Жұмсақ үнді Кемал адуынды Ердоғанның саяси өміріне қауіп төндіріп тұр

1626

Түркия президентін апта соңында үлкен саяси сынақ күтіп тұр. Ал біріккен оппозиция оның 20 жылдық билігіне нүкте қоюдан үмітті. 

Жұмсақ үнді Кемал адуынды Ердоғанның саяси өміріне қауіп төндіріп тұр Фото: google.com

Елде президенттік және парламенттік сайлаулар мамырдың 14-інде өтеді. Онда мемлекет басшысы анықталмаса, 28 мамырда екінші тур ұйымдастырылады. Сол раундта Түркияны кім басқаратыны, қалай басқаратыны, экономикасы мен сыртқы саясат қалай өзгеретіні анықталады.

Қазіргі заман Түркиясын өзгелерден ең ұзақ басқарған 69 жастағы Ердоған діни тақуалық пен төмен пайыздық мөлшерлемені қызғыштай қорғады. Ол түріктердің Таяу Шығыстағы ықпалын күшейте отырып, НАТО-ға мүше елінің Батыспен байланысын әлсіретіп алды.

Тағы бір айта кететін жайт – Түркия электораты 50 мыңнан астам адамның өмірін қиған алапат зілзаладан кейін, үш ай өткенде дауыс беруге барайын деп отыр.

Ердоғанның басты қарсыласы – 74 жастағы Кемал Кылычдароғлы. Кылычдароғлы – алты оппозициялық партия альянсына арқа сүйеген зайырлы Республикалық халықтық партияның лидері.

Ішкі саясат

100 жыл бұрын Мұстафа Кемал Ататүрік қазіргі Түрік Республикасын құрды. Содан бергі ең қуатты лидер Ердоған мен оның исламшыл АК (Әділет және даму) партиясы Түркияны Ататүріктің зайырлы жобасынан алшақтата түсті.

Фото: google.com

Сонымен қатар Ердоған бар билікті президенттің қолына шоғырландырды. Қазір Түркияның экономикалық, қауіпсіздік, ішкі және сыртқы саясаттары Анкараның түбіндегі 1000 бөлмелік Ақ сарайда айқындалады.

Ердоғанды сынаушыларға сенсек, түріктің қазіргі үкіметі өзге ойлыларды қудалап, адам құқықтарын таптап, сот жүйесін өзіне бағындырған. Алайда биліктегілер мұның бәрін жоққа шығарып, халықты 2016 жылғы мемлекеттік төңкеріс әрекеті тәрізді орасан қауіптерден қорғап келе жатқанын алға тартып отыр.

Экономистердің есебінше, Ердоғанның пайыздық үстемені түсіруге үндеуі былтыр инфляцияны соңғы 24 жылдағы ең жоғары деңгейге дейін шарықтатып, 85 пайызға жеткізген. Ал ұлттық ақша лира соңғы онжылдықта өз құнының оннан бір бөлігінен айрылыпты.

Сыртқы саясат

Ердоғанның тұсында Түркия Таяу Шығыс пен одан тыс жерлерде әскери айбынын арттырып, Сирияға төрт рет шабуыл жасап, Ирактың ішіндегі күрд содырларына қарсы операциялар жүргізіп, Ливия мен Әзірбайжанға әскери көмек жіберді.

Түркия, сонымен қатар, Сауд Арабиясы, Мысыр, Біріккен Араб Әмірліктері және Израиль сияқты аймақтық державалармен дипломатиялық жанжалдарға ұрынып, Грекиямен, Кипрмен Жерорта теңізінің шығысындағы теңіз шекаралары үшін тайталасқа барды. Дегенмен кейінгі кездері Анкара бұл мемлекеттердің кейбіріне қатысты бұрынғы позициясын өзгертіп, олармен жақсы қатынас орнатуға әрекеттеніп отыр.

Ердоған Ресейден әуе қорғаныс жүйесін сатып алып, Америка Құрама Штаттарын Анкараға қару-жарақ санкциясын жариялауға итермеледі. Ал оның Ресей президенті Владимир Путинге жақындығы Түркияның НАТО-ға деген адалдығына күмәнді күшейтіп отыр. Бұған қоса, түрік үкіметінің Швеция мен Финляндияның НАТО-ға өтуіне қарсылық білдіруі де Трансатлантикалық альянс пен Анкара арасындағы шиеленіске сеп болды.

Бірақ та Түркияның арағайындығымен Одесса порттарынан астық экспортын жалғастыруға мүмкіндік туды. Бұл жетістік Украинадағы соғысты тоқтату жолында Ердоғанның рөлі зор болуы мүмкін деген ойға жетелеп отыр. Оның ізбасары әлемдік сахнада мұндай бедел жинай ма? Бұл сауал әзірге жауапсыз.

Оппозицияның уәдесі

Екі негізгі оппозициялық партия – Республикалық халықтық партия мен центристтік әсіре ұлтшылдар төрт кішігірім партиямен одақтасып отыр. Олардың мақсаты – Ердоғанның саясатын түбегейлі өзгерту.

Фото: google.com

Олар ең алдымен орталық банкке тәуелсіздікті қайтарып, Ердоғанның жаңа экономикалық саясатын тоқтатуға уәде беріп отыр. Сонымен қатар, оппозициялық альянс президенттің атқарушы билігін жойып, бұрынғы парламенттік жүйеге оралып, сириялық босқындарды еліне қайтаруға сөз берді.

Бұған қоса, Ердоғанның қарсыластары Батыстағы одақтастармен, соның ішінде АҚШ-пен байланысты жақсартып, Түркияны Американың F-35 әскери ұшақтар бағдарламасына қайтаруға ниетті. Айта кетсек, бұл бағдарламадан Анкара Ресейдің ракеталық кешенін сатып алғаны үшін аластатылғаны белгілі.

Сарапшылардың ойынша, оппозиция уәде еткен осынау өзгерістер Түркияға мол инвестиция тартуға жол ашуы ықтимал.

Ердоған Сирия президенті Башар Асадты биліктен тайдыруға бағытталған сәтсіз жоспарды қолдап, сириялық 3,6 млн босқынды қабылдады. Алайда онсызда экономикалық қиындықтарды бастан кешіріп жатқан Түркия жұрты бұл идеяны толық қолдамады.

Рейтинг және екінші раунд

Konda компаниясы жүргізген сауалнама қорытындысына қарағанда, Ердоғанды қазір халықтың 43,7 пайызы қолдап отырса, Кылычдароғлыға электораттың 49,3 пайызы жақтас. Бұл цифрлар бірінші турда басымдықпен жеңіске жетуге аздық етеді. Сондықтан мамырдың 28-інде екі кандидат екінші раундта бақ сынауы мүмкін.

"Метрополлдың" социологиялық зерттеуі де сайлаудың екінші туры өтетінін көрсетіп берді. Оның сауалнамасына жүгінсек, Кылычдароғлыға елдің 49,1%-ы,  Ердоғанға 46,9%-ы  дауыс бермек.  Осы агенттіктіктің өзге бір сандары екінші кезеңде 51,3% дауыспен Кылычдароғлының жеңіске жететінін айқындап берген.

Фото: google.com

"Ердоған билікке келгеннен бергі 20 жылда сайлауда шын проблемаларға тап болып отыр. Ол іс жүзінде ұтылып қалуы мүмкін. Бір жағынан, Ердоғанда қауіпсіз мемлекет деген ұстаным болса, екінші жағынан, Кылычдароғлы ешқандай қауымдастықтықты өзгелерден шеттетпейтін біршама плюралистік Түркияны ұсынып отыр. Әлем болса мұның бәрін бақылап отыр. Ол үшін бұл – тәжірибе. Кейбір елдер тәрізді Түркия да авторитарлық жолмен жүріп барады. Бұл траекторияны сайлаудың көмегімен өзгертуге болса, ол өзгеріс өзге мемлекеттерге сабақ болар еді", – дейді Германиядағы Маршалл қорының Анкарадағы өкілдігінің директоры Өзгүр Үнлішарджыклы "Ассоушиэйтед пресс" агенттігіне берген сұхбатында.

Сайлаушылар жексенбі күні парламенттің 600 жаңа депутатын да таңдауы керек. Оппозиция  уәде еткен демократиялық реформаларын жүзеге асыру үшін заң шығару органында аздап болса да басымдыққа ие болуға тиіс.

Konda-ның дерегінше, Ердоғанның биліктегі партиясы мен одақтастары 44,0% дауыс жинауы мүмкін. Ал оппозициялық альянсқа азаматтардың 39, 9% дауыс беруді жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу