"Ресей Түркиядағы сайлауға қол сұғып, араласа бастады"

2826

Сарапшылар алдағы жексенбідегі президенттік додада Ердоған мырзаның жеңетініне күмәнданбайды. Ал сауалнама қорытындысы басқаша.

"Ресей Түркиядағы сайлауға қол сұғып, араласа бастады" Фото: Twitter

Түрік елінің іс басындағы Мемлекет басшысы Режеп Тайып Ердоғанның Президент сайлауындағы басты қарсыласы, Халықтық республикалық партиясының лидері, оппозицияның ортақ кандидаты Кемал Кылычдароглу (Kemal Kılıçdaroğlu) елді дүрліктірген, тіпті әлемдік ақпарат айдынын дүр сілкіндірген суыт мәлімдеме жасады. Ол Мәскеуді Түркияның ішкі ісіне араласты деп айыптады.

Жалпы, Кремльдің тиісті тәжірибесі бар. Былтырғы 7 қарашада қанқұйлы "Вагнер" жеке әскери компаниясының басшысы, тролльдар фабрикасының қожайыны Евгений Пригожин америкалық сайлауға араласқанын растады. Түпнұсқада: "Мы вмешивались, вмешиваемся и будем вмешиваться" деді. АҚШ прокуратурасы жүргізген зерттеу түрлі тәсілдермен, соның ішінде фейктар, боттар көмегімен қоғамдық пікірге ықпал ету арқылы Құрама Штаттардағы сайлауға Мәскеудің қол сұққанын әшкереледі.

Сондықтан Түркия тарапынан жасалған бұл мәлімдеме жаһан жұртшылығын тіксінтті. Кремль болса, халықаралық жанжал туындағалы тұрғанын байқап, айыпты мойындамай, оны жоққа шығаруға асықты.

РФ басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ресейдің Түркиядағы президенттік және парламенттік сайлауға араласпағанына сендіріп бақты.

"Біз бұл жерде араласу туралы ешқандай сөз болмауға тиістігін ресми мәлімдейміз. Егер әлдекім Кылычдароглу мырзаға сондай ақпарат ұсынса, ол – өтірікші. Солай деп айту қажет", – деді Песков.

Путиннің баспасөз хатшысы Ресей Түркиямен қарым-қатынасын "қатты ардақтайтынын", себебі түрік елі "өңірлік және әлемдік проблемалардың тұтас кешені бойынша өте жауапты, азат әрі сарабдал ұстаным ұстанатынын" қосты.

Жалпы, Кремль 2016 жылғы АҚШ Президентінің сайлауына ықпал еткенін де жоққа шығарған болатын.   

Осының алдында Кылычдароглу Твиттер арқылы ресейліктерге орыс тілінде үндеу жолдады.

"Құрметті орыс достар. Кеше біздің елде монтаждар, астыртын ымыраласулар, дипфейк пен аудиожазбалардан тұратын контенттер әшкереленді. Соның артында сіздер тұрсыздар. Егер сіздер 15 мамырдан кейін де бізбен достықтың жалғасқанын қаласаңыздар, сұғанақ қолдарыңызды түрік мемлекетінен аулақ ұстаңыздар. Біз де сол бұрынғыдай ынтымақтастық пен достықты жақтаймыз", – деді оппозициялық ортақ кандидат.

Кылычдароглу бұл мәлімдемесін оппозицияның тағы бір үміткері Муххарем Индже президенттік жарыс жолынан шығып қалғаннан кейін жасады. Индже мырза сайыстан бас тартуының бір себебі ретінде сексуалдық сипаттағы фейк фотосурет пен видеоны атады. Сонымен қатар оған әлеуметтік желілер мен интернетте қудалау мен қорлауға тап болғаны ұнамапты.

Бұдан бөлек, осының алдында, өткен жексенбідегі саяси митингте Режеп Тайып Ердоған штабына келіп түскен видеоны үлкен экраннан паш етті. Бейнежазбада алдымен Кылычдароглу сөз сөйлеп, барлық түріктерді сайлауда дауыс беруге шақырды. Содан кейін кадрда тосыннан әскери форма киген Күрдістан жұмысшы партиясының көшбасшысы Мұрат Карайылан пайда болады. Бұл партияға Түркияда тыйым салынған және лаңкестік қозғалыс саналады. КЖП Еуропалық Одақ пен Америкада да террористік ұйым ретінде танылған.

Ердоған сол видео өз қарсыласының террористік ұйыммен байланысы барын дәлелдейді деп түсіндірді. Алайда видеоны мұқият талдап, зерттеу жүргізген германиялық Deutsche Welle сарапшылары мен журналистері оның фейк екені жөнінде тоқтамға келді. Технология дамыған қазіргі заманда жасанды интеллект арқылы кез келген адам туралы оның қатысуынсыз-ақ видео түсіруге болады.

Deutsche Welle түсіндіруінше, Ердоған жариялаған, редакцияланған видеоның түпнұсқасында Мұрат Карайылан тұрған орында шынында екі әйел бейнеленген.

Сарапшылар бұл видео жарияланғанға дейін де түрік әлеуметтік желілерінде сайлауға қатысты манипуляциялар күшейгенін ескертті.

Ресейлік кәсіпкер, экономист және блогер Дмитрий Потапенко алдағы сайлауда Ердоғанның сөзсіз жеңетініне сенімді. Оның айтуынша, қазіргі Түркия Ресей үшін батыстық санкцияларды айналып өтудің хабына айналды. Сонысымен де Мәскеу үшін құнды.

Тікелей Ердоғанның сұрауымен Кремль Түркияға газ жеткізуде салмақты жеңілдіктер мен артықшылықтар беріп отыр. Дәл сайлау қарсаңында Анкара РФ көгілдір отынын арзанға алғанымен қоймай, енді ол үшін төлемді кейінге қалдыруға қол жеткізді. Яғни, "Газпроммен" арадағы келісімге сәйкес, Түркия орыс газының үлкен бөлігі үшін 2024 жылға дейін ақы төлемейді. Осы арқылы соңғы жылдары тек құлдыраған ел экономикасына серпін беріледі. Мұндай жеңілдікті Мәскеу ең жақын одақтасының бірі Қазақстанға да бермеді.

"Мен Реджеп Тайып Ердоганның жеке аудармашысымен кездескенмін. Онымен Түркиядағы жағдайды талқыладым. Оның айтуынша, елдегі бүкіл оппозиция Ердоған мырзаның ашса алақанында, жұмса жұдырығында тұр. Яғни, бақылауда. Сауалнамалар оппозиция кандидаты да жеңуі мүмкін деп көрсетіп жатыр. Әрине, күрес, бәсекелестік болады, бірақ Ердоғанның өз лауазымын сақтап қалатынына сенімдімін. Өйткені авторитарлық режимдерде сайлау қорытындыларын алдын ала болжап білуге болады. Бұл байырғы замандардағы сарайішілік интриганы елестетеді. Тек гарем мен алтыннан шашу шашулар ғана жетіспейді. Ердоған мырза мықты лидер, ол ешкімнің араласуынсыз-ақ өз орынтағын сақтап қалады деген ойдамыз", – деді ресейлік сарапшы.

Бірақ Түркия Президенті кім болатынын тек түрік сайлаушылары ғана шешеді. Әзірге сауалнамалар бір біріне қайшы нәтиже көрсетуде. ADA орталығы Түркияның 81 өңірінде жүргізген сауалнама дауыс берушілердің Ердоғанды сөзсіз қолдауға дайын екенін паш етті. 

Ал ORC зерттеу компаниясы ұйымдастырған сауалнама қорытындысы керісінше, Кемал Кылычдароглуның 51,7% дауыспен бірінші турда жеңетінін тұспалдады. Режеп Тайып Ердоғанға – 44,2%, Синан Оганға – 2,8% тиетін көрінеді. Бірақ бұл сауалнамамен тек 28 өңір қамтылған.

Әзірге Түркия президенттік және парламенттік додаға қызу дайындалуда. Президенттік сайлаудың алғашқы айналымы ертең, 14 мамырда өтеді. Осы күні ел жаңа Парламенттің депутаттарын да таңдайды.

Егер бірінші турда ешбір кандидат 50%-дан артық дауыс жинай алмаса, онда 28 мамырда екінші айналым өтеді.

Іс басындағы Президент осы додада жеңсе, Түркияның жаңа Конституциясын қабылдау мәселесін көтеруге ниетті.  

CNN Түркия басшылығына кім келсе де, ол Ресеймен тығыз байланысын үзбейтініне екпін түсірді. Өйткені Түркия РФ газына тәуелді. Сайлауалды үгіт науқаны қызған шақта, үш апта бұрын Ердоған мен Путин виртуалды режимде "Аккую" атом станциясының ашылу салтанатын өткізді. Түріктің тұңғыш АЭС-ін толығымен "Росатом" өз қаржысына салып, өзі жабдықтады. Енді өзі басқарады әрі өзі иелік етеді. Оған қажетті ядролық отынды да "Росатом" жеткізді.

"Осылайша, НАТО бойынша серіктестері газ, мұнай саласында Мәскеуге тәуелділігін күрт қысқартып жатқанда, Түркия керісінше, Ресейге энергетикалық тәуелділігін арттырды. Мәскеу осы арқылы Түркиядағы орнын ұзақ мерзімге нығайтты. Тиісінше, Түркияның кейінгі барлық көшбасшысына Мәскеумен санасуына тура келеді", – деп мәлім етті Си-Эн-Эн.

Демек, бұл сайлауға Ресейдің араласқаны жөнсіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу