Көкшетау көк түтіннен көрінбейді

Әсем Ұланқызы, Көкшетау Әсем Ұланқызы, Көкшетау
5626

Тұрғындар түтін жұтып, тұншығып жүр.

Көкшетау көк түтіннен көрінбейді

Қыс басталса Көкшетауды көк түтін басады.  Жер үйлердің мұржаларынан будақтап шыққан қою түтін мен қаланы жылытатын бу қазандығынан ауаға бөлетін зиянды қалдық тұрғындардың тынысын тарылтады.

"Өзім тұратын үйдің тоғызыншы қабатынан қарағанда қала көк түтіннен көрінбейді. Далаға шықсақ сырт киіміміз түтінге ыстағандай иістеніп кетеді", – деп мұң шақты қала тұрғыны Нәзира Бектасқызы.

Экология министрлігінің мәліметінше, ауаны ластайтын зиянды қалдықтардың 50 %-ы – көлік құралдарына, 30 %-ы – жекеменшік секторға, 20 %-ы  ЖЭО мен қазандықтарға тиесілі.

"Жекеменшік сектор бұрын да көмір жағып келді, алайда қалада мұндай көк түтін болған емес. Ластанудың 50%-ы көліктерден және жанармай сапасының нашарлығынан болады. Жыл сайын өңірде 200 мың тоннаға жуық қатты тұрмыстық қалдық  жиналады. Өкінішке қарай, қаржының жеткіліксіздігінен оны жою мен залалсыздандыруға коммуналдық қызмет көрсету саласының күші жетпейді. Былтыр Көкшетаудағы жекеменшік секторға 2 500 контейнер қойылды. Қоқысты қайта өңдеу экологиялық ахуалға тікелей ықпал етері сөзсіз. Алайда облыс аумағында қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін екі кәсіпорын ғана жұмыс істейді", – деді Ақмола облыстық  табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының  басшысы Руслан Әубәкіров.

Мамандар көмір түтінінен ауаға күкірт, азот диоксиді секілді аса қауіпті ластағыш заттардың таралатынын айтады. Алайда Арқада қыстың ұзақ мен суық болуы тұрғындарға біршама салмақ салып отырғанын айту керек. Әрбір үй қыстан қысылмай шығу үшін орташа есеппен 9-10 тонна көмір жағады.  

"Алты ай көмір жағамыз. Былтыр шілде айына дейін пеш жақтық. Қолқаны қабатын иіс шығарса да, үйді жылы ұстап тұру үшін шелектеп көмір жағуға тура келеді", – дейді қала тұрғыны Ермек Құмаров.

Жер үйлердің пештері мен көмір арқылы жылытылатын қазандық мұржаларынан шығатын түтін айналаны көк тұманға көміп, тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Бұл жағдай жалпы қала халқына, аумақ экологиясына зиян келтіруде. Оның үстіне көкшеліктер тұтынып отырған көмірдің сапасы да күмән тудырады.

"Бірнеше ай бұрын қалада көмір тапшы болғаны жасырын емес. Арзан деп алған көміріміз тас аралас, күлі де көп. Жер үйде тұратындар орталықтандырылған жылу жүйесіне қуана-қуана қосылар едік", – дейді Есімбек Тоққожин есімді қала тұрғыны.

Алайда қаладағы жекеменшік сектордың барлығын жылу магистраліне қосуға мүмкіндік жоқ. Мысалы, Бармашинода жылу трассасы мүлде жоқ. Көкшетауда жер үй көп, бәрі көмір жағады. Жылдар бойы үйін көмірмен жылытатын жандардың бірі Темірбек Қанжығалин.

"Қыстың қамын ойлап, көмірді жазда арзандау бағаға сатып алдық. Алайда ол жанбай, үйдің ішін ыстың иісі басып алды. Ол ол ма, қыс басталмай жатып пешіміздің мұржасын екі рет тазалаттық", – деді Темірбек Қанжығалин.

"Қазгидромет" Ақмола облыстық филиалы мамандарының мәліметінше, желсіз ауа райы зиянды заттардың жинақталуына әкеледі. Соңғы күндері күн тымық болғандықтан,  қаланы түтін басқан. Мұндай атмосферада ауа ағыны алмаспайды. Соның салдарынан зиянды қалдықтар жиналып, көк түтін түзіледі.

Қаладағы РК-2 бу қазандығы ауаға зиянды қалдық бөліп отыр. Алайда кәсіпорын басшысы мұны мойындамайды.  

"Қазіргі уақытта қазандықтан бөлінетін газдың 88%-ын электрсүзгі арқылы залалсыздандырылып отыр. Түтін тұрбасының биіктігі 150 метр. Жел қала орталығына бағытталған күннің өзінде 130-150 метр биіктікке көтерілетін зиянды газдар қаланы тұтас басуы мүмкін емес", – дейді "Көкшетау Жылу" коммуналдық кәсіпорнының директоры Сергей Жуков.

Мамандардың сөзіне сенсек, қаланың экологиялық ахуалы тұрақты. Көмір тұтынушыға жеткенше бақылауда болуы тиіс. Еліміздің экологтары Қаражыра мен Шұбаркөл көмірінде қара май тұнып тұрғанын растап отыр. Ал қаланы көгілдір отынмен қамту мәселесінің әзір шешілер түрі көрінбейді. Осыдан бірнеше жыл бұрын Көкшетаға газ құбырын тарту туралы жоба қолға алынған болатын. Қазіргі уақытта бұл жоба белгісіз себептермен тоқтап тұр. Соған қарағанда Көкшеге көгілдір отын келмей, көк түтін сейілмейтін сияқты.

Әсем Ұланқызы, Көкшетау 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу