ЕАЭО кеңістігінде ортақ еңбек нарығын қалыптастыру туралы идея жобадан нақты іске қарай бір қадым алға басты. Себебі бұған дейін Орталық Азия, оның ішінде қырғыз бен өзбек елінің мигранттары РФ-на қарай беттейтін. Енді ЕАЭО жанынан құрылған мемлекетаралық комиссия Ресей Федерациясына келген мигранттардың отбасына уақытша баспана беріп, әлеуметтік пакетпен қамтамасыз ету керек деген ұсыныспен шығуды ойлап отыр.
ЕАЭО экономика және қаржылық саясат мәселелері жөніндегі алқа мүшесі Тимур Жақсылықов еңбек мигранттарына жұмысқа орналасуда ешбір шектеу болмайтынын және квота және рұхсатнамалық құжаттарға байланысты кейбір шешімдердің күші жойылатынын айтты. Мемлекетаралық бизнес-климатты жақсаруға бағытталған шешімдердің барлығы ортақ еңбек нарығын қалыптастыруды көздейді екен.
ЕАЭО жанынан құрылған комиссияның РФ-ға ерекше назар аударып отыруының себебі салмақты. Себебі Мәскеу еңбек мигрантарының саны жағынан әлемде АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Қазір РФ-да 10-13 млн еңбек мигранты жүргені Еуразиялық даму банктің зерттеу қортындысында айтылған.
"ЕАЭО-ға мүше елдердің азаматтары жұмысқа орналасу кезінде тең құқыққа ие болады", – дейді Тимур Жақсылықов Алматыда журналистермен кездескен кезде.
Тимур Жақсылықов жоғарыда көтеріліп отырған мәселелер РФ-да қолданыста жүрген заңдарға өзгерістер енгізілсе, шешімін табатынын тілге тиек етіп өтті. Ресейде мигранттарға жұмысқа орналасудың мақсатын талдап көрсетуді міндеттейтін Миграциялық карта мәселені қиындатып келіпті. Себебі, бұл картаны Ресейге келіп-кеткен сайын және жұмыс орнын ауыстырған сайын жаңартуды талап етіп келген. Осы ретте, Тимур Жақсылықов Қазақстанның тәжірибесін одақ шеңберінде қолданысқа енгізу туралы ұсыныс комиссия мүшелерінің талқысына салынғанын айтты. Себебі Қазақстандағы еңбек мигранттары одақ көлемінде барынша жеңілдетілген еңбек шарттарымен жұмыс істеп жүр.
Тимур Жақсылықовтың айтуынша, дәл осы себепті Ресей Федерациясы мигранттар мен олардың отбасы мүшелеріне уақытша пәтер беруді қарастыратын заң жобасын қабылдауды жылдамдатса, бұл мәселені шешуге болады.
Сарапшылар аталмыш мәселе ЕАЭО шеңберінде талайдан бері көтеріліп келе жатқанын айтады. Еуразиялық даму банкі дайындаған "2017 жылғы Еуразиялық экономикалық интеграция" туралы баяндамада бүгін көтеріліп отырған мәселе одаққа мүше елдерге зор мүмкіндік беретінін, бірақ оны бірде-бір ел пайдаланып отырмағаны айтылған. Еуразиялық даму банкі дайындаған құжатта келтірілген деректерге сенсек, мұндай ортақ еңбек нарығы әлемде әзірге екеу. Бірі – Еуропалық одақ болса, екіншісі – ЕАЭО. Парсы шығанағындағы елдердегі, Аустралия, Жаңа Зеландиядағы ортақ еңбек нарықтарында шектеулер жетерлік. Ал ЕАЭО аумағында қолданыста жүрген заңдар мен нақты тәжірибеде айырмашылықтар көп. Мигранттардың саны бойынша ресми статистика көрсеткен мәлімет пен нақты көрсеткіш те бір-бірімен үйлеспейді.
ЕАЭО-ға мүше елдердің барлығында, құрылыс саласында мигранттардың үлесі шектен тыс жоғары екені белгілі. Сонымен бір мезгілде, жұмыс күші жетпей жатқан жұмыс орындары одаққа мүше елдердің бәрінде бар. Сондықтан, саясаттанушы Эдуард Полетаев мигранттарды жұмыс күші жетпей жатқан тұстарға бағыттауды мақсатты түрде, өркениетті түрде жүргізгендер ұтылмайтынын айтады. Осы бағыт бойынша Қазақстанда маусымдық жұмысқа тартылатын мигранттар мәселесін де шешуге болады екен.
"2017 жылы РФ Думасы мен Өзбекстан өзбек азаматтарын Ресейдің еңбек нарығына тарту туралы келісімді ратификациялады. Бұл РФ-ның осы мәселе бойынша мәмілеге келген алғашқы құжат. Осындай бағыттағы келісімдер еңбек нарығындағы біраз жайттарды реттеуге және мигранттардың құқығын қорғауға мүмкіндік береді", – дейді Эдуард Полетаев.
РФ Ғылым академиясы ТМД елдерін экономикасын зерттейтін орталықтың жетекшісі Елена Кузьмина осы көктемде Алматыда өткен халықаралық форумда Қазақстан мен РФ – ЕАЭО-қа мүше елдер арасындағы еңбек миграциясының реципиенттері, ал Армения мен Қырғызстанды донор мемлекеттер деп тану қажеттігін айтқан болатын. Оның айтуынша, Ресейге Беларусь мен Қазақстаннан келетін еңбек миграциясы өсе бастаған. ЕАЭО-ға мүше емес Өзбекстан мен Тәжікстаннан келетін мигранттар санында өсім байқалмайды. Оның мұндай шешімге келуіне тәжік және өзбек мигранттарының елдеріне жіберіп жатқан қаржының азайғаны себеп болыпты. Есесіне Ресейден Қазақстанға аударылған қаржы сомасы 2017 жылы – 27 пайызға, Қырғызстанға 10 пайызға көбейіпті.
Елена Қузьминаның айтуынша, реципиент мемлекеттер мен донор мемлекеттер арасындағы жұмыс күштерінің алыс-берісі жайлы деректер әлі жүйеленбеген. Бұл мәселемен ЕАЭО-да қандай иституттың айналысатыны да әлі белгісіз.
"ЕАЭО-ға мүше елдер одаққа мүше емес көрші елдермен миграция мәселесін еуразиялық одақ заңдарымен сәйкестендіре алмай жатыр", – дейді Елена Кузьмина.
Ал Қазақстанға келер болсақ, ЕАЭО миграциясын ТМД елдері миграциясынан бөліп қараудың мүмкін еместігін өзіміздің сарапшылар да көптен айтып жүр. Өзбек, қырғыз және тәжік елдерінен келген миграцияны стихиялы миграция қатарына жатқызуға болады. Себебі олар миграциялық картадағы "Қандай мақсатпен келдің?" деген сауалға "саяхат" немесе "жеке шаруммен" деп жауап береді екен.
"Бұл бізге тиімді ме?" деген сұраққа әлі толыққанды жауап жоқ.
"2030 жылға қарай ЕАЭО еңбек миграциясы бағыты бойынша әлемдегі ең ірі 60 бағыттың қатарына қосылады" деген уәжді Давос форумы мінберінен айтып қойдық. "ЕАЭО-ның одаққа мүше емес елдермен миграция тәртібін қатаңдатамыз" деген шешімінен нәтиже күту қиын. Мұны әрбір ел көршілерімен дербес шешіп алып, қорытындыға келген дұрыс. Себебі Қазақстанның тек РФ-мен ғана емес, Өзбекстанмен де визасыз жүйе туралы келісімі бар. РФ Мемлекеттік Думасы Өзбекстанмен 2017 жылы өзбек азаматтарын Ресейдің еңбек нарығына тарту туралы келісімді ратифициялады. Демек, бұл мәселе ЕАЭО мүше елдердің қатысуымен шешілетін мәселе емес, тым ауқымды" – дейді Елена Қузьмина.
Саясаттанушы Әзімбай Ғали Қазақстанның еңбек нарығына сырттан жұмыс күштері қажет дегенге соншалықты сенбейтінін айтты. Бізде жұмыс күшін керек ететін сала – құрылыс, қоғамдық қызмет көрсететін орындар, базар, маусымдық жұмыстар. Бұл мәселе біздің елде ЕАЭО-ның ортақ еңбек нарығынсыз, өзбек, тәжік, қырғыз ағайындардың араласуымен әлдеқашан шешілген. "Қазақстанға келіп, құрылыста жұмыс істеймін немесе базарда сауда жасаймын" деп құлшынып тұрған орысты немесе белорусты көрген жоқпыз. Олар, еңбек нарығына қатысты мәселені баяғыда, тәжірибе алмасу немесе еңбек квотасы арқылы шешіп алған.
"ЕАЭО-да еңбек нарығы енді жүйеленіп келе жатыр. Одан қауіп жоқ. Қырғыз мигранттары мәселесі ЕАЭО заңдарымен реттеледі. Бізге қауіп төндіретіні – Өзбекстан және Тәжікстанмен арадағы реттелмеген миграция" – дейді Әзімбай Ғали.
Саясаттанушы сөз арасында Қазақстан мен РФ ЕАЭО-да еңбек миграциясының реципиенттері болса, Орталық Азия үшін реципиент мемлекет тек Қазақстан екенін, реттелмеген миграция біздің этностық құрамымызға қауіп төндіріп тұрғанын айтты.
"Өзбектер қазірдің өзінде саны жағынан үшінші ұлтқа айнала бастады. Өзбек ағайындар Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарына келіп жұмыс істеп жүр", – дейді Әзімбай Ғали.
Әзімбай Ғали этнодемографиялық баланстың тепе-теңдігі – ұлттық қауіпсіздік категориясы екенін айтады. Қазақ ұлты көптеген жылдар бойы өз елінде саны аз ұлт болғандықтан, елге сырттан келгендерді өзіне бейімдеп алатын иммунитетінен айырылып қалған. Сол себепті біздің елге сырттан келген кез келген ұлт орыс тілінде сөйлейтіндердің қатарын толықтырып жүр. Бұл біздің жеріміздің біртұтастығына да төнетін қауіптің басы.
"Қазір миграция әлемдік деңгейде жүріп жатыр. Олардың құқығы халықаралық заңдармен қорғалады. Халықаралық заң бойынша мигранттардың Қазақстанда туған перзенті Қазақстан азаматы болып табылады. Олардың құқығы бәрімізбен бірдей. Ресей мигранттардан орыс тілін білуді міндеттейтін заңды ЕО-ға мүше елдерден алды. ЕО-ға мүше елдерге барғысы келетін азамат бір жыл бойы баратын елінің тілін үйренеді. Бізге де сол міндетті қолданысқа енгізетін кез келді. Біз бұл арқылы Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттардың түптің түбінде қазақ ұлтының төңірегінде топтасу процесін жылдамдатамыз", – дейді Әзімбай Ғали.
Гүлбаршын Сабаева