Өзбекстан Орталық Азияда миграция нүктесіне айнала ала ма?

5357

Күні бүгінге дейін Қазақстан меншіктеп келген фактор өзбек жағына ойысып кетуі  мүмкін.

Өзбекстан  Орталық Азияда миграция нүктесіне айнала ала ма?

Қазақстан және Өзбекстан арасындағы еңбек мигранттары мәселесі күні бүгінге дейін біржақты, өзбек мигранттары мәселесі тарапынан қаралып келгені белгілі.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сәуір айында Өзбекстанға барған сапары кезінде екі елге  заңсыз келетін мигранттардың санын азайту мәселесі көтерілді.  

Сарапшылар болса бұл сапар Қазақстанға келетін өзбек мигранттары құқын заңдастыру мәселесін ғана көтерді деп отыр. Себебі көрші елдің ендігі көздегені қазақ нарығы екені белгілі болып қалды. Бүгін еңбек нарығына көз тіксе, ертең мамандарына ауыз салатыны нарық заңы.
Өткен жылдан бастап  ірі қалаларда тек қара базарлар емес, ірі сауда нүктелерінде Өзбекстанда жасалған киім-кешек түрлері пайда бола бастады. Сұраныс деңгейі де жоғары. Экономист Мырзакелді Кемел бізге берген сұхбатында көрші елге деген миграциялық саясатымызды қайта түзейтін кез келді деген ойға басымдық береді. Себебі өзбек нарығы ояна бастады. Мақта-мата өнімдерінен бұйымдар дайындайтын 728 кәсіпорын "Өзбекстанда жасалған" белгісімен өнімдерін әлемнің 50 еліне экспорттай бастағанын өзбек басылымдарының бәрі жарыса жазып жатыр. "Өзбекстан жеңіл индустриясындағы өзгерістердің мультипликативтік әсері қандай болмақ" деген сұраққа қазір ең мықты сарапшының өзі жауап бере алмайды.  "Ұлыбритания, Германия, Швейцария, Сингапур, Оңтүстік Корея, Үндістан мен Түркия сияқты елдер өзбектердің жеңіл өнеркәсіп саласына инвестиция салып үлгіргенін айтты. Өзбекстанда жеңіл өнеркәсіптің ІЖӨ-дегі үлесі 2,7 пайызға, тауар көлемі 15 пайызға артыпты. 2019 жылы құны 918 млн АҚШ долларына бағаланған 77 ірі жоба жүзеге жүзеге асады деп отыр", – дейді Мырзакелді Кемел.
Одан әрі Мырзакелді Кемел 2018 жылы Mir24.tv телеарнасы Өзбекстанның аяқ киім және теріден жасалған бұйымдарын, киім түрлерін Түркия, Италия, Ұлыбританияға экспортқа шығару және Орталық Азиядағы ең ірі теріні тереңдетіп қайта өңдейтін орталық-хабқа айналдыру ниеті барын, Өзбекстанның Ресеймен арадағы экспорты 2016-2018 жылдары 20 есеге дейін өсіп, 3 млрд АҚШ долларына дейін жеткеніне тоқталды. 
"Өзбекстанмен шекаралас Түркістан облысы – Қазақстанда демографиялық өсім беріп отырған өлке. Облыстың Мақтаарал, Сарыағаш  және Келес аудандары КСРО кезінен Өзбекстанмен ауылы аралас, қойы қоралас болып араласып кеткен. КСРО кезінде Сарығаш ауданының тұрғындары Ташкентте түрлі кәсіпорындарда жұмыс істеп келді. Алдағы уақытта өзбек кәсіпорындары тарапынан қазақ мамандарына сұраныс болып жатса, бұл мәселені вахталық әдіспен де шеуге болады. Сол себепті өзбек жеріндегі қазақ мигранттары мәселесін осы бастан ойластыра беру керек", – дейді  Мырзакелді Кемел. 

Экономист-сарапшылардың пікіріне сүйенетін болсақ, соңғы жылдарда Өзбекстан Орталық Азиядағы экономикалық белсенді аймаққа айналып келеді. Осы тұрғыда алғанда ішкі және сыртқы саясатын белсенді жетілдіріп келе жатқан мемлекет алыс-жақын аймақтармен барынша экономикалық байланыстарын нығайтуға талпыныс білдіруде. Кезінде Оңтүстік Корея, Тайвань, Вьетнам, Малайзия, Сингапур, Қытай сияқты елдердің экономикасының дамуына техникалық сауатты, белсенді әрі білімді мамандардың қаншалықты ықпал еткенін ескеретін болсақ, дәл қазіргі жағдайда Өзбекстанда осы үдеден шығатын әрі аз ғана еңбекақыға жұмыс істеуге дайын жұмыс қоры бар екендігін айтады мамандар.

HeadHunter компаниясы мәліметтері бойынша, өткен жылы Өзбекстанда шикізат өндіру саласында жұмысшы мамандықтарға үлкен сұраныс туған. Сонымен қатар топ-менеджерлер, қауіпсіздік саласы, консалтинг, туризм, мейрамханалар желісі мен медицина саласына сұраныс жоғары.  

"Анкор" рекрутингтік агенттігі мәліметтеріне зер салсақ, Өзбекстан қазіргі кезде дамуға бағыт ұстанған мемлекет. Сондықтанда бұл елде кәсіби мамандарға деген сұраныс жоғары. Қазіргі кезде Өзбекстанға көптеген шетелдік компания келе бастады. Әсіресе, сауатты менеджерлерге мұқтаж. Өзбекстанға Орталық Азия аймағынан осы өңірдің жай-күйін түсінетін, нарықты дұрыс бағамдай алатын мамандар керек. Мұндай жағдайда Қазақстан көршілес ел ретінде өзінің білікті, кәсіби меденжментін ұсына алады. Яғни, алдағы жылдарда Өзбекстанның және де бұл елдегі шетелдік компаниялар тарапынан да жоғары деңгейдегі қазақстандық мамандарға сұранысы арта түсетіні анық.

Өзбекстанның жұмыспен қамту және еңбекті қорғау республикалық орталығы жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, халықтың еңбекке жарамды бөлігінің 9 пайызы ғана жұмыссыз болып табылады. Ал еңбекке тартылғандардың саны 13 292 100 адамды құрап, салыстырмалы кезеңмен алғанда 0,5 пайызға артқан. Мұны еңбек ведомствосындағылар ауылшаруашылығындағы жұмыстардың ұлғаюымен түсіндіреді. Өткен жылы науқандық жұмыстарға сұраныс 22,8 пайыз артқан.

Саясаттанушы Дос Көшім бүгінде қазақстандықтардың Өзбекстанға баруы ол елдегі жақсы бастамалармен байланысты екендігін айтады. Яғни, серпіліс, алға жылжушылық бар. Бүгінде қазақстандықтардың шетелдерде мысалы, Корея сияқты елдерде табыс табуы қалыпты жағдайға айналған. Ал олардың құқықтық мәселесі сол елдің ішкі тәртібімен байланысты болып келеді.

Соңғы он жылдықта Орталық Азия республикалары мен Ресейде Еуразиялық миграция үдерістері барынша алға жылжып келеді. Ал миграциялық мәселелерді жолға қою халықаралық деңгейдегі келісімдер негізінде реттелгенімен де саладағы тұрақсыздыққа тұрлау болмай отыр. Мамандар мигранттардың басына қауіп-қатер төнген жағдайда мемлекеттік қадамдармен қатар замануи миграцияның теориялық-әдістемелік мәселелерін игеру және де қоғаммен тығыз байланыста болу мәселесін алға тартады.

Бүгінде Орталық Ази елдеріндегі жұмыс күшінің алмасуы қалыпты жағдайға айналған.

Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты бас ғылыми қызметкері Ирина Черных Қазақстандағы мигранттардың әлеуметтік интеграциясы көмекке мұқтаж топтарға бағытталғандығын айтады. Мигранттар қандай бір қабылдаушы мемлекеттің дамуына ықпал етеді. Сондықтан да интеграция моделін ұстанушы елдерде қауіпсіздік пен тұрақтылық, адам капиталының дамуы тұрақты белең алып отыруы шарт. Қазақстанның 2017-2021 жылдарға арналған миграциялық саясаты азаматтардың қолайлы орналасуы мен этникалық және еңбек миграциясын басқаруға негізделген. Олай болса, ел ішіндегі азаматтардың қауіпсіздігі қаншалықты жүзеге асатын болса, бұл тәжірибе еңбек күшін қабылдаушы елдерде де қалыпты жағдай ретінде қабылданатыны сөзсіз. Осы орайда миграциялық үдерістерді жетілдіруде үкіметке қоғамдық ұйымдардың қолдауы ауадай қажет. Бұл мәселеде мигранттардың кәсіподақтары маңызды рөлге ие. Ал қабылдаушы тарап еңбек мигрантын адами тұрғыдан бағалап, оның ел дамуына қосатын үлесін бағамдайтын болса, әрі мигранттың дайын әрі оқытылған жұмыс күші ретінде келгенін ескеру кез келген мемлекеттің миграциялық саясатының құрамдас бөлігіне айналуы шарт.   

Елмира Бірімтай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу