар арқылы Түркияны модернизациялап, қару-жарақ өнеркәсібін құрып, оны өзге елдер үшін тартымды етті.

Бірақ Ердоғанның төмен пайыздық мөлшерлемеге негізделген тұрақсыз экономикалық саясаты Түркияны қымбатшылық дағдарысына ұшыратып, инфляцияны шарықтатып, сайлаушылардың бір бөлігін бүгінгі биліктен түңілдіріп жіберді. Бұған қоса, Ердоған үкіметі жыл  басында 50 000 адамның өмірін қиған жойқын жер сілкінісіне баяу жауап бергені үшін де үлкен сынға ұшырап отыр.

Парламенттегі басымдық

Кылычдароғлы мемлекеттік репрессиядан кейін, демократияны қайта жандандыруға, бұрынғы экономикалық саясатқа оралуға, Ердоған тұсында автономиядан айырылған институттарды күшейтуге және Батыспен әлсіз байланыстарды қалпына келтіруге уәде берді.

Фото: reuters.com

Сондықтан оппозиция жеңетін болса, мыңдаған саяси тұтқын мен белсенді түрмеден босатылуы мүмкін.

Сыншылар Ердоған тағы бір мерзім билік ететін болса, Түркияда авторитаризм тіпті күшейеді деп қауіптеніп отыр. Дегенмен, он шақты сайлауда жеңіске жеткен 69 жастағы президент демократияны құрметтейтінін мәлімдеп келеді.

Осы жолғы парламенттік сайлауда Ердоғанның "Халық альянсы", исламшыл Әділет және даму партиясы және ұлтшылдар мен басқалар күткендегіден әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетіп, көпшілік дауысқа ие болды.

Бюллетеньдердің 93 пайызы есептелгеннен кейінгі қорытындыға жүгінсек,  Ердоғанның партияластары мен одақтастары 600 орындық парламенттегі 324 мандатқа ие болды. Ал Кылычдароғлының алты оппозициялық партиядан құрылған "Ұлттық альянсына", соның ішінде Ататүрік құрған зайырлы Республикалық Халық партиясына (CHP) 211 орын бұйырған тәрізді.

Күрдтерді қолдайтын "Жасыл солшылдар" партиясына қарасты "Еңбек және Бостандық" альянсы болса, 65 орын иеленді.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу