Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында "Ауыл – Ел бесігі" жобасына" алдағы 3 жылда 90 млрд теңге бөлінетінін атаған болатын. Қарағанды облысы денсаулық сақтау саласына биыл 93 млрд теңге бөліп отыр. Яғни, елдегі ең ірі облыстардың бірі ұлт саулығына жұмсайтын қаржы жыл сайын сор болып құмға, бу болып ауаға сіңіп жатыр деген сөз.
Онсыз да шөлейттенуге бейім қазақ даласы өткен ғасырда бейберекет игеру мен әскери полигондардың кесірінен бедеуленіп, айдынды көлдері суалғанын Арал мен Семей қасіреті әйгілеп тұр. Екі тізгін, бір шылбырымыз өз қолымызға тиген соң бұл ахуал оңалуы тиіс еді. Бірақ, 21 ғасырда трансшекаралық өзендер Қазақстанның бас ауруына айналатын түрі бар.
Қазақ жазирасын тұтас бір ағза деп алсақ, Ертіс пен Іле, Сырдария мен Жайық сол алып дененің күре тамыры іспетті. Жалғыз Ертістің өзі еліміздің жартысын электр қуатымен, Қарағанды мен Нұр-Сұлтанды ауызсумен, Семей, Павлодар, Екібастұз, Теміртау қалаларын өндірістік сумен қамтамасыз етіп отыр. Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды облыстарының диқандары Ертісті еміп күнелтетіні тағы бар. Inbusiness.kz елдегі төрт ірі трансшекаралық өзеннің бүгінгі мүшкіл ахуалы туралы мақалалар топтамасын ұсынбақ. Әңгіменің әлқиссасын сонау Махмұт Қашғаридің сөздігіне аты енген Ертіс өзенінен бастаймыз.
Қайығың қайда, Қара Ертіс?
Бастауын қазіргі картада Моңғолия мен Қытай шекарасының түйіскен тұсындағы Алтай шыңдарынан алатын Қара Ертіс Зайсан көлінен ұлы Ертіс болып шығады. Олай дейтініміз, Қазақстан аумағында өзен суы үш есе молаяды екен. Бесбоғдадан басталып, Қытай, Қазақстан, Ресей аумағын кесіп өтіп, Солтүстік Мұзды мұхитқа құятын өзеннің жалпы ұзындығы 4248 шақырым деп жазылып жүр. Соның 1698 шақырымы Қазақстан арқылы өтеді.
Бұл кезде оған Қалжыр, Алқабек, Күршім, Бұқтырма, Үлкен Бөкен, Нарын, Қайыңды, Үлбі, Ұлан, Шар, Шаған, Тобыл, Есіл сияқты тармақтар қосылады. Сол ұлы Ертіс біртіндеп улы Ертіске айналып барады.
Өткен ғасырда Қытай тарабы Қара Ертіс-Қарамай каналын, кейін Ертіс-Үрімжі арнасын салған. Бірінші нысан арқылы Үліңгір көліне құйылған су Қарамай мұнай бассейнін толтырып жатыр. Екінші нысан шөлейтті Жеменей аймағының астығын суарып, құрғақ климатын оңалтуға, елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтауға арналған.
Ресейлік мамандар мен өзіміздің ғалымдар қазіргі ахуал өзгермесе, 2050 жылға қарай Ертіс суы етектен келер шолақ өзенге айналады деп болжайды. Қытай жарты ғасырда Ертістен алатын судың мөлшерін 5 есе көбейтті деген мәлімет бар. Осының әсері жағасындағы елге енді білініп жатыр. 2030 жылы Ертістен Ресей аумағына 8 текше шақырым, 2040 жылы 10 текше шақырым, 2050 жылы 11,4 текше шақырым су кем құйылуы ықтимал. Салдарынан Шығыс Қазақстандағы су электр стансаларында өндірілетін қуат мөлшері 2030 жылы 30%, 2050 жылы 40% азаюы мүмкін. Бұқтырма, Шүлбі бөгеттерінің суалуы былай тұрсын, Зайсанның өзі қаңсып қалуы ғажап емес. Бұл бірнеше облыстың климатын бұзып, Семейден Омбыға дейінгі аралықтағы жүзіктің көзіндей көлдер сор батпаққа, жасыл алқаптар шөлейтке айналады деген сөз. Бейнелеп айтсақ, қытай мен қазақ даласы флорасы мен фаунасын айырбастамақ. Экологиялық апаттың ізінен гуманитарлық және экономикалық күйреу ілесе жүретіні айтпаса да түсінікті.
(Өскемен СЭС-нің бөгені)
Мәскеу мемлекеттік құрылыс университетінің профессоры Дмитрий Козловтың "Ертіс бассейніндегі су ресурстарын пайдалану және өңірдегі гидротехникалық құрылыстардың келешегі" атты зерттеуінде Қытайдан Ертіс арқылы Қазақстанға жылына 6,3 текше шақырым су кіріп жатқанын айтады. Ғалымның дерегіне сенсек, 1990 жылы Қытай Ертістің 1 млрд текше метр суын шығармай бұрып алған. Ал 2020 жылы бұл қажеттілік 3 млрд текше метрге жететінін болжаған. Дмитрий Козловтың пайымдауынша, Қара Ертіс-Қарамай, Ертіс-Үрімжі каналдарының жобалық қуаты жыл сайын 4,24 текше шақырым суды Ертістен бұрып әкетуге арналған. Бұл сумен Қытайдың шөлейтті аймағындағы 2 млн гектар жерді егіске айналдыруға болады. 2030 жылға қарай Қытай халқы жыл сайын 818 млрд текше шақырым тұтынатын болады. Қазіргі инфрақұрылым 619 млрд текше шақырым сумен қамтамасыз етуге ғана жететін көрінеді.
Ғалымдардың бұл болжамы "Қазгидромет" мекемесі жүргізген мониторингпен сәйкеспейтіні қызық. Трансшекаралық өзендердің кейінгі жылдардағы жай-күйі туралы сауал жолдаған болатынбыз.
"Қытайдан Ертіс өзеніне орта есеппен 9,2 км3 су келеді, ал Ресейге орташа есеппен 27,1 км3 кететіндігін хабарлаймыз. Өзен ағысы айтарлықтай реттелгендіктен, жылдық режимі гидротехникалық құрылыстардың режимдеріне байланысты. 2014 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде орташа жылдық ағындар норманың шегінде", – деген жауап келді.
Совет заманында Өскемен мен Семейдің ортасында шағын кемелер қатынағаны, Алтай ауданына қарасты Серебрянск қаласында сондай кемелердің зауыты жұмыс істегені, қазір оның ешкімге керексіз болып қалғаны Ертістің қаншалықты айдынды болғанына ешбір мониторингсіз-ақ дәлел.
Өзеннің Қытай бетіндегі жылдық ағыны туралы өткен ғасырдың аяғында жазылған дерек қолымызға түсті. "Алтай аймақтық партия тарихы" жергілікті шежіре кеңсесі құрастырған "Алтай аймағының жалпы жағдайы" атты кітапты қытайшадан Жәмшат Бәжікбайұлы мен Ақат Қапсеметұлы аударып, 1989 жылы төте жазумен басып шығарыпты.
"Ертіс өзенінің жылдық орташа ағын мөлшері 11 млрд 900 млн текше метр. Бүкіл аймақтағы (Алтай аймағы (ред).) өзендердің жылдық ағын мөлшерінің 91,5%-ын ұстайды. Ағын мөлшері жағында Іле өзенімен деңгейлес. Автономиялы районымызда (Шыңжан-ұйғыр автономиялық районы) екінші үлкен өзен. Суы бүкіл Шыңжанның су мөлшерінің жетіден бір бөлігін ұстайды", – деген жолдар бар сол кітапта. "Қазгидромет" мекемесі қазір Қазақстан шекарасына жыл сайын орта есеппен 9,2 текше шақырым су кіреді деген ақпарат бергенін жоғарыда айттық. Оны текше метрге айналдырсақ, 9,2 млрд м3 шығады. Қытайда шыққан кітап пен "Қазгидромет"мәліметтерін салыстырсақ, мәскеулік Дмитрий Козловтың "2020 жылы Қытай Ертістен 3 млрд текше шақырым су бұрып алады" дегені шындыққа жанасатынын көреміз.
"Өзеннің жаңа жер құрылымының ықпалымен қалыптасқан негізгі жүлгесі алдымен шығыс-оңтүстікке, онан соң батыс-солтүстікке қарай ойысқан", – деген жолдардан Ертіс арнасының жасанды жолмен ішкеріге бұрылғанын аңдауға болады.
"Ертіс өзенінің негізгі жүлгесінің еліміз шекарасы ішіндегі ағарында 2000 метрден артық деңгей парқы бар. Бұл орындардың көпшілігі Көктоғай ауданының Жылым көлінен Қу Ертіс қыстағына дейінгі аралықтағы 60 километр келетін қысаң аралығына орналасқан. Бұл арадағы қысаңның шыңырауы 300 метрден артық келеді. Қысаңның екі жағы тік жалама жартас. Қысаңның су ағыны қатты, шулы, күшті. Иір-қиыр өзен арнасында қызылқорым малта тастар жатады. Қайраңы аз, тоспа жасауға тиімді келеді. Өзеннің су күші осы қысаңға шоғырланған. Су энергиясын ашудағы көңілдегідей жер", – деп тамсанады автор.
Қарамайға кірген із бар, шыққан із жоқ
Ал Қара Ертістің бойында 73 жыл ғұмырын өткізген, өзен жаңасында 5 мың қой өргізіп отырған Жеңісбек Кәрібаев дейтін тұрғын 1953 жылы Қара Ертіс арқылы совет армиясы Қытайға әскери техника тасығанын өз көзімен көріпті. Көнекөз тұрғын бүй дейді:
(Қара Ертістің жағасында 5 мың қой өргізіп отырған Жеңісбек Кәрібаев)
"Бала күнімізде Қара Ертіс арқылы Қытаймен екі ортаға кеме қатынайтын. Менің 5-6 жасымда күніне кәдімгідей оншақты параход жүретін. Сонда не апарады дейсіз ғой? "Катюшадан" басқа техниканың бәрін көрдік. Зенит қондырғысы, танк, мәшине, бәрін тасыды. Қайтар жолда ол жақтан кішкентай қапқа салған уран әкетеді. Әскерилер қолындағы кәмпитін құрт-май, жұмыртқаға айырбастап алатын. Бұл Сталин өлгеннен кейінгі 1953 жыл еді. Кезінде кеме жүзген сол Ертістің кей тұсынан қазір күзде атпен оп-ңай өтуге болады.
Қытай жақта Үліңгір деген үлкен көл бар. Көлемі Зайсандай. Ар жағынан өзімен аттас өзен келіп құяды, бірақ тұйық өзен. Аңызда сол Үліңгірде суға кеткен атты адам Қара Ертістен шыққан екен деп айтылады. Жердің бетінде екеуі қосылмайды. 1980 жылы Алтайдың Қытайдағы бетіне барып жүрдім. Сонда Үліңгірден Қара Ертіске салған каналды көрдім. Бірақ Үліңгірден қайта бері аққан суды көрген жоқпын. Қарамайдан алған мұнайдың орнына Қара Ертістің суын құяды екен жер астына. Ата-әжелеріміз Ертіске құятын Қыран өзенінен атпен өту мүмкін емес деп отыратын. Мен барып көргенде малта тасы кеуіп, қаңсып қалған екен. Оны да Ертістен бұрып, Қарамайға әкеткен. Экологиялық талап бойынша ол жерге көрінген су жарамайды дегенді айтты маған сондағылар. Қасиетті Қара Ертістің суы сол талапқа сай келеді деп отырған".
Қария туған өлкесінде балық пен құстың азайып кеткеніне қапалы.
"Кезінде керемет балықтар болған. Біраз балық құрып кетті. Қыста Солтүстік Мұзды мұхитта өмір сүріп, қыркүйектің 15-іне қарай Алтайдың бұлағына келіп уылдырық шашатын ақбалық деген бар еді. Қызыл кітапқа енген қызылбалық та азайып кетті. Катонқарағайдың Бұқтырма өзенінде, Күршім мен Қалжыр өзенінде ғана қалды. Табиғат өзі график қойып тастаған. Біреуі уылдырық төккенде басқа балық төкпейді. Миллион, миллиард жылдан бері жергілікті балықтар осы заңдылықты сақтап келді. Кейін біз бұған табан деген балықты салып жібердік. Ол сазанмен қабаттасып төгеді де, сазанның уылдырығын жеп кетеді. Сөйтіп сазан да сиреді.
Қытайлар балықты ең көп аулайтын ел ғой. Біздің балықтың талай тұқымын құртты. Ақшабақ деген керемет балық болған. Ақбалықпен бірге ол да құрыды. Көбінде балықтың құритын себебі мынау ғой. Балық уылдырығын өзеннің таяз, жылы жеріне барып төгеді. Сол кезді пайдаланып қынадай қыратын көрінеді. Біз де олардан қалысып жатқан жоқпыз. Көктемде су көтеріліп, Ертіс жағасына төгілген уылдырық сол күйі шұңқыр-шұңқырда қалып жатыр. Бұрын Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында оны құтқаратын бригада болған. Су қайтқан соң жағада қалған уылдырықты шұңқыр-шұңқырдан сүзіп алып, Ертіске жіберетін. Ал қазір жетіліп үлгергенше көтерілген су қайтады да, шұңқырда шіріп жоғалады. Сазан уылдырығын балдырлы, батпақты жерге төгеді. Кейде олар да шыға алмай қалып қояды. Тұғылдағы арнайы бригада соның бәрін қадағалайтын. Қазір оның бірі де жоқ".
"Балық шаруашылығында былық көп"
Жеңісбек Кәрібаев Ертісті балықтандыру амалы көлеңкелі табыс көзіне айналып барады деген күдігін де жасырмады.
"Қара Ертістің суы Қытайдан бұрын Алтайға түскен қарға байланысты. Қытай жағында Ертіске құятын 42 өзеннің бәріне бұлар тоспа салып тастаған. Ол тоспалары кемінде 40-50 метр тереңдікпен жасалып, су толтырылады екен. Ар жағынан әкелмейтін балығы жоқ. Екі айда жарты метр боп жетілетін ит сияқты бір балықтарын көргем. Кей жылдары күзде сол тоспаларды тазарту үшін шөккен лайды Ертіске қоя береді. Ондайда Ертіс қап-қара болып ағады. Ол да жақсы емес қой енді. Шұңқырда бақа-шаяның мен түрлі химикат болады деген сияқты. Кезінде шалдар Зайсанның балығын судың құрты дейтін. Соншалық быжынаған балық болатын. Ондай сөзді қазір естімейсің. Осы жасымда оны да көрдім. Бұрын ихтиологтар келіп әлгі ақбалықтарды сырғалап кететін. Қазір браконьерден басқа ешкімді көрмейсің. Сазанның өзін алып, уылдырығын жағаға сығып кетеді. Бұл буаз маралды атқанмен бірдей күнә емес пе? Қазір елдің ең оңай олжасы балық болып алды. Тұғылдағы құтқару бригадасын қайта жасақтаса деген арманым бар. Ақша төлесе, табиғатқа жаны ашитын адамдар ауыл ішінен де табылады ғой.
Қара Ертістің құсы да азайды. Әсіресе қаз кеміді. Ал құрыған балықтың орнын толтырамыз деп суға уылдырық төгетін болыпты. Соған бірнеше рет қатысып көрдім. Уылдырық саны есептеліп, акт жасалып, бейнекамерға тіркелуі керек қой. Ондай ештеңе істемейді. Бәрі жасырын. Кешке жақын келеді де, төккен болады. Жергілікті экологтар, ветеринар мамандар қатыстырылмайды. Мұның бәрі бизнеске айналып кеткен ғой. Бәленбай миллион шабақ жібердік деп есеп береді. Ол миллион емес мың ғана шығар. Ешкім санап жатқан жоқ".
Кені – экспортқа, уы – Ертіске
Ұлы Ертіс, улы Ертіске айналып барады дедік қой. "Қазгидромет" мекемесі жыл сайын трансшекаралық өзендердің түбіндегі шөгіндінің, өзен суы мен маңайындағы топырақтың құрамын тексеріп отырады. Қолымызға сол мониторингтің 2015 жылдан бергі қорытындылары тиген.
(Қазақстанның трансшекаралық өзендеріндегі бақылау пунктерінің сұлбасы)
"Қазақстан Республикасындағы қоршаған ортаның жай-күйі жөніндегі ақпараттық бюллетень" атты құжатта трансшекаралық өзендердің 2019 жылғы ахуалы толық сипатталыпты. Бұл құжатта өзен суының сапасы бірінші класқа жатады деп көрсетілген. Жалпы халықаралық стандарт бойынша жер бетіндегі су көздері тазалықтың 5 класы бойынша жіктеледі. Ең лас өзендер 5 класқа жатқызылса, суы анағұрлым тұнық көздер 1 класқа жатқызылған. Осы жобамен алсақ, Ертіс әзірше аса ластанып жатқан жоқ деп айтуға болатын еді. Бірақ Өскемен мен Семейдің, Павлодардың тұрғындары жыл өткен сайын ұлы өзеннің суы бірде күреңітіп, бірде қарауытып, бірде сұрланып ағатынын көріп жүр. Ертіс суы Қытайдан лайланып кіріп, өзімізде уланады деген болжам да бар. "Қазгидромет" бюллетеніндегі мәліметтер де осыған саяды. Сол құжаттан үзінді келтіріп көрейік:
1. Көктем мен күзде Ертіс сағасынан алынған шөгінділерден торий, радий, қорғасын, актиний сияқты химиялық элементтердің жоғары мөлшерде екені белгілі болды. Ертістің Ресей аумағына өтер тұсындағы бақылау пунктінен алынған шөгінділердегі уран мен торий концентрациясы Қытайдан кірген тұста алынған концентрациядан шамамен 2 есе артық. Бұл Ертіс өзенінің топырағы радионуклеидпен Қазақстан аумағында ластанатындығын білдіреді. Осы ластанудың көзін (немесе көздерін) анықтау қажет.
2. Өзеннің Қазақстан аумағына кірер жері мен Ресейге шығатын тұсынан іріктеп алынған шөгінділердің сынамаларын элементтік талдау нәтижелерін салыстыра отырып титан, мыс, мырыш, калий, күшәла, рубидий, иод, цирконий, уран, сүрме, кобальт, скандий, гафний, тантал, лантан, цезий, неодим, лютеций, иттербий, тербий, еуропий, самарий мөлшері 2-4 еседен артады. Бұл Ертіс өзенінің Қазақстан аумағында радионуклидтермен ғана емес, көптеген химиялық элементпен де ластанатынын білдіреді. Анықталған ерекшелік осы ластанудың көздерін айқындау үшін зерттеу жүргізу қажеттігін айғақтайды.
3. Келтірілген деректерден шығатыны, Ертіс өзенінің улы заттармен көктемгі ластану көзі Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіп кәсіпорындарының қалдықтарын сақтайтын қоймалар болуы ықтимал.
(Трансшекаралық өзендердің бақылау пунктеріндегі топырақ пен шөгінділердегі жекелеген радионуклидтердің концентрациялары)
Расымен де Өскемен маңында қосылатын Үбе, Үлбі, Секисовка сияқты өзендердің алтын, мыс, қорғасын, титан өндіретін комбинаттар мен кеніштерден уланатыны туралы ел ішінде әңгіме көп. Сондай сыбыстар тараған кезде Ертістің түсі өзгеріп ағатыны жай ғана сәйкестік болмаса керек.
Кеніштердің қалдығынан бөлек, адамдардың "қалдығы" жиналатын Өскемендегі кәріз тазарту жүйесі де Ертістің бойында тұр. Қытай жағында да өзен бойынан орын тепкен қала, кенттердің кәріз жүйесін Ертістің суы аралап шығатын көрінеді. Осыдан кейін "Ағынды судың арамдығы жоқ" деуге ауыз бармайды.
(Өскемендегі кәріз тазарту қондырғысы Ертістің бойында тұр)
Ертістің экологиялық проблемасын Қытай саясатымен ғана байланыстыру жергілікті өнеркәсіп кәсіпорындарына тиімді. Осы арқылы өздерінің қоршаған орта мүддесіне қайшы әрекеттерін жасырып қалу оңай деп есептейтіндер бар. "Қазгидромет" мекемесінің мәліметтері осы ойдың жаны бар екенін көрсететіндей. Кейбір экологтар да бұл пікірді қуаттайды.
"Қазақстанға Қытайдан Ертістің үштен бір бөлігі ғана кіреді. Қалған су Қазақстан аумағындағы салалар мен мұздықтардан толысады. Бүкіл проблеманы Қытай тарабына аудара салу саналы түрде, қолдан ұйымдастырылып отыр деп есептеймін. Бұл өз ішіміздегі бассыздықтарды ел көзінен тасалау үшін тиімді. Әрине, Қытай да Ертіске дәл біз сияқты стратегиялық мәні бар өзен ретінде қарайды. Сондықтан оның төңірегіндегі мүддесін жанталаса қорғайды. Бірақ келіссөздерде барынша ұтымды әрі батыл сөйлеу үшін өз ішіміздегі проблемаларды реттеп алған жөн", – деген болатын "ЭКОМ" қоғамдық бірлестігінің басшысы Светлана Могилюк 3 жыл бұрын БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Көңілге медеу болар бір жайт, Ертіс проблемасы тек Қазақстанның ғана қайғысы емес. Кейінгі кезде Ресей ғалымдары да өре түрегеліп, мәселені биік мінберлерден көтеріп-ақ жүр. Қазақстан бұл мәселені 2009 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясында көтерген болатын. Оның айтарлықтай пайдасы болмағанын 11 жыл өткенде көріп отырмыз. Ресейдің де қасаң дипломатиялық жолмен араласуы сеңді бұза алмады.
Жалпы қазақ даласына су бөгендерін салып, каналдар тарту процесі тың игеру кезеңінен басталып, сексенінші жылдарға дейін жалғасты. Ондағы мақсат – Сібірді суландыру болатын. Кейінгі кезде Қытайдың суға деген сұранысы сол еңбекті еш ете бастағанын көрген ресейліктер кәдімгідей саудаласуға көшті.
2016 жылы Ресейдің ауыл шаруашылығы министрлігі Алтай өлкесінен құбыр арқылы Қарамай мен Үрімжіге тұндырылған тұщы су тасымалдауды ұсынды. Жобаға кететін қаражат пен уақыттың нақты есебі жоқ. Ресейліктерге салса, бұл іске Қазақстан да атсалысуы керек. Қытай мен Қазақстан арасында кіріп-шығып жататын айнымалы арналарды осы істе пайдалануға болады деген ой айтылып жүр. Тек әзірге мұның бәрі сөз жүзінде ғана.
Трансшекаралық өзендер мәселесінде Қазақстанның қолында Қытайға әсер ететін ешбір "көзір" жоқ деген пікір айтылып келеді. Елдегі мұнай өндірісіне көрші елдің компаниялары қалай атсалысып отырғанын сарапшы маман түгіл қарапайым таксист те жіпке тізгендей жатқа айтады қазір. Қазақстан құбыры арқылы Ресейден де ірі көлемде мұнай тасымалданатыны белгілі. "Бір белдеу – бір жол" жобасын құнды "көзірге" айналдыру да өз қолымызда. Тек соны ұтымды әрі батыл пайдаланатын ниет керек-ақ.
Қайығы қаңтарылған өзеннің қайғысы көп, қысқасы. Ертістің басындағы қайғы Іленің де арқасына аяздай бататын болған. Қара Ертістің қайғысы қалың қазақтың қайғысына айналмаса игі еді...
Есімжан Нақтыбайұлы