Қазақстан VS Өзбекстан: Экономикалық бәйгеде кімнің бәсі биік

Сарапшы жүрдек пойыз жобасы Өзбекстан экономикасына пайдасынан зияны көп екенін айтты.   

Қазақстан VS Өзбекстан: Экономикалық бәйгеде кімнің бәсі биік

Бокстағы қазақ-өзбек текетіресі біртіндеп экономикаға да ойыса  бастағандай. Кеше ғана жабық саясаттың салдарынан жұмыссыз халқын тарыдай шашыратып алған ала шапанды ағайын EXPO өткізбей-ақ сағатына 300 шақырымды еңсеретін пойыз өндірісін  жолға қойғаны бір жағынан "бәрекелді" дегізсе, бір жағынан "қалайша" деген сұрақ туындатады. Біздің менеджерлер аспалы теміржол құрылысын құрдымға жіберіп жатқанда, өзбектер дәл сондай жобаны 3 есе арзанға орнатыпты деген ақпарат тарады өткенде. Біз Ресейдің "АвтоВаз" акционерлік қоғамымен бірлесіп жылына 120 мың көлік құрастыратын зауыт сала алмай жүргенде, олар 300 мың көлік шығаратын тұтас өндіріс желісінің жемісін көріп отыр. Қалайша? Осы сұрақты сарапшыларға қойған едік.

Мақсат Сералы, экономист: "Өзбекстан бізден әлі де озады"

Экономист Мақсат Сералының айтуынша, ресми Ташкент өзінің осы күнге дейін интеграцияға түспей келгенін қазір ұтымды пайдаланып отыр.

"Елдегі басшылар нарықтық экономика мен фундаменталды даму жүйесін асықпай зерттеді. Қазақстан, Қырғызстан сияқты көршілерінің тәжірибесін салыстырды.  Ең тиімді жұмыс істеп кеткен механизмдерді іріктеді. Өздерінің потенциалына обьективті түрде баға бере алды. Негізгі сала ауыл шаруашылығы болу керек деп дұрыс таңдау жасай білді. Қазақстан тоқсаныншы жылдардың басында бірден ашық саясат ұстанды да, бәрін жүре келе үйренді.  Яғни Қазақстан көбінде өз қателіктерінен сабақ алса, Өзбекстан ТМД елдерінің қателіктерінен сабақ ала отырып жылжуда. Сондықтан Өзбекстан бізден әлі де озады. Өйткені бұл жақта қарапайым базалық бизнес-экономикалық жүйе дамымаған. Ал Қазақстанда ондай жүйе дамып кеткен. 21-ғасырда Өзбекстан үшін даму, алға жылжу оңай болады.  Егер тоқсаныншы жылдары бізбен бірге бастаған болса, мұндай даму көрсете алмас еді", – дейді сарапшы.

Экономист шағын және орта бизнесті салықтан босату ауылдардың тұрмысын тіктейтінін айтады.

"Бұларда келесі кезең туындайды. Жаңа технологиялар мен озық техникаларды қолдану кезеңі Өзбекстанның дамуын тежейді. Экономикалық заңдылық солай. Өйткені техниканы меңгерген, технологиямен жұмыс істей алатын кадр аз. Тіпті өсімдік шаруашылығы жолға қойылған десек те, жоғары өнімділікке негізделген озық технологиялар әлі кіре қойған жоқ. Технологиялық түрленуге 3-4 жыл уақыт жоғалтады. Өзбекстан экономикасын экспорттық мемлекет ретінде құрып жатыр. Бұл жерде Қазақстаннан тағы бір артықшылығы пайда болады. Өйткені Өзбекстанда дақылдар ерте піседі.  Өнім көлемі де көп. Ауыл шаруашылығының ауқымы жағынан қазірдің өзінде бізден басым тұр", – дейді Мақсат Сералы.

Технологияны жерсіндіру тәсілі

Сарапшы қазақ топырағына жерсінбеген технологиялық жетістіктер өзбек жерінде жылдам жеміс беруінің себебін де түсіндірді.

"Кореялықтар кезінде бізге де келген. Алматыда Daewoo маркалы көлік зауытын құру бойынша инвестиция ұсынған. Виктор Храпуновтың кезі болатын. Бізге шетелдік инвесторлар неше түрлі жобаларымен келіп жатады.  Бірақ олар біздегі жемқорлардың аранын түсінбейді.  Мысалы "ортақ жоба құрайық, оған бір миллиард доллар саламыз" деген ұсыныс айтылды дейік. Біздің атқамінерлер  соның 10-20 %-ін сұрайды. Шетелдіктер үшін мұндай жүйе түсініксіз.  "Біз сенің экономикаңа ақша салып, жұмыс орнын ашады екенбіз. Дайын өнім шығарып  береді екенбіз. Сонда бізден не үшін ақша сұрайсың", - деген сұрақ туындайды. Осыдан барып инвесторлар тұрақтамайды", - дейді ол.

Ал Өзбекстан ше?

"Өзбекстан инвесторларға жақсы климат жасай алды.  Президенті өзі кепіл болып отыр.  "Мен саған жер берем, қажетті электр мен суыңды, өзге де инфрақұрылымыңды тартып береміз. Сен тек өз технологияңды алып кел де, дайын өнім жаса. Арзан жұмыс күші бар. Керек мамандықтарды оқытатын бол" деген шарт қойып отыр. Бізде де инвесорларға қолайлы орта туғызу мақсатында түрлі әкімшілік шаралар қабылданып жатады. Солар үшін заңнаманы да бірнеше рет өзгертті.  Соған қарамастан инвесторлар бізге келуден қорқады. Бизнесімді тартып ала ма деген үрей бар. Шетелдік инвесторлардың бәрі мемлекеттік гарант сұрайды.  Мемлекеттік кепілдеме осы уақытқа дейін бізде де беріліп келген. Қазір берілмейді. Инфрақұрылымдық шығындарды өтеп беру сияқты механизмдеріміз жұмыс істеп жатқан жоқ.  40 пайыздық өтемнің жолында сиырқұймышақ әрекеттер өте көп. Инвесторлар үшін ең маңызды дүние қарапайым ғана қауіпсіздік.  Соның өзін жеткілікті қамтамасыз етіп отырған жоқпыз. Кез келген инвестормен сөйлессеңіз осыны айтады".

Мақсат Сералының ойынша:

– Біріншіден, шетелдік компаниялар Қазақстанға салған инвестицияның толық қайтатынына және оның қауіпсіздігіне сенбейді.

– Екіншіден, жұмыс күші қымбат.

– Үшіншіден, инфрақұрылым түзіп, технология енгізу қымбат.

– Төртіншіден, халықтың саны 18-19 млн ғана болуы экономикалық тұрғыда перспективасыз.  Бізге келетін инвесторлар шығарған өнімін Ресей мен Қытайдың біріне экспорттау үшін ғана келеді.

– Бесіншіден, Қазақстандағы банк жүйесіне инвесторлар тарапынан сенім жоқ.

– Алтыншыдан, инвесторларды қолдауға бағытталған жобалардың сәтті мысалы жоқ. Мысалы, Өзбекстан инвесторларға Daewoo жобасын мысал ретінде көрсете алады. Ал  Қазақстан мұнай саласына, жалпы шикізат саласына инвестиция құюға ғана қолайлы.

"Өзбекстан әлі Қытайды асырайды"

"Өзбекстанның соңғы кездегі жетістіктерін мына себептермен түсіндіруге болады. Жемқорлық аз. Демографиялық потенциалы бізден екі есе  жоғары. Климаты қолайлы және мемлекеттік кепілдемесі сенімді. Ел Үкіметінің тиімді жұмысы көрініп тұр. Ең бастысы Өзбекстан халықаралық аренада бізге қарағанда репутациясын жоғалтпаған.  Өзбекстан Орталық Азия мен Қытайды тамақтандыратын локомотивке айналады.  Осы мақсатқа сәтті келе жатыр.  Қытайлар да қазір басымдықты сол жаққа бұрып, жылыжайларды қаптатып жатыр.  Орталық Азиядағы тамақ өнеркәсібінің үздігі келешекте Өзбекстан болатыны сөзсіз.  Тіпті ет экспортында да бізді озып кетуі мүмкін.  Өйткені кез келген технология Өзбекстанда бізге қарағанда оңай енеді. Тек астық экспортында Қазақстанмен таласа алмайды. Осылай кете берсе, мал саны да біздегіден көп болады", – дейді Мақсат Сералы. 

Сапарбай Жобаев, экономист: "Арадағы алшақтық ұлғайып барады"

1989-2005 жылдары Өзбекстанның қаржы министрлігінде басшылық қызмет  атқарған экономист Сапарбай Жобаев жемқорлық дейтін жегі құрт бұл елдің де діңкесін құртып тұрғанын айтты.  

"Әрине, кез келген мемлекет сияқты Өзбекстан да шетелдік озық тәжірибелерді ұтымды пайдаланып, экономикалық дамуды тездетпекші. Бірақ 28 жыл бойы қалыптасқан сыбайлас жемқорлық, парақорлық еркін экономикалық саясат жүргізуге кедергі болып тұр. Сондықтан Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы экономикалық бәйге Тәшкенттің пайдасына шешілуі екіталай. Мен  екі елді салыстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Себебі екі елдегі экономикалық саясат екі бөлек", – деді ол.

Пайдасы жоқ PR-жоба

Сарапшы біз аузымыздың суы құрып айтатын жүрдек пойыз жобасының  Өзбекстан экономикасына пайдасынан зияны көп деген пайым айтады.

"Рас, Өзбекстан билігі егемендік жылдары кейбір маңызды жобаларды жүзеге асырды. Мысалы, Фергана аңғарындағы Асака қаласында заманауи автомобиль зауытын құрды.  Жылына 200 мың көлік шығарады. Біз әлі 40-45 мыңдық межені еңсерген жоқпыз. Испанияның "Тальго" компаниясымен бірге Ташкент  пен  Самарқант арсына 330 шақырымдық темір жолды 1,5 сағатта жүретін "Афросиеб" жүрдек пойызын жолға қоя алды.  Шындығында келгенде бұл сияқты PR-жобалар ел экономикасына оң әсер ету орнына үлкен шығындар жасауға мәжбүрледі. Қауіпсіздік деңгейін ескерсек, біздегі "Тұлпар Тальго" пойыздарының жылдамдығы бізге әзір жеткілікті.  Ал сағатына 300 шақырым жүру үшін  жолдың екі қапталын тұтас қоршау керек. Ұланғайыр қазақ даласына ондай қоршау жүргізудің өзі бірталай шығын" – дейді сарапшы.

Түріктер неге тастап шықты?

Өзбекстанда конвертация (ақша айырбастау) еркіндігі аз. 2017 қыркүйекте Президент шешімі шыққан  болатын. Бірақ әлі ол шешім толық жұмыс істеп кеткен жоқ.  Елдің инвестициялық саясатының маңызды проблемасы ұлттық валюта – сумның айырбастау еркіндігі шектеулі. Соның салдарынан шетелдік инвесторлар пайданың бір бөлігін дивидент түрінде өз еліне шығара алмайды. Осындай жағдайға байланысты кезінде, 1999-2005 жылдары, барлық түрік инвесторлары елден кетті. Өзбекстан Үкіметімен соттасу ешқандай нәтиже бермейді. Себебі Өзбекстан шетелдік инвесторлар мен азаматтардың меншігін сақтауға кепілдік беру туралы бірде-бір мемлекетаралық шартқа қол қойған емес.

 "Өзбекстан да Еуразия одағына кіруге ниетті"

Оның пікірінше, Өзбекстан да түбі экономикасын Ресеймен интеграциялап тынады.

"Ресеймен өндірістік байланысымыздың тістесіп жатуы негізінен дұрыс саясат. Себебі Совет одағы  кезіндегі байланыстарды жалғастыру арқылы ғана экономикамыздың тұрақты дамып, әртараптануына қол жеткіземіз. Мұнай, металлургия, энергетика сияқты салалардың барлығы бізде Ресеймен байланысты. Біздегі өңделген дайын өнімдердің де көп бөлігі ЕАЭО елдеріне экспортталып жатыр.

Ресей Сенатының төрағасы В.Матвиенко ханым осы жақында Өзбекстанға барып, келіссөз жүргізді.  Сол кезде олардың да Еуразия экономикалық одағына кіру мүмкіндігі талқыланды. Ол туралы БАҚ-та жарияланды. Өзбекстан бұдан ұтады. Өйткені өзбекстандық 2-3 млн жастар сонда жұмыс істеп жүр.  Ең әуелі солардың жұмыс істеуі, келіп-кетуі жеңілдейді. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде шығарылған өнімдер Өзбекстанға кедендік баж салығынсыз кіреді. Яғни қарапайым халық  үшін импорттық заттың біраз бөлігі арзандауы мүмкін.

Өзбекстанның автоөндірісі де Ресеймен тығыз байланысты. Себебі осыған дейін Өзбекстан Ресей нарығына жыл сайын 150-200 мың дана көлік шығаратын.  2-3 жыл бұрын Ресей ол сауданы жауып,   Өзбекстанның көлік өндірісі 1,5-2 есеге төмендеп кетті. Қазір олар  "Ravon" деген автокөлік шығарып, экспортқа ұсынып отыр.  Оның экспорттық бағасы Өзбекстанның өз ішіндегі бағадан арзан.  Мұны да сол өзіне тиімсіз PR-жоба деп айтуға болады".

"Туризм деп тыраштана беруге болмайды"

Экономистің айтуынша, былтыр Қазақстанға 5 млн турист келсе, Өзбекстанға 3 млн турист барған.

"Екі ел де туризмді дамытудың тетіктерін барынша жолға қойып жатыр. Бірақ біз қандай аймақта жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Табиғи орналасуымызды ескерсек, көзсіз тыраштануға болмайды.  Мысалы, қысқы спортты дамытамыз деген мақсатпен еуропалықтарға арнап шаңғы базасын салу ақылға қонбайтын жоба. Еуропаның өзінде Шымбұлақтай орындар өте көп.  Іргесінде баламасы тұрғанда 5-6 мың шақырым жердегі бізге келеді деу қиялилау әңгіме.  Бізге одан да экологиялық, табиғи, тарихи туризмді дамыту ұтымды", - дейді Сапарбай Жобаев.

Сапарбай Жубаевтың ойынша:

– Қазақстанның инвестициялық әлеуеті ТМД мемлекеттерінің ішінде ең ауқымды болып саналады.  Егемендік жылдары Қазақстан 300 млрд АҚШ долларынан артық инвестиция тартты. Индустрияландырудың келесі бесжылдығында инвестицияны жоғары технологияға негізделген өңдеу өнеркәсібіне тарту мәселесі әлі де өзекті болмақ. Ал Өзбекстанға шетел инвестициясы  соңғы 10 жылда ғана келе бастады. Көлемі – 15-20 млрд доллар ғана.

– Ташкентте құрылыс дүмпуі басталды. Олар басында  шетелдік инвесторларды тартпақ болған. Айтарлықтай ауқымды инвестиция келе қоймаған соң (Түрік, Ресей инвесторалы ғана келді) құрылысты негізінен өз бюджетінен қаржыландыруда.  Бұл жағдай жақын жылдары елді қаржылық дағдарысқа алып келуі мүмкін. 

– Қосымша құн салығын Өзбекстан 20-дан 15 пайызға түсіргелі жатыр. Ал бізде бұл салық түрі 12 пайыз көлемінде. Осыдан-ақ Өзбекстан бюджетінің жағдайы өте қиын екенін көруге болады.  Өзбекстанның бюджеті қазір біздегі бюджеттен 5 есе аз.  Сондықтан айлық аз, инвесттициялық мүмкіндіктері шектеулі.

– Екі елдің арасында адал бәсекелестік бар. Келешекте қай салада бәсеке артады дегенге келсек, екі ел де газға бай.  Газды шикізат күйінде сата бермей, өңдеу мәселесін біркелкі шешуіміз керек.  Өзбекстанның да бүгінге дейін тартқан негізгі инвестициялық жобалары негізінен табиғи ресурстарды игерумен байланысты. Бұл жобалар Қарақалпақстанда және республиканың оңтүстігінде газ кен орындарын игеруге бағытталған.

– Бүгінде Өзбекстанның халқы 33,5 млн адам болса, жалпы ішкі өнімі 50 млрд АҚШ долларына тең.  Жан басына шаққанда 1,5 мың доллар деген сөз. Ал  Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 175 млрд доллар. Жан басына шаққанда 8,5 мың доллар болады. Біздің инвестициялық әлеует оларға қарағанда әлдеқайда жоғары.  Сондықтан, экономикалық дамудың жалпы көрсеткіші бойынша екі ел арасындағы алшақтық жыл сайын ұлғайып келеді.

Сырт көз не дейді?

АҚШ-тың Heritage Foundation стратегиялық зерттеу институты түзген 2019 жылдың рейтингі бойынша екі елдің де экономикалық еркіндік көрсеткіштері кісі қуанарлықтай емес. Қазақстан 169 елдің ішінде 59-орында тұрса, Өзбекстан 140-орында. 

Қорыта айтсақ:

Әлемдегі ресми және бейресми рейтингтердегі Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы алшақтық осыған ұқсас. Бірақ Өзбекстанның "көрсеткіштер сайысында" аса белсенді емес екенін ұмытпаған жөн. Тіпті атышулы деген рейтингтердің көбінде Өзбекстан туралы мәлімет сирек кездеседі. Александр Юрин сияқты бірқатар тәуелсіз сарапшылар алдағы 10-15 жылдың ішінде Өзбекстан Қазақстанды қуып жетуі мүмкін деген батыл болжамдар айтып отыр. Халықаралық валюта қоры  болса, бұл елде жалпы ішкі өнімінің жыл сайынғы өсімі 5,6-6% көлемінде сақталатынын болжайды. Ал Қазақстанда 2018 жылды 4,1% өсіммен аяқтады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу