Орталық коммуникациялар қызметінде Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев өңірде атқарылған жұмыстар туралы баспасөз мәслихатын өткізді. БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берген аймақ басшысы Атбасар қаласының ахуалына да тоқталды.
"Өкінішке қарай, қаланың тазалығы қараусыз қалған. Инженерлік жүйесіне көңіл бөлінбеген. Біз қазіргі таңда бірталай жұмыс жасап жатырмыз. Қаланың жарты аумағын жаяу аралап шықтым. Қаладағы барлық күлтөбелерді араладық. Бұл қоқыстар жылдар бойы жинақтала берген. Жыл басында Атбасарда 25 күлтөбе болса, қазір соның 14-і қалды. Бір күлтөбеде шамамен 5 мың текше метр қоқыс жатыр деп есептесек, соның көзін жоюға 20-30 күн кетеді. Техниканы барынша тарттық. Бұл істе бізге бизнес көп көмектесті. Қалған қоқыстың бәрін Атбасардан алып шығу үшін тағы бір жыл керек деп есептеймін. Келесі жылдың аяғына қарай қаланы қоқыстан тазартып бітетін шығармыз", – деді облыс әкімі.
Оның айтуынша, қаланың қоқыстан тазарған аумағы қайта-қайта былғанып жатқан көрінеді.
"Елдің мәдениеті өзгермесе, бұл мәселе де түбегейлі шешілмейді. Олай дейтінім, кеше ғана қоқыстан тазартқан бөліктерге қайтадан қалдық үйіліп қалған. Биыл қала ішіндегі 1800 метр жолды үшін биыл 1,5 млрд теңгеге таяу қаржы бөлінді. Бұл жұмыс қараша айында бітуі тиіс",- деді Ермек Маржықбаев.
Есімжан Нақтыбайұлы