Мәскеу биржасының дерегінше, бағалау бойынша "Газпромның" (GAZP) ағымдағы нарықтық капитализациясы бүгінде небәрі 3 трлн 736 млрд рубльді құрайды. РФ Орталық банкінің бағамы бойынша 1 доллар 66 рубльге тең екенін ескерсе, бұл 56,6 мрлд долларға пара-пар. Салыстырсақ, мысалы, америкалық бір ғана JPMorgan Chase банкінің нарықтық капитализациясы 502 млрд доллардан асты.
Бұрынғы жылдары Газпром солтүстік көршідегі болашағынан ең көп үміт күттіретін компания болатын. 2021 жылдың қорытындысында, яғни Мәскеу Украинаға шапқыншылық жасағанға дейін "Газпром" ПАО (бұқаралық акционерлік қоғамының) нарықтық капитализациясы 8,1 трлн рубльді құрады. Бұл сол кездегі бағаммен 109,7 млрд доллар болды.
Компанияны әлі күнге басқарып келе жатқан Алексей Миллер 2008 жылғы 10 маусымда: "Газпромның капиталдануы 7–8 жыл өткен соң 1 триллион долларға жетеді" деп мәлімдеді. Нәтижесінде, ол әлемдегі аса ірі акционерлік компанияға айналатын еді. Бұл мәлімдеме жасалғанда Газпромның капитализациясы 360 млрд долларға жетіп тұрған. Сол кездің өзінде Газпром капитализациясы жөнінен жаһандағы үшінші ірі компания атанды. Оның иелігіндегі барланған шикізат қорларының жалпы көлемі 30 трлн текше метрге жетеді. Алда "Солтүстік ағын–1", "Солтүстік ағын–2" магистралды құбырлары толыққанды іске қосылып, компания бүкіл Еуропаның газ нарығын басыбайлы астына басатын еді. Демек, бұл болжам негізсіз де емес еді.
Бірақ осы мерзім таяғанда, 2014 жылы Ресей Қырымды аннексиялады, Украинаның Донбасс өңіріне басып кірді. Сөйтіп, Газпромның жобалары да қыспаққа ұшырады. Мысалы, АҚШ Президенті Дональд Трамп солтүстік ағындардың құрылысын бұғаттап тастады. Оны ауыстырған Джо Байден Германияның сол кездегі канцлері Ангела Меркельдің қиыла сұрауына көніп, алып құбырдың құрылысын аяқтап, іске қосуға рұқсатын берді. Алайда осы тарихи сәтке жақындағанда, Мәскеу Украинаға кең ауқымды басқыншылығын бастады.
Сарапшылар солтүстік ағындардың құбырлары ешқашан іске қосылмай, босқа тот басып, шіриді деп отыр. Себебі, 2022 жылғы 26 қыркүйекте "Северный поток" және "Северный поток–2" газ құбырларында апат болып, біріншісінің – 2, екіншісінің – 1 магистралді құбыры тып-типыл етіліп жойылды. Уикипедияның орысша бөлігінде бұл оқиға "Диверсия на "Северных потоках" деп аталған. Бірақ оны кімнің жарғаны әзірге беймәлім. Мәскеу бұған Украинаны, ал украиналық сарапшылар Ресейдің өзін кінәлайды.
Қалай болғанда, байлығы ұзақ жылдар бойы үздіксіз әрі үдемелі түрде ұлғайған, 2000–2008 жылдары капиталдануы ғаламат 46 есеге өскен Газпром бүгінде пұшайман күйде. Бүкіл Еуропаның нарығын ен жайлауға құлаш ұрған компанияның қолында сол майшелпек, қымбат нарықтың небәрі 7 пайыздай үлесі қалыпты. Бірақ соның өзінен түсетін табыс мардымсыз болуы мүмкін.
Кеше Еуропалық Одақ елдері ақыры ресейлік газға қатысты бағалардың шекті межесі бойынша келісімге келді. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Оның мәліметінше, РФ өз көгілдір отынын Еуропада "1 мегаватт-сағаты үшін 180 еуродан" артық бағаға сата алмайды. Бұл шектеу жаңа 2023 жылғы 15 ақпаннан бастап күшіне енеді. Бұл ретте ЕО елдері баға шектеуі биржадан тыс мәмілелерге қолданылмайды деп шешті.
Ресейлік газдан бас тартпаған, оны биржадан тыс, Ресеймен өзара келісімшарты негізінде сатып алатын еуропалық бірқатар елдер осыған табандапты. Аталған жеңілдіктен соң, қарсыласушы елдердің қатаң ұстанымы жұмсарды. Соның ішінде бұл шарттан осыған дейін басын ала қашып келген Германия да келісімін берді.
Ақпарат құралдарының дерегін алғашқы болып, Чехия Премьер-министрі Петр Фиала растады.
"Біз Чехияның Еуропалық Одаққа төрағалығының соңғы күндерінде үлкен жетістікке жеттік! Газ бағасын шеткеуге қатысты уағдаластыққа келе алдық. Осылайша, өте маңызды келісім өмірге жолдама алғалы тұр. Ол еуропалық отбасылар мен фирмаларға қолжетімді энергияны қамтамасыз етеді", – деді Фиала мырза.
Осыдан кейін шешім туралы ЕО Кеңесі де ресми жариялады.
"Егер голландық Title Transfer Facility-дегі (TTF, виртуалды сауда алаңындағы) фьючерстер 2 апта бойы аталған межеден асып кетсе, сондай-ақ TTF-тегі баға мен сұйытылған табиғи газ бағасы арасындағы айырмашылық 10 сауда күні бойы 58 еуродан асып кетсе, дәл осы құрал қолданылады", – делінген Bloomberg жариялаған хабарламада.
Атап өтетін жайт, осының алдында Еурокомиссия газ бағасына шекті межені әрбір мВт/сағат үшін 275 еуро деңгейінде бекітуді ұсынған. Бірақ Bloomberg дипломатиялық ортадағы анонимді дереккөздеріне сілтеме жасап, Еуроодақтың 12 мүше елі бұған қарсы шығып, оны одан төмендетуді талап еткенін мәлім етті. Көгілдір отынды арзандатуды Литва, Латвия, Польша, Румыния, Италия, Грекия, Хорватия, Словения, Словакия, Бельгия, Болгария және Мальта жақтады.
Нәтижесінде, қазір 180 еуро межесіне түсірілгені анықталды.
Ресейлік экономист, Энергетикалық даму қорының директоры Сергей Пикиннің түсіндіруінше, баға шектеуінің енгізілуі "Еуропаның ресейлік газға толық тыйым салып, эмбарго енгізбейтінін білдіреді". Яғни, Газпром жеткізгісі келсе, нарық ашық, бірақ төмендеу бағамен сатуы қажет. Дегенмен, бұл межені арзан деу де қиын: кеше, мәселен, Нидерландыдағы TTF газ хабында көгілдір отынның бағасы 106,8 МВт/сағатқа дейін құлдырады. Бірақ сол хабта газ биылғы 24 тамызда рекордтық 321 еуроға дейін шығандаған. Ал 23 ақпанда, соғыс қарсаңында 87 еуро ғана болды. Яғни, Еуроодақ баға белгілеуде тым өсірмей, әрі шектен тыс құлдыратпай, ортадан шығып отыр. Тиісінше, Газпром үшін бұл нарық бәрібір тиімді болып қала береді.
"Қазіргі кезде Еуропалық Одақ өзі тұтынатын барлық газының шамамен 7%-ын ғана Ресейден алып жатыр. ЕО бағытына көгілдір отын айдау көлемі бұрынғыға қарағанда шамамен он есеге құлдырады. Сондықтан газ бағасына шекті меженің енгізілуі нарыққа да, Газпром жеткізілімдеріне де елеулі ықпал етеді деп айту қиын", – деді ресейлік экономист.
Олай болса, дәл осы санкция РФ экономикасын күйретпейді, ол оккупантты жазалау үшін кезекті символдық мәндегі қадамға көбірек ұқсайды. Әрі осы арқылы ұжымдық Еуропа газ бағасын реттеуге кірісті.
Сарапшының байламынша, еуропалық бюрократтар баға шектеуін басқа жеткізушілерге де таңуға тырысады. Бүгінде Газпромнан теріс айналған Еуропалық Одақ елдері теңіз арқылы су кемелерімен тасылатын сұйытылған табиғи газға көшті. Оны негізінен АҚШ пен Катар жеткізеді. Үлкен жеткізілімдер Норвегиядан және Алжирден, ішінара Әзербайжаннан жүзеге асырылып жатыр. Олардың бәрі әу бастан Ресейге арналған баға қамытын өз мойнына шақтаудан бас тартуы мүмкін.
Қалай болғанда, саладағы күйзеліс салдарынан отын тапшылығына тап болып, жылу, электр қуатынан таршылық көрген Еуропада газ үшін күрес енді ғана басталып жатқанға ұқсайды.