Нұр-Сұлтан қаласында "Көші-қон процестерін реттеу және репатриация саясатын жүзеге асыру" республикалық семинары болып өтті. Семинарға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің және Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҚҰ) өкілдері қатысып, жаһандану үрдісі кезіндегі өзекті көші-қон мәселелерін қозғады.
Семинар барысында көші-қон ағындарына байланысты проблемаларды шешу үшін еліміздегі барлық халықаралық ұйымдарды жұмылдыру жөніндегі "БҰҰ көші-қон желісінің" мақсаты талқыланды.
Біріккен ұлттар ұйымының (БҰҰ) Қазақстан және Орталық Азиядағы аймақтық үйлестірушісі Зейнал Гаджиев Қазақстанға қатысты көші-қон мәселелерін айтып өтті.
"Миграция ағымы күшейген кезде мигрант және босқын түсінігінің ара жігін қарапайым адамдар ғана емес, кей кездері ресми тұлғалар да ажырата алмай жатады. Қазақстанда миграция ағымы қатты. Жыл сайын ел аумағы арқылы 3 миллионнан астам мигрант өтеді. Әлбетте, олардың арасында әлсіз топқа жататын адамдар да, босқындар да бар. Мәселе осы әлсіз топ пен босқындарды анықтап, оларға көмек көрсету керек. Айта кетейін, Қазақстан көші-қон тұрғысынан өте ерекше мемлекет. Соңғы мәліметтер бойынша, өткен жылы ресми түрде Қазақстанға 1 млн 200 мың еңбек мигранты келгені тіркелген. Тағы 300 мыңнан астам адам елге ресми емес түрде жұмыс істеуге келген. Олар жеке адамдарға жалданып, қызмет көтсетеді. Бұл жағдай мемлекеттік органдар, халықаралық қоғамдастық тарапынан алаңдаушылық тудыруда. Өйткені заңсыз мигранттар қорғансыз қалады да, еңбегі қаналып, құқықтары бұзылуы мүмкін. Сол себепті, еңбек мигранттары дұрыс жұмыс істеуі үшін мәртебесін заңдастыруы керек. Әрине, Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік мәселесі, миграция саясаты бар. Алайда, экономиканың өсуіне еңбек мигранттарының қосатын үлесі зор", – деген БҰҰ өкілі.
БҰҰ аймақтық үйлестірушісі Зейнал Гаджиев еліміздің көші-қон саясатының ерекшелігіне баса назар аударды.
"Тағы бір мәселе бар. Қазақстанға мигранттардың келуімен қатар, елден өте көп білікті мамандар кетіп жатыр. Қазақстаннан кеткендердің саны жыл сайын өсуде. Елден кетуге шешім қабылдаған адамдардың орнын басқа білікті маман басуы қажет. Осы кезде шетелдік жұмыс күшінің пайдасы тиеді. Дегенмен, Қазақстан әр түрлі экономикалық және сауда жолдарының тоғысқан жерінде орналасқандықтан, миграциялық саясатта Ауғанстан тәрізді көршісі бар екенін де ескеруі қажет", – деген халықаралық ұйым өкілі шетелдік жұмыс күшімен қазақстандықтардың арасында болған шиеленістердің себебіне тоқтала кетті.
"Сырттан келген жұмысшылар мен жергілікті тұрғындар арасындағы кикілжіңдер тек Қазақстанда ғана емес, мигранттар көп келетін дүние жүзінің барлық елдеріне тән нәрсе. Бұл негізінен мигранттардың жергілікті қоғамға етене жақын ене алмауынан, дұрыс ақпараттың жетпеуінен, жергілікті азаматтармен жақсы қарым-қатынас орната алмауынан болады. Әрине, экономикалық, әлеуметтік, мәдени мәселелер де жоқ емес. Әр мемлекет өзінің миграциялық саясатын жүргізген кезде осындай аспктілерге де мән бергені абзал. Біз өз тарапымыздан Орталық Азия елдерінен шетелге жұмыс істеуге кеткелі тұрған азаматтарға алда не күтіп тұрғанын, нені білуі керектігін түсіндіріп айтып, заңды түрде еңбек етуге кеңес береміз", – деп сөзін түйіндеді Зейнал Гаджиев.
Еске сала кетсек, семинар ХКҚҰ-ның Қазақстандағы өкілдігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арасында 2019 жылы 5 желтоқсанда қол қойылған Ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асыру аясында ұйымдастырылды.
Нұржан Көшкін