Саяси додада оппозиция жеңсе, Ердоған қудалануы мүмкін бе?

1841

Түркиядағы президент сайлауына бір күн қалды. 

Саяси додада оппозиция жеңсе, Ердоған қудалануы мүмкін бе? Фото: inbusiness.kz

Үш күн бұрын "Мемлекет" партиясының төрағасы, негізгі кандидаттың бірі Мұхаррем Инже үміткерліктен бас тартты. Ол мұнысын өзіне қарсы жасалған арандатушылықтармен байланыстырып, Режеп Тайып Ердоғанды емес, оның басты бәсекелесі - Республикалық халық партиясының басшысы Кемал Кылычдароғлуды қолдайтынын айтып қалды.

Саяси тартыс қызу өтеді, деп болжайды сарапшылар. Олардың ойынша, сайлауда халықтың 90 пайызы белсенділік танытпақ.

Түркия тұрғындарының көңіл күйі қандай? Бұл елде білім алып жатқан отандасымыз, шығыстанушы, арабтанушы, полиглот Арсен Шәди inbusiness.kz тілшісіне арнайы сұхбат беріп, сайлауға қатысты өз пікірін білдірді.

Бар болғаны 24 жасында он шақты тілді меңгеріп, Марокко королдігінде Абдель Мәлік Ас-Саади университетінде "Араб тілі және Марокко мәдениеті" атты курсты, Біріккен Араб Әмірліктерінде, Египетте, АҚШ-та тәжірибе алмасу курстарын өткен және Дубай әмірлігінде "Arab Youth International Model United Nations" қатысқан Арсен Шәди қазір Түркияда магистрлік білім алуда.

"Жалпы халықтың күйі әрқалай, екі тарапқа бөлінген. Шынында, бұл – өте тартысты сайлау. Түрік аналитиктерінің өзі нақты бір жауап бере алмауда. Түріктер "бычак сырты" дейді, бұл "екі тарап та жеңуі мүмкін" дегенді білдіреді. Яғни, екі тараптың қайсысы жеңсе де, "қалайша жеңіп кетті?" деген сұрақ туындамайтындай жағдай. Себебі екі кандидат та ұтуға потенциалы бар тұлға. Бірі Режеп Тайып Ердоғанның жақтастары, екінші тарапта – Кемаль Кылычдароглу", – деп бастады сөзін шығыстанушы.

КЕМАЛЬ МЫРЗА КІМ?

"Осы орайда, бір қызық факт: Кылычдароглуны елдегі тек 1 партия емес, 5 партия бірлесіп ұсынып отыр. Ал, оның діни ұстанымы "алеви". Ердоғанды сүнниттік бағыттағы діндар адам ретінде білеміз. Құран оқиды, мешітке барады, бес уақыт намаз оқиды. Ал, "алеви" дегеніміз, шииттік бағыт. Алевилер өздерін шииттік бағытқа жатқызбауы мүмкін, бірақ та ақиқат өзгермейді. Олар шиит болып саналады. Иранда 1979 жылы аятолла Хомейнидің Ислам революциясынан кейін, олар өздерін шииттік бағытқа жатқызбайды, алайда, алавилер шииттік бағытқа жатады. Бірақ, Кылычдароглу діндар дегеннен бұрын бюрократ адам. "Республика халық партиясының" төрағасы. Ел ішінде оны "кемалистік" партия дейді. Алайда, ол Ердоған сияқты саяси харизмасы жоқ адам. Саяси имиджі де мықты емес. Ердоған Үкіметінен шаршаған адамдар оны қолдап, жақтап жатыр", – деп түсіндірді Арсен Шәди.

Ал Кылычдароглун қолдайтын бес партия туралы Түркия тұрғындарына мәлім фактілер мынадай:

"Ел ішінде "İyi" партиясы бар, ол "жақсы" деп аударылады. Бұл түрікшілдікті қолдайтын партия саналады. Одан кейін "демократиялы халық партиясы" бар. Олар – секулярлық, Күрд ұлтшылдар партиясы. Ал "Миллет" партиясы да ұлтшылдықты қолдайды және "Саадет" партиясы – бүгінгі президент Ердоғанның саясаттағы ұстазы Неджметтин Ербаканның бастауымен 2001 жылы құрылған партия. Исламшыл шағын ғана партия. Осы аталғанның бәрі Ердоған саясатына қарсы, Кылычдароглун қолдап жатыр. "Саадет" партиясының дінге қарсы белгілі бір ұстанымдары бар, ол партияны жай ғана номиналды түрде енгізіп қойған сияқты. Олар "Ислам дініне 90-жылдардағыдай қысым көрсетпейміз" дейді. Бірақ, халық олардың бұл уәдесіне сенбейді. Себебі, 90-жылдары Түркияда діни ұстанымдағы тұрғындар өте көп зәбір көрген. Орамал таққан қыз балалар оқу орнына түсе алмай, олардың бастарынан хиджабтарын көшеде жұлып деген сынды оқиғалар тіркелген. Адамдар әлі оны ұмыта алмады. Осы себептен де, халықтың көп бөлігі Ердоғанды жақтайды. Яғни, дінге қысым көрсетпейміз деген партияның ("Саадет" партиясы) уәдесіне сенбегендіктен... Бір қарағанда, бірігуі мүмкін емес тараптар Ердоғанға қарсы біріккен. Халықтың, жалпы, көңіл күйі осындай", – деді ол.

Президенттікке үш үміткер – қазіргі мемлекет басшысы, Әділет және даму партиясының жетекшісі Режеп Тайып Ердоған, оның басты қарсыласы Кылычдароғлу және АТА альянсынан үміткер Синан Оган қалды.

"Ердоғанды қолдайтындар дәстүрлі, діни бағыттағы жарқын келешекке үміттілер, ал Кылычдароглу жақтастары секуляр, либерал, Батыс өркениетіне ұқсаған келешекке үміт ететіндер десек болады", – деді Арсен Шәди.

ХАЛЫҚ САЙЛАУДАН НЕ КҮТЕДІ?

"Елдің экономикалық жағдайын қалпына келтіргенін күтеді. Мен осындағы магистрлік диссертациямның тақырыбын "Таяу Шығыстың экономикалық потенциалы" туралы жазбақпын. Сол себепті экономиканың қауым санасына қалай әсер ететінін жақсы түсінемін. Философияда "тұрмыс сананы билейді" деген сөз бар. Халықтың тұрмысы нашарлап, қымбатшылық жайлаған кезде, билеуші, тіпті, өз жақтастарынан айырыла бастайды. Ердоғанның жағдайында да осындай болды. Халық сайлаудан әуелі елдің экономикалық жағдайы түзелгенін күтеді. Өйткені, экономика – өмірдің маңызды аспектісі. 2018 жылы ел басқару жүйесіндегі өзгерістен кейін елдің экономикалық жағдайы нашарлай түсті. Одан кейін, 2020 жылғы бүкіл әлем бастан өткерген ковид кезінде көп жер жабылды, экономикалық өсім тоқтап қалды, стогнация болды. Сонымен қатар, бірнеше ай бұрын Түркияда жер сілкінді. Елдің оңтүстік аймағында болған табиғи апат үлкен қасірет. Екі минуттың ішінде 50 мыңнан астам адам қайтыс болды. Яғни, 50 мың адамның қайтыс болуы - бұл соғыста болатын шығынның көрсеткіші. Бұл оқиға да экономикаға өте үлкен соққы берді.

Екінші, көші-қон мәселесі. "Ақ партия" тұсында елге 10 миллионнан астам шетелдік келді. Ол мигранттардың мерзімі жоқ, қашан елдеріне қайтатыны белгісіз халде қалғандықтан, жылдан-жылға халықтың көңіл күйі бұзыла берді. Мәселен, Түркияға кірген 5-6 млн сириялық, одан басқа Ираннан, Түркменстаннан – өз елдеріндегі саяси қысымнан жапа тармағай көшіп жатқан мигранттар бар. Жергілікті халыққа ол нәрсе, әрине, ұнамайды. Себебі, жұмыс орындары азаяды. Түрік халқы жұмыссыздық пен қымбатшылық кесірін осы шетелдіктер келуінен көреді. Оған түрік жұмыс берушілер де кінәлі. Себебі, оларға сақтандыру жоқ, сұрауы жоқ, салық төлемейтін бірнеше мигрантты салығы бар, хақысы бар бір түріктің орнына алған әлдеқайда тиімді. Аз айлық беріп, көп жұмысын бітіреді. Ал, Кылычдароглу халықтың сол эмоциясында ойнап, бүкіл шетелдіктерді өз еліне қайтарамыз деп уәде беруде.

Жалпы, егер Түркияда экономикалық қиындықтар болмағанда Ердоған өте оңай жеңетін еді. Соңғы жылдардағы қиындықтар Ердоғанның біраз жақтастарынан айырылуына алып келді", – дейді Арсен мырза.

КЫЛЫЧДАРОГЛУ ЖЕҢСЕ, НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

"Аз ғана басымдықпен болса да, Ердоған ұтуы мүмкін. Бұны да нақты айта алмаймыз. Тура солай, аз ғана басымдықпен Кылычдароглу да ұтуы мүмкін. Бұл, егер, бірінші турмен аяқталатын болса. Егер де екі кандидат та 50 пайыздан аса алмаса, екі аптадан кейін, 28 мамыр күні сайлаудың екінші кезеңі болады. 14 күн саясатта аз уақыт емес, акциялар, митингтер өткізеді. Халықтың даусын жинауға әрекеттенеді.

Егер Ердоған ұтылса, бір қауіпті тұсы: кезінде 2012 жылы Мысырда демократиялық жолмен алғаш рет сайланған Мұхаммед Мурси есімді президент болған. Бірақ, 1 жылға жетер-жетпес уақыттан соң, елде әскери төңкеріс болды. Ол да діндар болатын. Оны тақтан алып тастап, қудалап, ізіне түсіп, түрмеге жапқан. Ердоғанның да осы нәрсенің құрбаны болып кету қаупі бар. Сол оқиға қайталанбас үшін Ердоған бүкіл күшін салып, билікте қалуға тырысады", – деп қорытындылады сөзін маман.

Сұхбат барысында шығыстанушы Арсен Шәди өзінің объективті сараптауынан бөлек, субъективті пікірін де басып шығаруымызды өтінді.

"Жеке тұлға ретінде субъективті пікірімді білдірсем, экономика деген нәрсе пружина секілді. Төмен түссе, жоғары қарай қаттырақ атуы мүмкін. Парасатты саясатпен қайта қарқынды түрде қалпына келтіруге болады. Ердоған елі үшін билікке енді келіп жатқанда берген уәделерін орындады. Дүниеде ең үлкен ашық көпір Чанаккалені салған, өзінің ұшақтары мен тікұшақтарын шығаратын әлемдегі 6 елдің біріне айналған. Күн батареясы панельдерін де Түркия өзі шығарады. Мармарай деп аталатын су асты метросын салды. Одан да басқа көп уәделерін орындады. Және де, адамның табиғатына сай келмейтін "біржыныстыларды қолдаймын" дегенге қарсы. Мұсылман, жеке ұстанымы бар адам ретінде мен осылай пікірімді білдіргім келеді. Олар бізді "атажұртымыз" деп, негізгі шыққан жеріміз деп мойындайды. Түркия бізге бөтен емес, сондықтан ел басшылығына дұрыс адамның сайланғанын қалаймыз", – деп түйіндеді сөзін Арсен Шади.

Айта кетерлігі, Түркиядағы президент сайлауына шетелде дауыс беру мәресіне жетті. Өзге елдегі Түркия азаматтары 9 мамырға дейін өз таңдауын жасады. Бөлімшелер 75 елде ашылып, ел азаматтары дипломатиялық өкілдіктерде, шекаралық бекеттерде, бақылау-өткізу бекеттері мен теңіз айлақтарында дауыс берді. Жалпы, шетелде 3 жарым миллионға жуық адам дауыс берді.

Арсен мырза ескерткендей, доданың екінші кезеңі өтуі мүмкін. Ол 28 мамырға белгіленген. Егер кандидаттар белгіленген межеден аса алмаса, алғашқы турда ең көп дауыс жинаған екі үміткер екінші турда бақталасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу