Ресей азаматтығын алғандарға Қазақстанда жәрдемақы беріледі

5148

Үш министр ресейліктерге не қарастырылғанын түсіндірді.  

Ресей азаматтығын алғандарға Қазақстанда жәрдемақы беріледі

Өткен жылы "Отандастардың ерікті қоныс аударуына жәрдем көрсету жөніндегі мемлекеттік бағдарлама" аясында Ресей азаматтығын алған азаматтардың ең көбі, яғни 55%-ы – қазақстандықтар болған. Атап айтқанда, РФ Ішкі істер министрлігінің мәліметінше 2019 жылы 59,5 мың өзге елдің азаматы Ресейді таңдапты. Оның көбі – 32 мың 594 адам Қазақстаннан. 6 мың 312-сі – Тәжікстаннан, 5 мың 988-і – Молдовадан, 4 мың 671-і – Өзбекстаннан, 3 мың 807-сі – Армениядан.

2006 жылы бағдарлама қабылданғалы шетелден, басым көпшілігінде Қазақстаннан 800 мыңнан астам адам Ресей паспортына ие болды.

"Біздің отбасы отандастардың Ресейге қоныс аударуы бағдарламасы бойынша РФ азаматтығын алуда. Ресей паспорты қолымызға 2020 жылдың екінші жартыжылдығында тиюге тиіс. Отбасымызда 2005 жылы туған немере інім де бар. Ол Қазақстаннан асыраушысынан айырылуына байланысты жәрдемақы алады. Бірақ көрші мемлекетке көшпейді. Осында ары қарай өмір сүре береді және қазақстандық мектепте оқуын жалғастырмақ. Осыдан сұрақ туады: ресейлік азаматтықты алғаннан кейін ол асыраушысынан айырылуына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны ары қарай ала беруіне бола ма?" – деп сұрайды Сергей Жулевич.

Ала беруіне болады екен.

"1997 жылғы 16 маусымда күшіне енген "Қазақстанда мүгедектiгi бойынша және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берiлетiн мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақылар туралы" заңына сәйкес, шетелдiк азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан азаматтарымен бiрдей мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алу құқығын пайдаланады. Ол үшін елімізде тұрақты тұруға тиіс. Егер Сергейдің немере інісі Ресей азаматтығын алғанымен, Қазақстан аумағында тұрақты тұруын жалғастырса, онда оған жәрдемақы одан әрі төлене береді", – дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов.   

Руслан Якупов та Ресей азаматтығын алып алған. Солтүстік көршіде жұмыс таба алмағасын, елімізге қайта оралып, Қазақстанда келісімшарт бойынша жұмыс істеп жүр екен. Ресейге кету ойында жоқ, Қазақстанның азаматы болғысы да келмейді. Әйтсе де табыс көзі осында болғасын, балаларын жергілікті орыс мектебіне бермек ниетте.

"Менің екі жас балам бар. Оның бірі биылғы жылы 7 жасқа толады және 1 сыныпқа қазақстандық мектепке барады. Өзім де, отбасымның барлық мүшелері де еңбек келісімшарты бойынша көші-қон есебінде тұрмыз. Қазақстанда тұрақты тұруды растайтын құжатымыз – тұру ықтиярхатымыз (вид на жительства) жоқ. Мұндай жағдайда менің балам жергілікті мектепте оқи ала ма, қазақстандық балалар пайдаланатын барлық игілікке қол жеткізе ала ма? Ол үшін қандай құжат тапсыруым керек?" – деп сұрайды БҒМ басшысына хатында Руслан Якупов.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз блогы арқылы жауабында бұған ешқандай кедергі жоғын мәлімдеді.  

Оның түсіндіруінше, жатжұрттықтардың, соның ішінде РФ азаматы атанғанымен көршінің жеріне көшіп кетпегендердің балаларын оқыту 2010 жылғы 28 қыркүйекте білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген "Қазақстанда тұрақты тұратын шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу ережесіне" сәйкес жүзеге асырылады.

"Құрметті Руслан! Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ тұлғалардың балалары орта білім беру ұйымдарына Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде қабылданады және тең құқықтарға ие. Мектеп директорлары шетел азаматтарының балаларын оқуға қабылдаған кезде ата-анасынан тұрғылықты жері бойынша тіркелгені туралы белгі соғылған құжатты немесе миграциялық картаның көшірмесін талап етеді. Яғни, сізге паспортыңыздың және миграциялық картаның көшірмелерін ұсынсаңыз жеткілікті", – дейді БҒМ басшысы.

Одан қалды, ресейліктер де, қазақстандық ата-аналар да бірдей құжат тапсыруы керек, оның ішінде өтініш, туу туралы куәлік көшірмесі, 026/у-3 және 063/у формалары бойынша денсаулық жағдайы туралы құжат, сондай-ақ 3х4 көлеміндегі 2 фотосурет бар.

Көрші Ресейде егер шетелдік азаматта ВИЧ не СПИД табылса, оны дереу өз еліне депортациялайды. Тиісті заң 1995 жылы қабылданған. Ол бойынша жатжұрттықтар ВИЧ-ке тест тапсыруы тиіс, егер анықталса, елден аласталады. 2017 жылғы дерек бойынша Ресейде 2,5 миллион адам осындай тексерістен өткен. Жақын шетел азаматтарынан 32 мың 885 адамның сол қорқынышты дертке шалдыққаны әшкереленіпті.

Қазақстанда ондай қатаң заң жоқ. Ең сорақысы, шетелдіктің осындай науқас баласы қазақстандық оқушылармен араласып оқи беруі мүмкін. Оған тыйым салынбаған.

Бұрынғы қазақстандық, қазір көршінің азаматы Ішкі істер министрлігін аяғынан тік тұрғызды. Ол да Ресейге кетпей, елімізде нәпақа тауып жүр. Нина Никулина көші-қон полициясының жұмысына наразы.

"Жалпы, мемлекеттік регламент бойынша шетелдіктер тіркеуден 15 минут ішінде өтуге тиіс. Мен енді Ресей азаматымын, миграциялық тіркелу үшін 2020 жылғы 13 қаңтар күні таңертең бардым. 588-ші нөмір қолға тиді. Түскі 12.45-те кетіп бара жатқанымда таблода 545 нөмірі жанып тұрды. Ертесіне келдім, бірақ кезегімді күтпей, кетіп қалуға тура келді. Үшінші күні түскі астан кейін халық азайған шығар деген үмітпен соқтым. 646 нөмірін алдым. Жарты сағаттай шыдап, шығып бара жатқанда 572-нің кезегі ғана келіпті. Жалғыз инспектор қабылдап отыр. Зал толы адам. Барлығы ренжулі, ызалы. Тіркелуге 3 күн береді, мұндай қалың нөпірде бұл мерзім аз деп санаймын. Әйтпесе, заңды бұзбауым үшін маған таңғы 6-да келіп, кезекке тұруым қажет екен, сонда түске дейін тіркеуден өтемін. Мен әрдайым біздің ХҚКО-ларды ресейліктерге үлгі ететінмін, оларда ондай жоқ. Бізде мемлекеттік қызметті жеңіл әрі бір жерден алуға болады деп мақтайтынмын. Ал мынауы масқара!" – дейді Нина.

Ол дереу ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевқа шағым жазады.

Негізі, шетелдіктерге кезекке тұрмай-ақ, үйде не кеңседе отырып, компьютерден тіркеле салуына да жағдай жасалған, бұл үшін олар арнайы электронды цифрлық қолтаңба алуы керек. 

Нина Никулина ІІМ басшысынан жауап хат алды. Онда шағым бойынша тексеру жүргізілгені және Павлодар облысы бойынша полиция департаментінің көші-қон қызметінің қызметкерлері жөнсіздікке жол берді деп танылғаны хабарланады.

"Расында да көші-қон қызметтері орталығында сіз хабарлаған бұзушылық фактісінің орын алғаны анықталды. Мұндай жөнсіздікті алда болдырмау үшін көші-қон қызметінің қызметкерлеріне мән-жай түсіндірілді және олар үшін мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін үйрену бойынша сабақтар өткізілді. Қазіргі уақытта Павлодар облысының көші-қон қызметтері орталығының азаматтарды қабылдау залында арнайы орындар жабдықталды. Сонда жүретін кеңесші-консультанттар енді шетелдіктерге хабарламаны электронды үкіметтің веб-порталы, визалық-миграциялық портал арқылы жолдауына көмек көрсетеді", – дейді ІІМ жетекшісі.

Ерлан Тұрғымбаев мемлекеттік қызметті сапалы әрі жылдам көрсету мәселесін Ішкі істер министрлігінің басшылығы тұрақты бақылауға алғанын мәлім етті.

Қонақжай қазақ елінің билігі елді тәрк еткен экс-отандастарға да қайырыммен қарайды.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу