Еуропалық Одақтың тоғызыншы санкциялық топтамасы тіпті түңілтті

2324

Еуропалық Одақтың соғыс басталғалы тоғыз ай толғанып, қабылдаған тоғызыншы санкциялық пакеті қатаң емес, болбыр болып шықты.

Еуропалық Одақтың тоғызыншы санкциялық топтамасы тіпті түңілтті

Батыс Мәскеуге қатысты санкциялық жазаларын сарқа бастағанға ұқсайды.

Еуроодақ Украинаға басып кіргені үшін Ресейге қарсы кезекті, 9-шы санкциялар топтамасының мәтінін ресми жариялады. Құжат өте қомақты: 692 беттен тұрады. Бірақ оның жалпы мазмұны Украинаның да, сарапшылардың да көңілінен шықпады.

Мысалы, мамандар оған "Росатомды" қосуды ұсынды, егер бұл өтініш қанағаттандырылғанда, топтаманың тиімділігі тегеурінді, соққысы біршама жойқын болатын еді.

Себебі, РФ атом энергиясы жөніндегі мемлекеттік корпорация НАТО аумағында да АЭС салуда. Түркияда Аккую (Akkuyu Nükleer Güç Santrali), ал Венгрия Пакш-2 атом станцияларының құрылысын жалғастырды.

Бұдан бөлек, Росатом Үндістанда (Куданкулам АЭС), Қытайда (Сюйдапу және Тяньвань), Беларуста (Беларус АЭС), Бангладеште (Руппур АЭС) станцияларды тұрғызып жатыр. Сонымен бірге РФ Африкаға құлаш ұрды. Тұңғыш атом станциясын Мысырда (Эль Дабаа АЭС) қолға алды. Ресейлік мемкорпорация Еуропаның санкциясына іліккенде, осы құрылыстардың бәрі тоқтауы мүмкін еді. Росатом бүгінде Қазақстанның тұңғыш атом электр станциясының құрылысын қанжығалауға таласып жатыр. Санкция оны бұл додадан да шығарып тастайтын еді.

"Росатом санкцияға ілікпеуі үшін Еуропа Мәскеуге Украинадағы Запорожье АЭС-ін босатып, оны МАГАТЭ-нің бақылауына тапсыруды ұсынған деген дерек бар. Биылғы жыл соңына дейін, алдағы аптада Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси Мәскеуге сапарлап, келіссөз жүргізеді. Бірақ Кремль қулыққа басты. Ол Запорожье АЭС-ін босатуға дайындалу орнына, оның аумағына ауыр әскери техниканы енгізіп жатыр. Салдарынан, енді келіссөздердің күн тәртібі өзгеруі мүмкін: АЭС-ті тастап шығуды емес, оның аумағынан ауыр техниканы әкетуді ғана талқылауды ұсынбақ. Себебі, станциядан кетсе, Ресей әскеріне бүкіл Запорожье облысынан кетуге тура келеді. Украина армиясын шабуылдан басқыншылардың атом станциясы аумағын жайлауы тоқтатып тұр", – деді әскери сарапшы Олег Жданов.

Ал қабылданған санкциялық пакетке қазіргі РФ Мемдумасына кірген барлық парламенттік партия: "Единая Россия", ЛДПР, "Новые люди", "Справедливая Россия–Патриоты–За правду", РФ Коммунистік партиясы санкцияға ілікті. Бұл партиялардың Еуропада мүлік иеленуіне, бөлімше ашуына, батыстық серіктестерімен ынтымақтастық жасауына тыйым салынды. Жалпы қазақстандық партияларға, Үкіметке, қоғамдық ұйымдарға ресейлік партиялармен қарым-қатынасын барынша шектегені жөн. Әйтпесе, қайталама санкцияға ілігіп қалуы мүмкін.

ЕО Ресейдің басты санкциялық органы – Роскомнадзорға қарсы санкция салды. Түсініктемеде жазылғандай, аталған ведомство "тәуелсіз БАҚ-қа қатысты мемлекеттік цензура саясатын жүргізуде, соғысқа қарсы шығушылардың үнін өшіру үшін әскери цензура енгізді, соғысты жақтаушы пропаганданы ілгерілетті".

Бұл топтама ресейлік пропагандаға да қарсы бағытталған: бұған дейін Еуропа елдерінде трансляциялануына тыйым салынған RT (Раша Тудэй) арналарына және Sputnik ақпарат агенттігіне бүгінде тағы 4 арна "Первый канал", "Россия 1", "НТВ" және "РЕН ТВ" қосылды.

Санкциялық қара тізімге кірген жеке тұлғалар арасында РФ жеті өңірінің губернаторлары, федералдық үкіметтің министрлері, Мемдума депутаттары, қоғам қайраткерлері бар. Олардың арасынан кеңестік және ресейлік кинорежиссер Никита Михалков, тележүргізушілер Марина Ким, Борис Корчевников, әнші Григорий Лепс, блогер Дмитрий Пучков ("Гоблин") және басқалары табылды.

Қара тізімге қосылған заңды тұлғаларға енді Ростех, Сухой, Туполев, Калашников, Алмаз Антей, Қазан тікұшақ зауыты, Союз, Ресей ғарыш жүйелері сияқты қорғаныс, қару өндірісі, су, әуе көліктерін жасау, ғарыш саласындағы көптеген мамандандырылған компаниялар қосылып отыр.

Еуропалық Одақ соғыс бір жылға таяғанда, РФ Қарулы күштерінің қолбасшылығына – армиясының, теңіз флотының, авиациясының, Бас штабының бас барлау басқармасының басшылығына санкция салды.

ЕО баспасөз релизінде айтылғандай, тоғызыншы топтамада сондай-ақ Еуроодақ азаматтарына Ресейдегі мемлекеттік және мемлекет бақылауындағы компанияларда басшылық лауазымдарды иеленуіне тыйым салынады. Бұған дейін "Газпром" және басқасының басшылық лауазымдары толған еуропалықтар болатын. Олардың бәріне не қызметтерінен кетуіне, не РФ азаматтығын алуына тура келеді.

Жаңа пакетте Ресейге авиациямен байланысты тауарлар мен технологияларды экспорттауға енгізілген тыйым кеңейтілген.

"Санкцияларды айналып өтуді болғызбау үшін тізімге сондай-ақ заңсыз аннексияланған Қырым мен Севастопольда орналасқан, Ресей бақылауындағы бірқатар ұйымдар енгізілді", – делінген хабарламада.

Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйеннің мәліметінше, жаңа персоналды санкциялар 200-ге жуық жеке тұлға мен ұйымға қатысты болады. Олар Украинадағы соғысқа, оккупацияланған аумақтардан мыңдаған баланы Ресейге заңсыз әкетуге, украиналық астықты ұрлауға атсалысқан көрінеді. Ескі қылмыстарға жаңалары жамалуда.

"Путин енді қысқы ызғарды қару есебінде пайдаланып, миллиондаған украиналықтарды судан, электр қуатынан және жылудан қасақана айырып жатыр. Еуропалық Одақ бұл соңғы эскалацияға және әскери қылмыстарға қатаң санкциялардың тоғызыншы топтамасы арқылы жауап берді. Біз санкцияларымызды қатыгез соғысқа септесіп отырғандарға және РФ экономикасына қарсы бағыттауды жалғастырамыз", – деп мәлімдеді ЕО сыртқы саяси қызметінің басшысы Жозеп Боррель.

Ресейлік саясаттанушы Глеб Голубковтың байламынша, топтамадан топтамаға өткен сайын ұжымдық Еуропа елдерінің Мәскеуді жазалау түрлері бойынша ортақ келісімге келуі қиындап барады. Салдарынан, санкциялық соққы да әлсірей бастады.

"Мысалы, Венгрия санкциялық тізімнен 3 ірі шенеунікті: энергетика министрі Николай Шульгинді, денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашконы және спорт министрі Олег Матыцинді алып тастауға табандады. Бұл Еуроодақтың өзге елдері өкілдерінің ашуын туғызды. "Біз осы арқылы Путин мен оның сыбайластарына сигнал берген боламыз: егер сен тіпті оның досы болсаң да, санкциядан аман құтыла аласың дегендей боламыз" деп қостамады дипломаттар. Амалы нешік, ЕО-да тек барлық мүше ел қуаттаған шешім ғана қабылданады. Будапешт бұдан бұрын Путиннің қасындағыларды қара тізімнен қорғап, Еуропа елдері арасына іріткі салған. Венгрия басшысы Виктор Орбан патриарх Кириллға санкция салынбауына қол жеткізді. Ресейлік олигархтар Әлішер Османов пен Петр Авенге қарсы санкцияны бұғаттауға тырысты. Бірнеше апта талқылаған еуропалықтар Ресей экономикасының тұтас секторларына қарсы санкцияларды бұл жолы енгізе алмады", – деді Глеб Голубков.

Мысалы, бұрын Мәскеудің жақтасы саналмаған Бельгия тосыннан ресейлік алмас өндірісіне эмбарго енгізуге қарсы шықты: Якутияда алмас өндіретін, РФ бұрынғы қорғаныс министрі С.Ивановтың ұлы басқаратын "Алроса" мемлекеттік компаниясына қарсы санкция салынбады. Себебі түсінікті: бұл санкция алмас саудасының әлемдегі аса ірі орталығы саналатын бельгиялық Антверпенге жойқын соққы береді. Ондағы алмастардың шамамен 25% Ресейден жеткізіледі. 2021 жылы РФ тек Бельгияға алмас өткізуден 1,8 млрд доллар табыс тапқан, ал 2022 жылы бұл сома 2,2 млрд доллардан асып кетті.

Саясаттанушы тоғызыншы пакетте 3 ресейлік банктің санкцияға іліккеніне назар аудартты. "Всероссийский банк развития регионов" (ВБРР) осының алдында АҚШ тарапынан шектеуге тап болды, енді Еуропада да кез келген транзакцияны жүргізе алмайды. "Московский кредитный банк" (МКБ) пен "Дальневосточный банктың" да активтері бұғатталады деп күтілуде. "Роснефтьке" қарасты ВБРР қызметіне тыйым салу арқылы Еуропа ресейлік мұнайдың кез келген елге экспортын қиындатып, РФ бюджетінің табысын төмендетуді көздеді.

Жаңа пакетте ұшақ қозғалтқыштарының, ноутбуктердің, қосарлы мақсаттағы тауарлардың, химикаттардың, уландырушы заттардың, электрониканың, оптикалық жабдықтың Ресейге экспортына шектеу енгізіледі. Себебі, оларды Кремль әскери мақсатта, бүліктерді, наразылық акіияларын басуға пайдалануы мүмкін.
Ресейге дрон, беспилотниктер, олардың құрауыштарын, технологияларын және басқасын жеткізуге рұқсат етілмейді. Бірақ Кремль Флорида мен Гонконгтегі "фирма-прокладкалар" көмегімен бұған дейін енгізілген америкалық ұқсас санкцияларды еркін айналып өтіп, соғыс дрондарына арналған жоғары технологиялық жабдықты алғызып келгені әшкереленді.

Сарапшылар осы топтама аясында кейбір ресейлік компанияларға қатысты санкция, керісінше, әлсіретілгеніне назар аудартады. Осының алдында "Уралхим" басшысы Дмитрий Мазепин компанияның тіпті "Африкаға жөнелтілген тегін гуманитарлық жүкті тасымалдауға ақы төлей алмай жатқанына" шағымданды: банктер ресейлік компанияның транзакцияларын қабылдаудан жаппай бас тартуда екен. Ал тоғызыншы топтама аясында Франция, Германия және Нидерланды сияқты державалар ресейлік тыңайтқыштар өндірушілердің ұстанымын өткізе алды: "Акрон", "Еврохим", "Фосагро", "Уралхим", "Русагро" ресейлік компанияларына қатысты санкциялық режим жұмсартылды және олардың тыңайтқыш тасымалына қатысты төлемдерін еуропалық банктер қабылдайтын болады. Бұл Африкадағы азық-түлік қауіпсіздігі үшін қажет көрінеді.

Қалай болғанда, ұжымдық Еуропаның ішінде қайшылықтар күшейген сайын Мәскеуге қарсы санкциялық қыспақ босаңси беретінге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу