ІІМ Ресей азаматтығын жасырын алғандарды әшкерелеуде

8173

2019 жылғы 9 айда 30,4 мың адам РФ азаматтығын алды. 

ІІМ Ресей азаматтығын жасырын алғандарды әшкерелеуде Фото: sputniknews.kz

Биыл РФ азаматтығын жасырын алған қанша қазақстандық жазаланды? Бұл туралы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев мәлім етті.

Оның айтуынша, құзырлы органдар "қазақстандық" терісін жамылып жүрген ресейліктерді іздеу жұмыстарын күшейтті.

Таяуда бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілер биылғы жыл басынан бері 34,2 мың Қазақстан азаматы шетелге көшіп кеткені туралы статистиканы жариялады. Бұл былтырғы жылғы үш тоқсан қорытындысымен салыстырғанда, 8,3%-ға көп көрінеді. 2018 жылы 31,6 мың адам өзге елдердің азаматтығын алыпты.

Бұл ретте 16 жастан жоғары, әскер жасындағы, еңбекке қабілетті адамдардың көп кететіні айтылды: олар 23 мың 586 болған. 15 жасқа дейінгі балалар саны – 9 мың 83. Ал азаматтығымызды тәрк еткен зейнеткерлер саны небары 1 мың 529 ғана.

Былтырғыдай, осы жылы да экс-қазақстандықтардың басым көпшілігінің таңдауы Ресейге түскен: 2019 жылғы 9 айда 30,4 мың адам РФ азаматтығын алды. Ресейлік атануға әсіресе, еліміздің шекаралық және қазағы аз өңірлер тұрғындары құштар болып отырғаны байқалады. Атап айтқанда, биыл Шығыс Қазақстан облысынан 5,4 мың адам, Қарағанды облысынан 4,8 мың адам, Қостанай облысынан 4,3 мың адам, Павлодар облысынан 4,2 мың адам, СҚО-дан 3,3 мың адам өзгенің азаматына айналған.

Сонымен бірге, құзырлы органдарға ұлтжанды азаматтардан "РФ азаматтығын алғандардың Қазақстанда ары қарай қалып, әлеуметтік төлемдер алып, ел азаматтарына арналған жұмыс орындарын иемденіп жүргені" туралы дабыл қаққан арыз-шағымдар түсуде екен.

Мұндай белсенділікті мақұлдаған ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев көзі қарақты қазақстандықтардан өзге ел азаматтығын алғанын жасырып жүрген адамдарды білсе, олар жайында хабарлау керегін түсіндірді.

"Ішкі істер органдары Қазақстан азаматтары арасынан шет мемлекеттің азаматтығын алғандарды анықтауға бағытталған жұмысты тұрақты түрде жүргізуде. Біз Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Сыртқы істер министрліктерімен және Ұлттық қауіпсіздік комитетімен бірлесіп, қосарлама азаматтық иелену фактілерін әшкерелеу бойынша жұмысты ұдайы негізде қолға алдық. Осы орайда біз қарапайым азаматтардан, сондай-ақ бизнестен, заңды тұлғалардан, компаниялардан келіп түскен әлдебір азаматтың қос азаматтығы барлығы туралы хабарламаларын мұқият тексереміз. Бұдан бөлек, осындай ақпар бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарынан да жиналады", – деді ІІМ басшысы.

Қазақстан азаматтығынан шыққан адамдарға БЖЗҚ-дағы бүкіл зейнетақы жинағын қотарып алып кетуге рұқсат етілген. Сондықтан Ішкі істер министрлігі "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық" РМҚК-сымен серіктестікті жолға қойыпты. Оның қызметкерлері қазір қағаз жүзінде Қазақстан азаматтығынан бас тартып, жат мемлекетке тұрақты тұруға шығатынын рәсімдеген тұлғалар туралы мәліметтер мен тізімді тапсырып отырады екен.

Осыдан кейін құзырлы органдар күтіп, артын бағуға көшеді: егер тізімдегі тұлғаның есепшотына БЖЗҚ-дан зейнетақылық жарналары келіп түссе, орталық ішкі істер органдарына дереу хабар жолдайды. Ары қарай ол жақтан тексерушілер аттанады. 

"Қабылданған шаралар нәтижесінде 2019 жыл басынан бері ішкі істер органдары Қазақстан азаматтығын жоғалтқан 12 мың 308 адамды анықтады. Атап өткеніміз жөн, қазіргі кезде қос азаматтықты иелену үшін әкімшілік жаза қарастырылған, ол бойынша 200 АЕК (2019 жылы – 505 мың теңге) айыппұл салынады, немесе ол адам Қазақстан сыртына күштеп аласталады. Бұл ішкі істер органдарына қосарлама азаматтығы бар адамның Қазақстан азаматтығын жоғалтуын қысқа мерзімде тіркеуге мүмкіндік береді", – дейді министр Е.Тұрғымбаев.

Ресей еуразиялық одақ, ҰҚШҰ, ШЫҰ және басқа да қаптап құрылған ұйымдар бойынша одақтас саналады. Сол себепті біздің құқық қорғау органдары олардың бүркеншік жүрген азаматтарына қатысты қатал шаралар қолдануға бара алмайды.

Содан да болса керек, қазақстандық құзырлы органдар өзге елдің, көбіне, солтүстік көршінің азаматтығын жасырын алып алатын азаматтардың аз бөлігін ғана әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін сотқа материалдар бағыттайды.

Нақтылай кетсек, 2019 жылдың 9 айында қос азаматтығы барлығы фактісі бойынша әкімшілік жазаға небары 370 адам ғана тартылған.

Бұл ретте тек отандастарымызға қарастырылған әлеуметтік қолдау шараларына ауыз салмауы үшін ресейлік атанған, бірақ Қазақстанда ары қарай тұрып жатқан адамдардың ҚР азаматтығын жоғалтуын рәсімдеуді Ішкі істер министрлігі жүзеге асырады.

Ал шет мемлекеттің азаматтығын алып, сол елге тұруға біржола кетіп қалған адамдарды "көгілдір төлқұжаттан" айыру ісімен Сыртқы істер министрлігі айналысады.

Сонымен қатар қазақстандықтардан кейбір адамдардың Түркия азаматтығын алып жатқаны туралы хабарлар түсуде.

"Құрметті Ерлан Заманбекұлы! Көптеген азаматтарымыздың өзге ел азаматтығын алғанымен, Қазақстанда қалып, бүгінде әртүрлі әлеуметтік төлемдерді алып жүргені және қосарлама азаматтыққа ие екені туралы мәселемен сізге қайырылып отырмын. Қазіргі уақытта бұл құқық бұзушылықты Түркия белсенді қолдануда. Әсіресе, басым көпшілігі Жамбыл және Түркістан облыстарының тұрғындары болып табылатын кейбір этнос өкілдері сол елдің азаматтығын алуда. Сізден оларды әшкерелеп, заңнамаға сай шара қабылдауыңызды сұраймын", – дейді ішкі істер министріне хат жазған Е.Мұқашев есімді азамат.

Министр бұл ақпарды назарға алатынын айтып, жауап жолдады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу